Денсаулық

Сәбиді қалай тамақтандыру керек?

Жаңа туған сәби үшін ең пайдалы тағам —  ана сүті. Ана сүтінде  баланың дұрыс өсуіне қажетті белок, май, углевод (қант), су, минералды тұздар мен витаминдер бар. Және ана сүті сәбиді түрлі жұқпалы аурулардан сақтайды. Сиыр мен ешкі сүттерінің құрамы ана сүтіне ұқсас. Бірақ олардың ішіндегі тағамдық заттардың мөлшері ана сүтіндегіден өзгеше. Сондықтан сиыр мен ешкі сүтін бала ана сүтіндей бойына сіңіре алмайды. Демек, алғашқы екі айдың ішінде сиыр мен ешкі сүтінен жасалған түрлі қосынды тағамдар емшек сүтінің орнын баса алмайды.

Жаңа туған баланы тек ана сүтімен қоректендіру керек. Баланы әрбір емізген сайын екі емшекті кезек беру керек. Бала емген емшегінің сүтін тауысуға дағдылануы керек.

Бала ана сүтін емген кезде алғашқыда сұйық, майы азырақ, бірақ минералды тұзы молырақ сүтті сорады. Ал емген сайын сүттің құрамындағы май мен тұз азаяды. Сондықтан бала емшекті тауысып емуі керек.  Бала емшек сүтін еміп тауыса алмаса, онда қалған сүтті сауып тастаған дұрыс. Бұл келесі емізгенше емшекке сүттің көбірек жиналуына себеп болады.

Емшекті сауғанның тағы бір пайдасы бар. Өйткені сауған сүтті таза шыныға сақтап қойып, анасы жұмыста жүрген кезде балаға ішкізуге болады.

Балаға емшек сүті жеткілікті болу үшін ананың ішіп, жейтін  тамағы, істейтін жұмысы және тынығу тәртібі дұрыс ұйымдастырылуы керек.

Емшек жасындағы баланы қолдан тамақтандыру керек болса, алдымен дәрігермен кеңескен жөн. Дәрігер баланың жасына, жалпы өсіп жетілуіне және денсаулығына қарай қандай асты қалай және қанша беру тәртібін айтып береді.

Дәрігердің айтуымен алты айлығынан бастап емшек сүтіне қоса балаға езілген көкөніс езбесі (пюре), арпа, күріш және қара жармадан жасалған  ботқаны беруге болады.

Езбе  жасау үшін көкөністі  жуып, тазартқаннан кейін 10-15 минут қайнатады. Одан артық қайнатуға болмайды, өйткені ұзақ қайнаған кезде дәрумендер жойылып кетеді. Қайнап піскен көкөністі  майдалап езіп, сол күйінде балаға жегізуге болады. Егер езінді құрғақтау болса, оған бір-екі қасықтай қайнаған су қосады.

Езбені  алғаш берген кезде байқап жегізу керек. Кейде ол  баланың ішін өткізуі мүмкін. Егер баланың асқазаны бұзылмаса, біраз уақыт өткеннен кейін  мөлшерін бір стаканға дейін көбейтуге болады. Картоптан жасалған езбе балаға сіңімді келеді. Үш-төрт айдан кейін картоп езбесінің  жартысын басқа көкөністен жасалған езбеге қосып беруге болады.

Қосымша тағамның бірі — ботқа. Бір стақан ботқаны әзірлеу үшін стақанның төрт бөлігінің біріндей қайнаған суға екі шай қасық күріш, арпа жармасы, т.б. салынады. Бұған аздап  тұз қосылады. Бәрін араластырғаннан кейін жарма піскенше қайнатады. Бұдан кейін жарты стақан сүт, екі шай қасық қант араластырып,тағы да бес минуттей қайнатады. Ботқаның күйіп кетпеуін  бақылап отыру қажет.  Ботқаға сүт қосылғаннан кейін бес минуттан артық қайнатылса, сүттің ішіндегі витамині бұзылып кетеді. Сондықтан сүтті ботқа әбден пісті деген кезде құйған жөн. Сегіз айдан асқан балаға берілетін ботқа қоюырақ жасалуы керек. Ол үшін бір стақан сүтке үш-төрт қасық жарма қосып пісіреді. Бала тамаққа үйреніп, өзіне тиісті мөлшерленген ботқаны сіңіретін болса, оған шикі көкөністердің, жемістердің шырынын бере бастаған жөн.

Жеміс шырынын балаға тамақ алдында немесе соңынан ішкізеді. Кейде шырынды ботқаға қосып береді.

Екі жасқа толған баланы емшектен айыруға болады. Емшектен шыққан баланың тамағы құнарлы және әртүрлі болғаны жөн. Қант қосқан  ірімшік, қаймақ беру керек. Езбеге  қосып жетісіне 1-2 рет тауықтың жұмыртқасын да беруге  болады.

Тағы бір ескеретін нәрсе, баланы емшектен шілде айында шығармау керек. Емізуді  бірден тоқтату баланың денсаулығына зиян. Сондықтан баланы аз-аздан тамаққа үйретіп, күз не қыс айларында емшектен айыруға болады. Сонда ғана бала жүдеп-жадамайды, асқазаны асты қабылдап, сініруге дағдыланып қалады. Баланы емшектен шығаруға дайындықтың мәні, міне, осында.

А. АЛТАЕВА,

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы дәрігерлік практика интернатурасының  және жоғары оқу орнынан кейінгі  қосымша білім беру кафедрасының ассистенті,

жоғары категориялы бала дәрігері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button