Мәдениет

Жиырма жылға жалғасқан ән додасы

Фестиваль

Ырғыз ауданында «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер мерекесі биыл жиырма бірінші рет өтті. Осынау әр аймақтағы үміттерін үкілеген талантты жастардың басын қосқан дәстүрлі өнер додасы өз бастауын 1997 жылдан алады.  Сол тұста елімізде экономикалық тұрақсыздық орын алып, кейбір мәдениет ошақтары жабылып, өнер адамдары да қиыншылықтарды бастан кешіргені көпшілік жадында. Өнердің бағасын білетін халық сондай сындарлы сәттен де сүрінбей өтті.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кездескен қиыншылықтарға қарамай, Ырғызда елді рухани серпілту мақсатында «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер байқауы алғаш рет ұйымдастырылды. Осы шара арқылы халқымыздың саз өнері туындыларын кеңінен насихаттау, ел ішіндегі жас таланттарға қолдау көрсету мақсаты көзделді. Осыдан тура жиырма жыл бұрын аудандық балалар саз мектебі ұжымы тарапынан көршілес аудандардың өнерпаз жас­тары арасында байқау өткізу жөнінде бастама көтерілген еді. Сөйтіп, Ырғыз өңірінде кіші «Азия дауысы» іспеттес ән мен жырдың думанды мерекесінің тұсауы кесілген болатын. Өнер байқауы сәтті өтіп, ел мен елдің араласуына, мәдени байланыстардың жандануына жол ашылды.
«Аймақты әнмен тербетіп» өнер мерекесі биыл да өз дәстүрінен жаңылған жоқ. Ырғыздағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы атындағы саябақтағы ашық сахнада өткен байқау театрландырылған көрініспен басталды.
Өнер байқауының жүргізушілері мерекелік сахна төріне беттеген әр аймақтан, аудандардан келген өнерпаздардың жетістіктері туралы хабарлап тұрды. Биылғы «Аймақты әнмен тербетіп» Ырғыз өнер мерекесіне өз облысымыздың он ауданынан басқа  Қызылорда облысының Арал ауданынан арнайы келген өнерпаздар қатысты.
Дәстүрлі өнер фестиваліне қатысушыларды Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан, Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Әлия Сейілханқызы, Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тәңірберген Дәрменов, өзге де аудандардан келген  делегация басшылары құттықтады. Мерекелік сәтте лебізін  білдіргендер «Аймақты әнмен тербетіп» Ырғыз өнер мерекесінің аймақтардағы жастарға рухани тәрбие беруге, өнерге бейім таланттарды шыңдауға үлкен ықпалы тиетіндігін, тағылымы мен өнегесі мол шара екенін атап айтты. Мерекелік сахнаға жиырма жыл бедерінде «Аймақты әнмен тербетіп» байқауының бас жүлдесін иеленген өнерпаздар шақырылып, оларға арнайы ескерткіш сыйлық тапсырылуы өнерге деген ерекше ықыласты аңғартқандай еді. Осы бір қуанышты сәтке әр жылдарда бас жүлде алғандардың тең жартысы куә болды. Жиырма жыл бұрын өнер байқауының басталуымен қатар дүниеге келген, биыл Ақтөбеден оқу орынын бітіріп келген  жас маман Кәмшат Нұрбергенқызына  арнайы  сыйлық табыс  етілді.

Осылайша екі  күнге созылған  «Аймақты  әнмен  тербетіп»  дәстүрлі  өнер мерекесі  өз  мәресіне   жетті. Кезекті  байқау  жаңа  таланттардың бағын ашты  деуге болады. Байқауда эстрада мен термеден белгілі мемлекет  қайраткері Темірбек Жүргенов  атындағы екі бірдей бас  жүлде тағайындалған болатын.  Эстрада жанры бойынша Қобда ауданының өнерпазы Жанболат  Сати Гран-При және терме жанры бойынша Арал ауданының өнерпазы Әнуар  Жұбандықов Гран-При иеленді. Олардың әрқайсысына аудан әкімінің арнайы дипломы мен 150 мың теңге қаржы тапсырылды. Эстрададан бірінші орынды Ырғыздың өнерпазы  Мәди  Көшпенбет иеленсе, екінші орын  Ақбота Тажмағанбетоваға  (Байғанин), үшінші орын Көркем  Сүндетбаеваға  (Шалқар)  бұйырды. Ал, термеден  ретімен  үш орынға  Байқоңыр Қожамжаров (Қарғалы) , Ақмарал  Елібаева (Шалқар), Тенел  Омаров (Мәртөк) шықты. «Көрермен көзайымы» жүлдесіне эстрададан ырғыздық Айдынғали Сағынғали мен Әйтеке би ауданының өнерпазы Алтынбек  Шайхин, термеден Бекжан Дәуренбекұлы (Ырғыз) және Кенесары  Мизамов (Мәртөк) ие болды. Бұларға да диплом, ақшалай  сыйлықтар берілді.

