ЖаңалықтарСпорт

Мұнайшылар спартакиадасы: 400 қызметкер сынға түсті

Өткен сенбі күні мұнайшылар мерекесі, сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай әріптестігіне 20 жыл толуына орай «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен спартакиада өтті. Волейбол, футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, т.б. спорт түрлерінен өткізілген жарысқа қатысушылар да, көрермендер де көп жиналды.

 

Дәстүрге айналған дода

Бірден айтайық, мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында осындай спорттық сайыс жыл сайын өткізіледі. Дәстүрге айналған додаға биыл да қатысушылар аз болған жоқ. Бұл түсінікті де, аталған кәсіпорын басшылығы жұмысшылардың барлығының салауатты өмір салтын ұстануы үшін, соның ішінде спорттың көптеген түрімен айналысуына бар жағдайды жасаған. Мұнда ол мақсатта акционерлік қоғамның өзінің стадионы бар. Сонымен қатар, бұл жерде жүгіру алаңы, футбол ойнайтын алаң, заманауи қондырғылармен жабдықталған зал келушілерді қай кезде де қабылдауға әзір. Мақсат — мұнайшылардың жұмыстан тыс уақытта сергіп, дене шынықтырумен шұғылданып, өзара достық қарым-қатынасты одан сайын нығайту. Бұл күні аталған спорт кешені әдеттегідей лық толды. Өйткені мұнда, жоғарыда айтып өткеніміздей, мұнайшылардың спартакиадасы ұйымдастырылған болатын.

Осы орайда акционерлік қоғамда 6300 адамның қызмет ететінін, олардың біразы спортқа бейім екенін айта кету керек. Спорттық сайысқа, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 12 команданың жиналғаны сондықтан. Олар кәсіпорынның әр құрылымының атынан қатысып, намысты қолдан бермеуге бар күш-жігерін салды. Жан-жақты, спорттың әр түрімен айналысатын қызметкерлер бұл күні ерекше белсенділік танытты.

Жалпы, дәстүрлі спорттық жарысқа бұл жолы 400-ге жуық мұнайшы қатысты. Және олардың көпшілігі, әрине, жастар. Акционерлік қоғамға қарасты түрлі басқарма мен бөлімдердің өкілдері сайысқа көтеріңкі көңіл-күймен, айрықша белсенділікпен келгені көрініп-ақ тұрды. Әсіресе, қоғамдық тамақтану және сауда басқармасының мамандары ерекше көзге түсіп, оларды қолдауға келген жұртшылық та жиналғандардың назарын аударды. Аталған команда өкілдері осындай спартакиадада үш рет — 2009, 2013, 2016 жылдары жүлделі орындарға іліккен-ді. Содан болар, олардың бойындағы жеңіске деген құлшыныс бірден байқалды.

Қатысушылар туралы айтсақ, олардың әрқайсысы спорттың кез келген түріне икемді екенін, топпен жұмыс істеуге әбден үйренгенін, жалпы осындай шараларға араласуды  жаны сүйетінін аңғартты. Бұны компания басшылығы да өз сөзінде атап өтті.

— Мұнайшылардың кәсіби мерекесінде осындай спартакиаданы өткізу біздің игі дәстүрімізге айналды. Мұндай спорттық сайыстар жыл сайын ұйымдастырылады. Мақсат — мұнайшылардың басын қосып, олардың жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылдануына, бір-бірімен етене араласуына мүмкіндік беру. Осы ретте компания басшылығы атынан біздің ұжымдағылардың көпшілігі спартакиадаға қатысып жатқанын, оған біз қуанышты екенімізді атап өткім келеді. Және жыл өткен сайын арамызда спортқа ден қойғандардың қатары артып келе жатқанын айтпай кетуге болмас. Сонымен қатар, қатысушылар арасында жастардың саны көп болғаны, әрине, қуантады. Олар негізінен алғанда футболға, осындағы отбасылық ойындарға айтарлықтай басымдық береді, — деді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Такталифум Есенғұлов.

Сонымен бірге, ол өз сөзінде әлемдік мұнай саласы қазіргі таңда соншалықты керемет кезеңдерді өткізіп жатпаса да, компания әуелгі қарқынынан таймағанын жеткізді. Әсіресе, қазандықтарды жөндеу мен қажетті қондырғыларға арналған қаражат жылма-жыл артып келе жатыр. Айталық, осы жылдың 8 айында бұл мақсатта 44 миллиард теңге бөлініпті. Бұл соммаға мұнай ұңғымасын бұрғылау, техникалық қайта жабдықтау, т.б. кіреді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов те сөз алып, өзінің жылы лебізін білдірді:

— «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы ірі кәсіпорындардың бірі болып есептеледі. Ал мұнай өндіру саласы біздің облыстың экономикасында ерекше орын алады. Осы орайда сіздердің кәсіпорын облыстың экономикасына, әлеуметтік-экономикалық салаға айрықша үлес қосып жатқанын атап өту орынды. Өткен жылғы мен биылғы көрсеткіштер жаман емес.

