ЖаңалықтарҚұқық

Жасөспірімдер қылмысы көбейіп барады

Ақтөбеде жасөспірімдер арасындағы қылмыс екі есеге өскен.  Бұл туралы облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев мектептер мен колледж директорлары, мектеп инспекторлары, ювеналдық полиция қызметкерлері мен аудандық жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысқан жиында мәлімдеді.

Оқушылар арасындағы қылмыстық жайттар және оның алдын алуға  қатысты жиын Ақтөбе қаласындағы мұнай және газ колледж базасында өтті. Жиынға облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлыбек Ормаханов, облыс прокурорының бірінші басқарма бастығы Нұрбек Тұрышов қатысты.

ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРҒАНДАР ЖАЗАЛАНДЫ

Қаныбек Жақсығалиевтің төрағалық етуімен өткен жиында облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыстық жағдайдың алдын алуға бағытталған шараларды ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері ұйымдастырылған жедел алдын алу іс-шаралары, акциялар мен рейдтік тексерістер нәтижесінде ішкі істер органдарына 3 мыңнан астам кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілген. Оның ішінде 500-і арнайы тізімге алыныпты. Сонымен қатар 300 қолайсыз отбасы анықталып, олардың 45-і ата-ана құқығынан айырылған.

Жыл басынан бері 60 жеке кәсіпкер түнгі мезгілде кәмелет жасына толмағандарды заңды өкілінің болмай, көңіл көтеру орындарына жібергені үшін әкімшілік  жазаға тартылды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс аудандарда, қалада өсіп отыр. Әсіресе, Әйтеке би, Хромтау, Мұғалжар, Шалқар, Қарғалы аудандарында қылмыс өсті. Оның ішінде, ауыр қылмыс жасағандардың қатары артты. Топ болып қылмыс жасайтындар мектеп, колледж оқушылары арасында көп. Олар қарақшылық, ұрлық, алаяқтық, бұзақылық жасаған. Жасөспірімдерге дер кезінде шара қолдану керек. Ал біздің мұғалімдер мен ата-аналар балалардың қылмысын жасырады. Оқушылардың қылмысын жасырған мұғалімдер мен мектеп директорлары әкімшілік жауапқа тартылды. Мәселен, биыл өңірде білім саласының 6 қызметкері әкімшілік жауапқа тартылды. Бәрі балаларды қорғап, қылмысты жасырды. Олардың арасында мектеп, колледж мұғалімдері де бар. Әрқайсысы 100 мың теңгеден астам айыппұл төледі. Педагогтар оқушылардың қылмысын қазір жасырса, ертең олардың ауыр қылмыс жасауы мүмкін екенін ұмытпағаны жөн, — деді облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев.

ЖОЛ БОЙЫНА КЕЗЕКШІ КЕРЕК

Жиында көтерілген өзекті мәселелердің бірі — балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғасы. Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолында мұндай жағдайлар көп кездеседі. Қ.Жақсығалиевтің айтуынша, әрбір жаяу жүргіншіге арналған жол жүру жолақтарына полиция қызметкерлерін қою мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі таңда мектеп ұжымы, директорлар мен мектеп инспекторлары бірлесіп мектепке жақын орналасқан жаяу жүргіншілер жолдарына сабақ уақыты басталардан бір сағат бұрын және кейін кезекшілік қоюды қамтамасыз ету туралы ұсыныс айтылды. Ол өз сөзінде  оқу орындарындағы тәртіптік жағдайлар тек осылайша бірігіп жұмыс жасалған кезде ғана оң нәтиже беретінін айтты.

Жақын аралықта Ақтөбе қаласындағы оқу орындарының ата-аналар комитеті мүшелерімен де кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жиында көтерілетін негізгі мәселе де жасөспірімдер арасындағы қылмыстық жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау төңірегінде өрбиді. Осылайша барлық біріккен жұмыстар аудандарда да өз жалғасын табуы тиіс, — деді Қ.Жақсығалиев.

Жиын кезінде қалаға білім алуға келген колледж оқушыларының 80 пайызы пәтер жалдап тұратыны, олардың кешкі өмірі бақылаусыз қалатыны жайында мәселе көтерілді.

БЕС МЕКТЕПКЕ БІР ИНСПЕКТОР

Қазір облыста 128 мектеп инспекторы қызмет істейді. Әрине, бұл барлық мектепте инспектор бар деген сөз емес. Жиында қазір Ақтөбе қаласында бес мектепке бір инспектордың жұмыс жасап жүргені айтылды. Ақтөбе қаласындағы №57 орта мектеп директорының айтуынша, мектепке бекітілген инспектор бұдан өзге 4 мектептің оқушыларын қадағалайды. Инспекторды керек кезінде орнынан табу мүмкін емес. Себебі, бес мектептің ортасында жүрген бір инспектор барлығына бірдей үлгере бермейді. Оның үстіне, мектеп инспекторларының бәрі бірдей оқу ордасында арнайы кабинетпен жабдықталмайды.

Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығы бар. Мектеп инспекторларына жағдай жасалуы тиіс екені бұйрықта анық көрсетілген. Бірақ қазір мектеп инспекторлары назардан тыс қалып жатыр. Егер мектеп инспекторларына жағдай жасалмаса, арнайы кабинет берілмесе, біз білім ордасына бекітілген құқық қорғаушыларды алып тастаймыз. Себебі, бәріне полиция қызметкері керек, бірақ олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалмаған. Сонда полиция қызметкері дәлізде отыра ма? Облыстағы мектептер мен колледждерде 30 кабинет бөлінген. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы 76 мектептің тек 9-ында ғана мектеп инспекторлары үшін кабинет қарастырылған. Ал қалғандарында инспекторлар әлеуметтік педагог, психологтар мен мұғалімдер бөлмесінде қатар отырады. Мектеп инспекторларының да құпия сақтайтын құжаттары болатынын ескеру керек, — деді Қаныбек Жақсығалиев.

Жиын кезінде жасөспірімдер қылмысы көп тіркелген аудандардың жергілікті полиция қызметіндегілер мен колледж басшылары орындарынан тұрғызылды. Мұндай жағдай Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжінде білім алушылардың қатысуымен бірнеше рет қайталанған. Дегенмен, бұл жағдайға қатысты колледждің өкілі Айгүл Балмағамбетова оқу орнының қала сыртында орналасқанын, әсіресе оқушылардың шәкіртақы алатын кезінде оларға сырттан келіп, әлімжеттік көрсетіп, ақшасын тартып алу оқиғалары жиі болатынын айтты. Оның айтуынша, мұндай жағдайларды бақылау мүмкін емес. Себебі, колледж мамандары балаларды қарсы алып, сабақ аяқталған  соң қоғамдық көлікке дейін шығарып салады. Ал колледж маңынан ашылған учаскелік бекет өз жұмысын кешкі сағат 20.00-ден бастайды.

Жаңа оқу жылы басталғалы жасөспірімдер арасында жаппай төбелесу оқиғалары да тіркеліп үлгеріпті. Мұндай жағдайдың бірі облыс әкімдігі маңында орын алған. Қаныбек Жақсығалиевтің айтуынша, жаппай төбелеске 3 колледждің оқушылары қатысқан. Олардың қолынан пышақ, қолдан жасалған өткір заттар табылыпты.

Жиын кезінде жасөспірімдер тәрбиесіне әрі оларды бақылауға қатысты айтылған мәселелер жан-жақты талқыланды. Мамандар пікірі тыңдалды, кәмелетке толмағандар арасында қылмысты азайту және оны болдырмау үшін бірлескен жұмыстарды күшейту жайы сөз болды.

Арайлым НҰРБЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button