Бұл жолғы өнер байқауында 1996-1998  жылдардағы Ырғыз  ауданының әкімі Жеткерген Оралмағанбетов атындағы арнайы жүлде тағайындалып, оны ырғыздық Бекжан Дәуренбекұлы иеленді. Мерекелік сахнаға көтерілген   Жеткергеннің баласы, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Аэроғарыш  өнеркәсібі министрлігі  Аэроғарыш  комитеті төрағасының  орынбасары  Баубек  Оралмағанбетов пен Астана Қазақ ұлттық өнер университетінің жыр-терме класының ұстазы, Қорқыт ата институтының аға ғылыми  қызметкері Иса Елікбай  жеңімпазға диплом мен 150 мың теңге тапсырды. Сөйтіп, жас өнерпаз екі бірдей  жүлдені  қанжығасына байлады.

Мереке уақытында  жан-жақтан  келген  қонақтар Ырғыз  тарихи-өлкетану музейін  аралап  көріп,  Қазақ  КСР  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты Бақберген  Садықов  атындағы  жүлде үшін  күрестен  өткізілген  «Түйе палуан»  жарысын  тамашалады.  Сегіз  палуан күш сынасқан бәсекеде  Б. Садықовтың  баласы, кәсіпкер Нақыпбай Садықов  тағайындаған  100 мың  теңге  бас  жүлде мен аудан әкімінің  дипломын  Аманкелді  Әділбек  иеленді. Мұнан  кейінгі  жүлделі  орындарды  Абылай  Қосмұратов  пен  Айбек  Зарлық  еншіледі.

Бұл байқаудың бастауында Жеткерген тұр…

Ырғызда «Аймақты әнмен тербетіп» өнер мерекесімен орайлас 1996-1998 жылдары Ырғыз ауданының әкімі болып қызмет жасаған  Жеткерген Оралмағанбетовты еске алуға арналған  шара өтті. Мұның өзіндік себебі де бар еді. Сол кезеңдегі  аудан әкімі болған Жеткерген Оралмағанбетов шалғай өңірдегі осынау игі бастамаға — жастардың өнер байқауын өткізуге жан-жақты қолдау көрсетті.

Осыдан екі жылдай бұрын өмірден өткен  танымал тұлға Жеткерген  Тілеулесұлы көзі тірі болғанда  биыл 60 жасын тойлар  еді. Аудандық «Арай» мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Көңілден өшпес  бір бейне…»  атты  Жеткерген Оралмағанбетовты еске алу шарасына оның зайыбы Әнуар Темірғалиқызы, балалары Баубек пен Ақбота, қарындасы Күміс келді.

Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасының  Қорғаныс және Аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі, танымал «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі  Мейірбек Молдабеков, Жеткергеннің ағасы Есен Шүйіншалин, баласы  Баубек Оралмағанбетов, еңбек ардагері Серік Шаңғұтов, Арал ауданының  құрметті азаматы, еңбек ардагері Ахмедулла Үмбетов, кіндік қаны тамған Шалқар ауданының, Ырғыздың, өзге де өңірлердің азаматтары Жеткергендей  қайраткер тұлғаның айрықша қасиеттері туралы естелік әңгіме өрбітті.

Ырғыздық зейнеткер Нұрқасым Сәрсенбайұлы Жеткерген Оралмағанбетовтың шынайы болмысы, елдік мүдде жолында атқарған ерен еңбегі туралы әсерлі баяндама жасады. Ол сөзінің арасында  Ырғыздағы өнер байқауын өткізу бастамасының  қалай  жүзеге  асырылғанына  да тоқталды.