Облыс басшылығы сіздердің жұмыстарыңызға оң баға беріп, бұл әріптестіктің одан әрі қарай тиімді жалғасатынына сенімін білдіреді.

Бүгін өтіп жатқан спартакиада басқа компанияларға үлгі болуы керек. Өйткені мұндай жарыстар сіздерде жыл сайын өтіп тұрады. Бұл жұмысшылардың рухының көтерілуіне зор септігін тигізеді. Және басқа компаниялар да осы бастаманы әрі қарай жалғастырса деген тілек бар. Жарысқа қатысушы 12 командаға сәттілік тілеймін, — деді.

Ал жарыстың тұрақты қонағы, «Ақтөбе облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Виктор Пфаненштиль өз сөзінде:

— Екі аптадан кейін облыстың кәсіподақтары ұйымының спартиакиадасы басталады. Менің ойымша, сол жарыста бүгін жеңімпаз атанғандар өз компаниясын лайықты деңгейде көрсете алады. Менің оған сенімім кәміл. Бүгінгі спартакиадада әлеуметтік әріптестіктің үш тарабы да бар, олар — өңірдің атқарушы билігі, компания басшылығы және кәсіподақтар. Осылай жалғаса берсе, әлеуметтік саладағы осындай жақсы қарым-қатынас әрі қарай дами береді демекпін. Және бұл көңіл қуантатын нәрсе. Барлық қатысушыларға, компания жұмысшылары мен жиналғандарға мықты денсаулық, еңбегіңізге сай жалақы, жақсылық тілеймін, — деп тілегін ортаға салды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

Екі күнге созылған спартакиада волейбол, футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, т.б. спорт түрлерінен ұйымдастырылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, оның барлығына қатысушылар көп болды.

Отбасылық ойындарға бірінші боп қатысқан — Нұғмановтар мен Төлегеновтер отбасы. Әуелгі кезекте отағасылар, кейіннен аналар, соңында балалар жүгіріп, көрермендерді қызыққа бөледі. Әр отбасының жеңіске деген ұмтылысы зор, мақсаты айқын.

— Бізбен бірге 7 жастағы қызымыз да өнер көрсетті. Ал үш жастағы ұлымыз кішкентай болған соң, спартакиадаға қатыса алмады. Ол атасы мен әжесімен үйде қалды.  Мұндай жарысқа осымен екінші жыл қатысып отырмын. Өткен жылы 4-орынды иеленгенмін, — дейді Нариман Рахметжанов.

Құрылыс басқармасында жұмыс істейтін Галина Карышеваның да айтары бар. Компанияда жұмыс істегеніне биыл 6 жыл толған оның мұндай жарыстарға атсалысуы бірінші рет емес. Жас ана жарыс туралы ойын сабақтай келе:

— Үстел теннисі бойынша өткен кешегі жарыста мен үшінші орынға ие болдым. Сонымен қатар, волейбол ойынына да қатыстым. Онда да жақсы көрсеткіштерге жеттік. Басқа да эстафеталық ойындарға қатыспақ ойым бар. Өйткені бұның бәрі әрі спорт, әрі адамдармен араласасың. Әріптестермен уақытты тиімді өткізгенге не жетсін?! — деді.

Ал Оля Баранова сенбі күні 500 метрлік қашықтықты екі рет айналып келді. Өткен жылы отбасылық ойындарға қатысқан ол қызымен бірге өнер көрсетіпті. Ол да ұйымдастырушыларға дән риза екенін жеткізіп, осындай додалардың жиі өтіп тұруына тілектестігін білдірді.

Сонымен, жарыс қорытындысына келсек, бірінші командалық орынды өндірістік-техникалық қамсыздандыру және қондырғыларды жинақтау басқармасының командасы жеңіп алды. Ал жүлделі екінші және үшінші орындарды мұнайгазөндіру басқармасының «Октябрьскнефть» командасы және «Ақтөбеэнергомұнай» басқармасының тобы өзара бөлісті. Өз кезегінде ерекше белсенділік танытқан компанияның қызметкерлері — Светлана Қазбекова, Аңсар Дүржанов, Жандос Дәулеткереев екенін айта кеткеніміз абзал.

Сөзсіз, компаниядағылар да, оларды қолдауға келген көрермендер де мұндай спартакиаданың керек екенін айтады. Қатысушылардың жұмысты табысты, көтеріңкі көңілмен атқаруына және арадағы байланысты нығайтуға оңды әсер ететін осындай спорттық сайыстарды әр өндіріс орны өткізсе, жаман болмас еді…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button