Денсаулық

Қан қысымы көтерілмесін…

Қазіргі уақытта ең көп тараған сырқаттың бірі — қан тамырының қысымы. Елімізде әр оныншы адам осы аурумен ауырады. Ауруға шалдыққан адамның уақыт өте келе  жүрек пен қан тамырлары зақымданады. Дер кезінде ем қолданбаса, жүректің жансыздануына (инфаркт) немесе жүрек қыспасына (стенокардияға) әкеліп соқтырады. Жүректің бұлшық еттерін әлсіретеді, оның жұмысын тежейді. Арты миға қан құйылуға, соқырлыққа, бауырдың нашарлауына ұласады.

«Гипертония» термині қан қысымының көтерілуін белгілеу үшін қолданылады. Қан тамыры қысымының жоғарылауы қан тамырының немесе оның ұсақ тармақтарының тарылуынан басталады. Кейбір адамдарда ұсақ қан тармақтары жиі тарылады. Әуелі қан тармақтарының жиырылуынан, кейін тамыр қабырғаларының қалыңдауынан ұдайы тарылады. Осыған байланысты, қан айналымы кезінде жүректің жұмысы күшейеді де, тамыр арнасына қан көптеп шығарылады. Мұндай жағдайға тап болған адамдарда, әдеттегідей, қан тамырының қысымы жоғарылайды.

Өте сирек жағдайда, яғни он адамның біреуінде қан тамыры қысымының жоғарылауы бір органның зақымдануынан болады. Мұны қан қысымының қайталануы деп түсінген жөн. Алайда, көптеген жағдайда, сырқаттардың 90 пайызы мөлшерінде қан қысымы бірінші рет басталады, оны эссенциялдық (мәнді) қан қысымының жоғарылауы деп айтады. Қан қысымы жоғарылауының себебі толық анықталмаған.  Сондықтан емделмеген адамның өміріне қауіп төнеді. Қан қысымы асқынуының жиі кездесетін басты себептері — ми, жүрек және бүйрек сияқты өмірлік маңызды органдардың зақымдануына байланысты. Қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120/80 болуы керек. Егер тонометр тілі 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көрсететін болса, бұлар қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы болып табылады. Әсіресе, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады.

Елімізде адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде осы қан қысымы бірінші орынды алады, екінші орында — ауыр дене жарақаттары, соңғысы — қатерлі ісік аурулары болып отыр. Жүйкеге көп салмақ түсетін қызмет түріне жататын құқық қорғау органдарының қызметкерлері, басшы лауазымдағылар, сондай-ақ далалық жерлерде, күн көзінде, түнгі кезекте жұмыс істейтіндер бұл ауруға көбірек ұшырайтындықтан, олардың мейлінше сақтанып, өздерін күтіп жүргендері абзал. Дәрігер ретінде айтарым, гипертония ауруына ұшыраған науқас міндетті түрде айына бір рет, ал өзгелер жылына бір рет терапевт, невропатолог-дәрігерлерге қаралып, тексеруден өтіп тұруы қажет.

Тағы бір ескере кететін жайт, мұндай дерті бар адамдар күн ыстық кезде жоғары температурадағы моншаға түсулеріне, спиртті ішімдік ішулеріне мүлдем болмайды.

Гипертонияның алдын алу үшін не істеу керек?

Артық салмақпен күресіңіз. Тұзды қолдануды азайтыңыз. Еңбектену және демалу тәртібін сақтаңыз. Дене шынықтыру белсенділігін арттырыңыз. Темекі шегуден бас тартыңыз. Алкоголь ішімдіктерін қолдануды азайтыңыз. Жемістер мен көкөністерді көбірек жеңіз.

Айжан БАЙМЕНОВА,

дәрігер-терапевт.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button