Спорт

Бір алтын, жеті қола

Қазіргі кезде биялайды киіп ап, жұдырықты түйіп ап, шаршы алаңды шаңдатқан қыздарды көру жаңалық емес. Әйелдер арасындағы бокстың дамуы олимпиадалық ойындар бағдарламасына әйелдер командасы қатысуы міндеттелгеннен кейін тіпті қарқын ала түсті. Спорттың бұл түрінен ақтөбелік қыздар да республикалық деңгейдегі жарыстарды бағындыра бастады.

Жақында Қызылорда қаласында бокстан әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен 157 боксшы қатысқан ел біріншілігінде жерлестеріміз сәтті өнер көрсетті. Атап айтқанда, 60 келі салмақта сынға түскен Гүлжайна Уббиниязова 4 кездесу өткізді. Ақтық сында алматылық Наталья Тарасенконы 7:3 есебімен жеңген Гүлжайна Қазақстан чемпионы атанып, спорт шебері атағын қорғады. Ал 75 келі салмақ дәрежесінде Меңсұлу Рысова мен Әзиза Уббиниязова қол медальды иеленді. Бұл салмақтар олимпиадалық ойындар бағдарламасының ережесіне кіреді. Сондай-ақ Айзат Есенбаева, Алтынгүл Сүлейменова, Ботакөз Сенбаева, Құндыз Әбдісаттар, Анаргүл Ерболатовалар өздерінің салмақтарында қоладан алқа тақты. Осылайша Ақтөбеден барған 15 спортшының сегізі жүлдемен оралды. Мұны Ерәділ және Тұрғанбай Уббиниязовтардың, Тағаберген Қазихановтың еңбегі деп бағалауға болады.

Енді боксшы қыздар Ақмола облысында өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Жиыннан кейін Гүлжайна Түркияда болатын ірі халықаралық жарысқа аттанады. Сондай-ақ мамырда Астана қаласында Азия чемпионаты өтеді. Қыздарымыз осы чемпионатқа қатысу үшін Қазақстан құрамасына ілігу мақсатын алға қойды.

Бапкер Ерәділ Уббиниязов ел біріншілігіне қатысуға қолдау жасаған Ақтөбе бокс федерациясының президенті, Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетовке, облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетовке алғысын білдірді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button