Спорт

Алтынмен пара-пар күміс

Қазақстандықтардың қуанышына айналды

Төрт жылда бір келетін қысқы олимпиадалық ойындар да аяқталды. Соңғы он екі жылда бірде-бір медальға қол жеткізе алмаған қазақстандықтар бұл олимпиадаға баптан бұрын бақ сынауға барғаны анық еді. Мұны еліміздің спорт мамандары да мойындаған болатын. Әрине, мүлдем үмітсіз болдық деуден де аулақпыз. Өйткені кім де болса жеңіске талпынатыны белгілі. Олимпиадаға қатысқан қазақстандық 38 спортшының жүрегінің түкпірінде жүлдеге деген үміт оты болғаны анық.

Сонымен биатлоншы Елена Хрусталева жеңіп алған күміс медаль бейресми қорытынды бойынша Қазақстанды алғашқы 25 команданың қатарына шығарды.

Бұл ойындарда шаңғышыларымыздың өнері жанкүйерлердің үмітін үрлеген болатын. Мәселен, Алексей Полторанин шаңғымен 10 шақырымға жүгіріп, 5 орынға қол жеткізді. Бұл жолы Алексейдің мүмкіндігі мол еді. Өкінішке қарай, ол мәре сызығына жақындағанда норвегиялық спортшыға соқтығысып, уақытын жоғалтып алды.

Енді қазақстандықтардың ең жоғары көрсеткіштеріне тоқталайық. 10 шақырымдық жарыста шаңғышыларымыз 5-орынға ие болды. Биатлоншы қыздар 4х6 км эстафетада 9-орын, шаңғышылар 4х5 шм эстафетада 10-орын алды.

Ал олимпиада қорытындысында бұрын-соңды мұншама жетістікке жетіп көрмеген олимпиада иелері — канадалықтар 14 алтын, 7 күміс, 5 қоламен көш басына шықты. Қысқы ойындар жарсында 6 алтын, 6 күміс, 2 қола медальға қол жеткізген Оңтүстік Корея командасы олимпиаданың жаңалығына айналды. Ал спорттың қай түрінен де олимпиаданың биігіне қол созатын Ресей командасы күтпеген сәтсіздікті бастан өткерді. «Аузын айға білейтін» ресейліктер үш-ақ алтын медаль алды. Бейресми командалық есепте 11-орынды қанағат тұтты. Нәтижеге риза болмаған Ресей Президенті Дмитрий Медведев олимпиадаға жауапты лауазым иелерінің өз еріктерімен қызметтен кетуі қажеттігін қатты айтты.

Сонымен канадалықтар бірінші орынға шықса, 2-3 орындарды Германия, АҚШ елдері иеленді. Ал бұрынғы КСРО елдері арасынан Беларусь 16, Латвия 23- орынмен қорытындылады. Эстония бір күміспен 25-орынды бізбен бөлісті.

Қоржынға түскен күміс иесі

Елена Хрусталева Ресейдің Красноярск қаласында туған. Ресей құрамасы сапында үш дүркін Еуропа чемпионы атанды. Алайда Ресейде үшінші-төртінші саптағы спортшы ретінде жүрген Лена өзінің бақытын өзге елдерден іздеді. 2002 жылы Беларусь елінің атынан Қысқы олимпиадаға қатысты. 2007 жылғы қысқы Азия ойындары алдында Қазақстанның азаматтығын алды. Енді, міне, Қазақстан құрамында 15 шақырым қашықтықта жылдамдығымен, мергендігімен көрінген Е.Хрусталева күміс медальмен команданы алға сүйреді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button