Құқық

Қымбат құндылығымыз

Тіл

Қазақстан Республикасы бүгінде туы биік, тәуелсіздігі тұғырлы мемлекет ретінде қалыптасты. Өзінің  Әнұраны, Туы, Елтаңбасы, Ата заңы, мемлекеттік тілі  бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында осы жылдарда мемлекеттік тіл — қазақ тілінің аясы кеңейіп, мәртебесі өсті.

Қазір орыс тілді қазақ азаматтарымен бірге, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді жақсы игере бастады. Олар қазақ тілінің мағынасы өте терең, бай тіл екенін түсінді.  Көпұлтты мемлекетімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері өздері өмір сүріп жатқан елдің тілін, дінін, мәдениетін біліп, құрметпен қарауы тиіс.

Сонымен қатар мемлекеттік  мекемелерде  де жас мамандардың тілге деген жанашырлығы артып келеді. Ол осылай болуға, жедел дамуға  тиісті де.

Өйткені, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі екені айдан анық. Яғни, мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі. Демек, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — еліміздің әрбір азаматының парызы. Сондықтан да Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік тілімізді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, еліміздің барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.

Мұнымен бірге әр азамат білуге тиіс, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Қазақстан азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды. Ұлттық топтар жинақы тұратын жерлерде іс-шаралар өткізілген кезде олардың тілдерін пайдалануы мүмкін. Қазақстан Республикасында тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді, тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері  еліміздің заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады. Еліміздегі тең құқықтықтың шет-шегі жоқ екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Осынау жеңілдіктерді жүрегімен сезінген нағыз қазақстандықтардың біздің ана тілімізді меңгеруге талпынбау мүмкін емес.  Бұл істе бірінші кезекте өз қандастарымыз үлгі көрсетіп, жетекші болуға тиіс. Әрбір қазақ азаматы өзінің ана тілін таза меңгергеніміз жөн.

 Ақтөре ОРАЗАЕВА,

Ақтөбе қаласының №2 сотының аға сот приставы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button