ЭкономикаӘлеумет

Ауылдағы кәсіпкерліктің ахуалы қандай?

Кәсіпкерлік

 «Кәсіпкерлікті, әсіресе, шағын және ор­та бизнесті дамыту — «Қазақстан — 2050» Стра­те­гиясының ең басты міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлердің жұмысына қажетті жағ­дайды ұдайы жақсартып отыру әрқашан да мемлекеттің басты назарында болады. Бұл — Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жо­лын­дағы тағы бір маңызды қадам. Осы шара және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен қаражат бөлу экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, барша қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы­на серпін береді деп сенемін».

ҚР Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Мамандар «Бизнес кеңесші», «Бастау бизнес» бағдарламаларының игілігін түсіндірді

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Темір ауданында 1784 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ал жыл басталғалы шағын және орта бизнес саласы бойынша өндірілген өнім көлемі — 1756 миллион теңге. Бұл, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 6,8 пайызға көп. Дей тұрғанмен, ауылдағы іскер азаматтарды толғандыратын мәселелер де бар…

Облыстық кәсіпкерлер палатасы:

Кәсіпкерлерді қорғаймыз һәм қолдаймыз

Жоғарыда аталған мәселелер және атқарылған жұмыстардың нәтижесі, сондай-ақ, алға қойған жоспарлар ұлттық кәсіпкерлер палатасының Темір аудандық филиалының биылғы 8 айды қорытындылаған жиынында жан-жақты айтылды. Оған Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов, Темір ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев, сала мамандары, кәсіпкерлер мен журналистер қатысты.

— Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында халыққа арнаған кезекті Жолдауында бизнес ортаны жақсартуға қатысты бәрімізге үлкен тапсырмалар берген болатын. Бүгінгі таңда сол бағыт бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Мақсат — 2050 жылға дейін шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы жұмыстар бойынша біздің ауданда да бірталай шаралар қолға алынуда. Несие беру, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін Үкіметтің ұйытқы болуымен ашылған біраз бағдарламалар бар. Бұған мысал ретінде «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық» сияқты бағдарламаларды келтіруге болады. «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен де бірқатар темірлік кәсіпкер несие алып, бизнес-семинарларға қатысты, бұл саладағы таным-түсінігін арттырды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасып жатыр, — деп атап өтті Асқар Жүсібалиев.

Ал Нұрлыбек Мұқанов мұндай кездесуді өткізу дәстүрге айналғанын, кәсіпкерлердің құқығын қорғау қашанда күн тәртібінен түспейтінін тілге тиек етті:

Осыдан төрт жыл бұрын ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз жұмысын бастап еді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жұмыстарын түсіндіру, түрлі проблемалық сұрақтарды шешу жолдарын табу — палатаның басты міндеті.

Қазіргі таңда кәсіпкерлерді қорғау — облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметтерінің ең айрықша бөлігі. Бізге келіп түсетін кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқығын қорғау жөніндегі өтініштер санының жыл сайын көбейе түсуі — осының бірден-бір айғағы. Мәселен, биыл бизнесті қорғау желісі бойынша 195 өтініш түсті. Оларды жіктеп қарасақ, жер және құрылыс бойынша, салықтық қатынас және сатып алу бойынша екен. Нәтижесінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы 8 айдың ішінде 26 кәсіпкердің мүліктік құқығын 798,7 миллион теңгеге қорғады. Сондай-ақ, облыстық прокуратураның кәсіпкерлердің құқығын қорғау штабында кәсіпкерлердің өтініштерін қарау кезінде 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 1 лауазымды тұлғаға әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Мұнымен бірге, жыл басталғалы кәсіпкерлер мен кәсібін бастаймын деушілерге 9143 рет кеңес берілді. Ал бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа бағдарлама шеңберінде «Бастау бизнес» жобасы аясында 694 ауыл тұрғыны оқытылды. Олар — Мұғалжар, Ойыл, Ырғыз, Мәртөк, Темір және Шалқар аудандарының азаматтары, — деді ол.

