Білім

Үш жеңілдігі бар бір олимпиада

Өткен аптада №40 орта мектептің ғимаратында «Әл-Фараби — 2010» республикалық пәндік  олимпиада болып өтті. Оған 11-сынып оқушылары қатысты.

Олимпиада Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ұйымдастыруымен еліміздің барлық аймақтарында бір мезгілде өткізілді.

— Бұл олимпиаданы биыл екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Оның шарттары университеттің сайтында алдын ала орналастырылған болатын. Қазақстан бойынша балалардың басым бөлігі физика пәнін таңдапты. Ал Ақтөбе облысы бойынша көпшілігі ағылшын тілі пәніне көңіл бөлген.

Елбасы ҚазҰУ-ға студенттер алдында лекция оқыған еді. Сонда университет деңгейін дүниежүзілік стандарттарға сәйкестендіріп, студенттердің де интеллектуалдық  деңгейін жоғарылату керектігі  жөнінде ректорға тапсырма берген болатын. Осыған байланысты университетте көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы олимпиада — сол шаралардың бірі.

Білім сайысының ерекшелігі, мұнда жеңіске жеткен оқушылар  аталған университетке түсуде жеңілдіктерге ие болады. Біріншіден, мектеп бітіруші мен осы олимпиада жеңімпазының ҰБТ-дағы ұпай саны бірдей болған жағдайда, соңғысы басымдықпен грантқа ие бола алады. Екіншіден, ақылы оқуға түскенде оқу ақысына 25 пайыздық жеңілдік бар. Үшіншіден, жатақханаға кезексіз орналасады, — дейді Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-дың теориялық физика кафедрасының доценті Нұрзада Бейсен.

Мектеп оқушылары  еш жаққа бармай-ақ, облыс орталықтарында отырып-ақ олимпиадаға қатыса алады. Біздің облыста олимпиадаға қатысуға 767 бала тілек білдіріп, соның 589-ы сынға түскен.

— Облыстағы олимпиада өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз күткен межеден де асып түсті. Осы жердегі ұйымдастырушылар — облыстық білім басқармасы мен «Ақтөбе Дарын» орталығына алғысымызды айтамыз. Жеңімпаздар 17 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде марапатталады. Қорытындысын сайт арқылы да білуге болады.

Университет алғашқылардың бірі болып  халықаралық сараптамадан өтті, — дейді олимпиаданы осы өңірде өткізуге келген Нұрзада Әбдібекқызы.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button