— Сонау сексенінші  жылдардың  қиын уақытында  тұрғындар  арасында рухани  серпіліс туғызарлықтай  шаралар өткізу қажеттігі туындады. Ойласа келе әкімге аудандық өнер мерекесін  өткізсек қалай болады деген ұсыныс жасалды. Ұсынысты Жеткерген бірден қолдады. Ауылдарда өнерпаз жастар іріктеліп, байқауға дайындық жұмыстары басталып жатты. Бір күні Жеткерген  істің жай-жапсарына қанығып болғаннан кейін, «бұл бір игілікті іс екен, мұның ауқымын кеңейтіп, ауданаралық, тіпті облысаралық  етіп өткізейік» деген тың ұсыныс айтты. «Қажетті қаржыны  өзім тауып  беремін, тек бұл іс ойдағыдай   өтетін болсын», — деді. Аудан әкімінен мұндай батыл да сенімді қолдау болғаннан кейін іс жаңаша қарқын алды. Өнер мерекесіне облыстың көрші аудандары, Қостанайдың Жанкелдин, Қызылорданың Арал, Қазалы  аудандарының өнерпаздары қатыстырылды. Осы шараның басынан аяғына дейін Жеткерген  өзі араласып, оның әсерлі де қызықты өтуіне  күш салып еді. Мереке түнгі сағат 3-ке дейін  созылып, спорт кешені халыққа лық толғаны әлі есімде — деді ол.

Еске алу шарасын жүргізген журналист Рахымжан Өтеміс өткен жылы Ақтөбедегі  баспадан «Жеткерген» деп аталған  тағылымы мол кітап жарық көргенін, осы  жинақта  Жеткерген Тілеулесұлы туралы оның жан жары Әнуардың,  балаларының, танитын дос-жарандарының естеліктері топтастырылғанын айтып  өтті. Мәдениет үйі сахнасынан Ырғыз балалар өнер  мектебі  ұстаздарынан  құралған «Айқаракөз» фольклорлық ұлт аспаптары  ансамблі, республикаға  белгілі күйші, қазанғаптанушы, Қазанғап атындағы Шалқар саз мектебінің директоры Нұрболат Жанаманов өнерлерін  көрсетті.

Осы басқосуда Жеткергеннің баласы, Қазақстан Республикасының  Қорғаныс  және Аэроғарыш өнеркәсібі  министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының  орынбасары Баубек Оралмағанбетов ырғыздықтарға  ғарыштан түсірілген  Ырғыздың суретін тарту етті. Жеткерген Оралмағанбетовке арналып ас берілді. Алыс-жақындағы ағайынның басын біріктірген осынау шаралар арқылы ауызбіршілік пен елдік тұтастық айқын аңғарылды.

 Қонақтар лебізі

Мейірбек Молдабеков Қазақстан Республикасының Қорғаныс және  Аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі, техника ғылымдарының  докторы, Қазақстан  Республикасы Ғылым академиясының  академигі:

— Осы шараға Астанадан ат арытып арнайы келдім. Жеткергенмен  2007  жылы  Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезінде қызметтік іссапар барысында таныстым. Адамгершілігі жоғары, бір сөзді, елдің  мүддесін  жоғары  қоятын азаматпен  қарым-қатынасымыз  достыққа   ұласты. Ол  Москвада оқыған баласы Баубекті Талғат Мұсабаевқа және маған шәкірт ретінде тапсырды.  Баубек  әке сенімін ақтап, бүгінде  аэроғарыш саласында білікті мамандар  қатарында  қызмет жасайды. Осы өңірдегі рухани іс-шараның бастамашысы болған  Жеткерген есімі елінің есінде сақталары кәміл.

Ахмедулла Үмбетов, Арал ауданының құрметті азаматы:

— Мен Жеткерген Оралмағанбетовпен 1992 жылы Арал ауданы әкімінің бірінші  орынбасары болып қызмет жасап жүргенімде Шалқар өңіріндегі Есет-Дәрібай  кесенесінің ашылуында танысқан едім. Мінезі ашық, қарапайым, бауырмал  азамат баламен де, данамен де  жақсы араласатын. Ол әрдайым жақсылармен  дос болды. Елдің рухын көтеретін іргелі істердің басында жүрді.

 

Баубек  Оралмағанбетов, Қазақстан Республикасының  Қорғаныс  және  Аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының  орынбасары:

— Әкем Жеткерген Ырғыз жері туралы көп айтатын. Ол кісі қиын  кезеңде осы  ауданға әкім болып  келді. Мен Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта  мектепте оқыдым. Осында  математикадан дәріс берген Күләйім Ізетова  апайым берген білімнің Москвада оқығанда үлкен пайдасы тиді. Менің өмірде  үлгі  тұтар адамым – әкем. Менің Ырғыз халқына алғысым шексіз.

                                                  Марат Мырзалы,

Ырғыз ауданы.

                                        Суреттерді түсірген Нұрбек ПІРІМЖАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button