Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбеде республикалық «Ақбидай» ойындары басталды

Кеше Ақтөбеде республикалық «Ақбидай — 2017» VI ауыл спорты ойындары басталды. Жарыс облыста алғаш рет өткізіліп отыр. Еліміздің 14 облысынан келген екі мыңға жуық спортшы спорттың 14 түрінен сынға түсіп жатыр.

Шараның ашылуы облыстық олимпиада резервін даярлау орталығында өтті. Спорт алаңы арнайы безендіріліп, шара басталғанша  led экраннан облыстың әр саладағы жетістіктері көрсетілді. Жергілікті өнерлі жастар ән айтып, би биледі. Еліміздің әр аймағынан  келген спортшылар алаңды айналып өтіп, сап түзеп тұрды. Спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтады.

— Ауыл спортын ұлықтап, баға беретін «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының ашылуымен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында негізгі  ұлттық құндылықтарымызды жоғары бағалап, игілікке жарату керектігі жөнінде айтқан болатын.  Осы тұрғыда ауыл — ел мәдениеті мен әлеуетінің алтын бесігі. Ел дарындылары мен аты аңызға айналған даңқты спортшыларымыз қасиетті ауылдан шыққан. Сондықтан бұл спорттық шара ауыл спортының абыройын асырып, әрі қарай дамытады, — деген  Ербол Нұрғалиев спортшыларға сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті директорының орынбасары Серік Жарасбаев пен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлан Оспанов  қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт ойындарының өтуіне қолдау білдірген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысын айтты.

Сондай-ақ ұлттық спортта облыс намысын қорғап жүрген үздік спортшы, Қазақстан Республикасы чемпионы, жаттықтырушы  Әлихан Бәшембаев бастаған ақтөбелік спортшылар «Ақбидай — 2017» ауыл спорты ойындарының туын әкеліп, ілді. Салтанатты шараның соңы отшашуға ұласты.

Еліміздің әр түкпірінен келген қатысушылар 16 қыркүйекке дейін тоғызқұмалақ, күрес, жамбы ату, асық ату, бес асық, аударыспақ, көкпар, волейбол секілді спорттың 14 түрінен  жарысады.

Сайыстың алғашқы күнінен-ақ спортшылар өз шеберліктерін көрсетті.  Әсіресе, қала сыртындағы ипподромда ұлттық спорт түрлері тартысты өтті. Көкпар ойынына 300-ден аса спортшы қатысты. Қазақстан Республикасы  Ұлттық спорт түрлерінен аға жаттықтырушы, көкпардан бас төреші  Нұркен Байбөриев ойынның жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтты.

— Қазір топтық кездесу өтіп жатыр. Одан кейін жеңімпаздар ширек финалда кездеседі. Қазір Жамбыл облысының командасы алда келеді. Жалпы қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындалған. Ақтөбе облысының да құрама командасы жақсы ойын көрсетуде. Соңғы жылдары ақтөбелік көкпаршылар республикада үздік бестіктің қатарынан көрініп жүр. Жалпы Ақтөбеде ұлттық спорт түрлері бір ізге қойылған. Оны дамыту үшін де барлық жағдай жасалыпты. Жастардың қарқыны мықты, — деді бас төреші,

Ипподромда көкпаршылар серкеге таласып, жарысты қыздыра түссе, жабық манежде жігіттер аударыспақтан күш сынасты. Бұл сайыста 60 келі салмақта сынға түскен  Азамат Серғазин әп дегеннен қарсыластарын оңай жеңіп, чемпион атанды. Ал 70 келі салмақта алаңға шыққан ақтөбелік Шыңғыс Ержанов оңтүстік қазақстандық спортшыға есе жіберіп алды. Жалпы ұлттық спорт түрлері бойынша облыс атынан  30-ға жуық спортшы қатысады.

Сондай-ақ әйелдер арасында өткен бес асық ойыны да қызықты өтті. Бұл спорт түрі көпшілік арасында «бес тас» деп аталады. Осыдан төрт жыл бұрын бұл ойын ұлттық спорт түрлерінің қатарына енген. Жарыс төрешісі, жаттықтырушы Ақжан Сұрағанов аталған ойын қыз балаларды шапшаңдыққа, икемділікке, бір-біріне деген бауырмалдыққа үндейтінін айтты. Бес асық ойыны бойынша Қостанай мен солтүстікқазақстандық спортшылар алда келеді.

Ауыл спорты ойындарының алғашқы күні асық атушылар да белсенділік танытты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, республикалық «Асық ату» федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржановтың айтуынша, бұл ойын түрінің жастарға берер тәлім-тәрбиесі көп.

— 2011 жылы «Асық ату» федерациясын ашып, бұл ойынды ұлттық спорттың қатарына енгізіп, ережесін бекіттік. Негізгі мақсат — жас балаларды ұлтын сүюге тәрбиелеу. Асық ойнаған бала епті, мерген әрі денсаулығы мықты болады. Күні бойы компьютерде отырып, босқа уақыт жоғалтпайды, — деген жаттықтырушы ойынның тартысты өтіп жатқанын айтты.

Жарыс 16-шы қыркүйекте қорытындыланады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Жарыс жен!спен аякталды.Бурын Актобе облысы республика бойынша «Акбидай» ойындарында 7 орында болса,енд! 2 -жулдел! орын иеленд!.Бул уйымдастырушы Н,Жусуповтын аркасында деп есептеймин.Осындай азамат Б!л!м баскармасына багытталса балалар мен окытушылардын багы жанар ед!.Ол организатор,интелект,эрудит жэне мемлекетш!л тулга.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button