Аталған курсқа негізінен жұмыссыздар мен өзін-өзі еңбекпен қамтығандар тартылды. Ұйымдастырушылар сол арқылы өз ісін ашқысы келетіндерге теориялық тұрғыда көмек көрсеткісі келген. Оқу барысында тыңдаушылар 12 модуль бойынша оқып, артынша әрқайсысына бизнес-жоспар жасалған. Салық салу, қаржылық сауаттылық, бизнес-жоспар, мемлекеттік қолдау және заңдық аспектілері бойынша білім көкжиегін кеңейтетін жобаның 5-ші кезеңі өтіп жатыр. Осы орайда, соңғы мәліметтерге қарағанда, 130 бизнес-жоспар қорғалып, мемлекеттік бағдарлама бойынша несиелер берілгенін айта кеткеніміз абзал.

Өз кезегінде «Бизнес кеңесші» оқыту бағдарламасына 1403 адам атсалысып, соңында олар сертификатқа ие болған. Ал өңірлерді дамыту картасы мен жобаларды қолдау аясындағы жұмыстар бұл күндері өзінің жалғасын тауып жатыр.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, Ақтөбеде 50 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Темір аудандық филиалының директоры Айдос Мырзағалидың айтуынша, әртүрлі деңгейде қолдау сұрап келушілердің қарасы қалың. Мәселен, филиал кеңесшілері жыл басталғалы аудан бойынша 960 адамға кәсіби кеңес берген. Оның көпшілігі бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, статистикалық есеп тапсыру, мемлекеттік сатып алу және ақпараттық технологиялар бойынша қызметтер көрсетуге қатысты екен. Заңды тұрғыда құқығының қорғалуын сұрап келетіндер де аз емес көрінеді.

Сонымен қатар, «Бизнес кеңесші» жобасы аясында екі күндік оқу-семинар өткізіліп, 33 бизнеске қатысты тәжірибесін молайтты. Соның арқасында 3 кәсіпкер 5500000 теңгеге несие алып, шаруасын дөңгелентіп отыр.

—  Осы жылдың қаңтар айынан бері аудан бойынша «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының 4-бағыты бойынша, яғни шағын және орта бизнес субъектілерін қаржылай емес қолдау бағыты бойынша, оның ішінде бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізу және статистикалық есептіліктерді қалыптастыру қызметі бойынша жалпы 306, соның ішінде Темір қаласы бойынша 167 сервистік қызмет көрсетілді.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы бойынша мал басының 70 пайызы жеке сектор үлесінде болып отыр. Өткен жылы күшіне енген Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес, аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалы маркетингтік зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қожалық иелеріне бәрін түсіндіргеннің нәтижесінде ауданда 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, — дейді ол.

Ауыл шаруашылығы демекші, биыл кәсіптік мақсатта 14 жер учаскесі берілсе, «Бастау бизнес» бағдарламасымен 24 жоба 48000070 теңгеге қаржыландырылған.

«Береке» мал басын көбейтуге көмектеседі

Темір аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Есенбол Жолдығарин өз сөзінде өңірдегі шағын және орта бизнес жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келе жатқанын, бұл салада Темірде 3524 адамның еңбек етіп жүргенін айтты. Жылма-жыл бұл көрсеткіш ұлғайып келе жатыр.

— Мемлекеттік бағдарламалардың арасынан «Бизнестің жол картасы – 2020» жобасына тоқталып өткім келеді. 8 айдың ішінде бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына 4 жоба өткізіліп, 103 миллион теңгеге несие алынды. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде балабақша ашқысы келетін азамат екінші деңгейлі банкке сұраныс жіберді. Комиссия қарауына құны 16 миллион теңгені құрайтын жоба ұсынылды.

Ауылда, әрине, мал басын көбейтуге мүдделі адамдар баршылық. Осы мақсатта «Береке» бағдарламасы аясында 42 жоба ұсынылып, 168 миллион теңгеге несие алынды, — дейді Есенбол Жолдығарин.

Сонымен қатар, бұрынғыдай емес, кәсіпкерлік саласына инвестиция тарту жайы да бір жолға қойылып келе жатқанын айтпай кетуге болмас. Биылдыққа шағын және орта бизнес саласы бойынша 11 мекеме іске қосылып, 109 миллион теңгеге инвестиция енгізілген.

— Жыл соңына дейін қосымша 75 миллион теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазіргі күні  бұл мақсатта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деп сөз арасында келтірді Темір аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

P.S. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бастаған құзырлы орган өкілдері мен сала мамандары алдағы уақытта осындай жиындарды облыстың өзге де аудандарында өткізбек. Мақсат — ауыл-аймақтағы іскер азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың қолайлы ортада жұмыс істеуіне жағдай жасау.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Темір ауданы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button