Мәдениет

Мерекеңмен, мәртебелі тіл!

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай Ақтөбе қаласы әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл — ұлт бірлігінің басты факторы» атты мерекелік шара өтті.

Шараға Ақтөбе қаласы әкімдігінің қызметкерлері, тіл жанашырлары, өнер ұжымдары, ұстаздар қатысты.

Кеш халықтық «Әлия гүлі» ансамблінің орындауындағы қазақ биімен басталды.

Шарада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева жиналғандарды мерекемен құттықтады.

— Егемен еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан бері қыркүйектің үшінші жексенбісінде Тіл мерекесі атап өтіледі. Тіл — ұлттың жаны, діңгегі, салт-дәстүрі. Мағжан Жұмабаев айтқандай, әр ұлттың негізгі тарихы, өмірі тек тілмен ғана беріледі. Топырақ тозуы мүмкін, тас қашалуы мүмкін, бірақ сөз, тіл ешқашан тозбайды. Сондықтан әр ұлттың тілінің сақталуы сол ұлтқа байланысты. Сондықтан өз ана тілімізді құрметтеп, сүйе білейік! Алда келе жатқан Тіл мерекесі құтты болсын! — деді ол.

Шарада Қазанғап атындағы өнер мектебінің «Ақжелең» фольклорлық ансамблі Тоқжан Жақсиннің «Бабалар мекені — Алтай» күйін тартса, Жетесовтер отбасылық ансамблі «Қымыз құйғыш», «Әттең, тонның келтесі-ай» сияқты халық әндерін орындады.

Сондай-ақ театрдың кең сахнасында «Асылым» тобы, «Сұңқар» вокалды ансамблі, жас әншілер Ләззат Медетова, Рахман Сатиев, Төлеген Ермеков, Ұлан Досмұратовтар әсем әуендерді құйқылжыта шырқап, кешке келгендерді бір серпілтіп тастады.

Бұдан кейін драма театрдың актерлері қазақ тілі туралы өлең оқып, Асылбек Кенегесов ортада күй тартты.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 11-14 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласындағы барлық мекемелер мен оқу орындарында, селолық округтерде мемлекеттік тілге арналған апталық аясында көптеген іс-шаралар өткізілген. Атап айтсақ, конференциялар, дөңгелек үстелдер, әдеби-танымдық кештер, салтанатты мерекелік бағдарламалар, басқосулар, т.б.

Шара Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазған Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button