Ауыл

Тарыға орақ түсті

Қаратал, Қарасу, Құмжарған елді мекендері даңқты тарышы Шығанақ Берсиевтің есімімен байланыстыра аталады. Ойыл өзенінің бойындағы алдыңғы екі ауылдың маңайы отызыншы жылдардың аяғынан қырықыншы жылдардың ортасына дейін атақты диқан тары егіп, әлемдік рекорд жасаған жерлер. Атамыздың кетпені тиген атыздардың сорабы қазірге дейін сайрап жатыр. Ал Құмжарған ауылы кешегі кеңес кезінде Берсиев атындағы кеңшардың белді бөлімшесінің бірі болды. Осы бөлімшенің Қияқты, Шәңке аталатын өңірінде ұжымшардың егіс қосы жұмыс істеп, жыл сайын 10 мыңнан 15 мың гектарға дейін дәнді дақыл салды.

Алайда содан бергі жылдарда бұл өңір егіншілікпен шұғылданбады. Суармалы тары ұмыт қалып, қырлық тары егісімен шұғылданушылардың өзі аз болды.

Міне, соңғы екі-үш жылдан бері ойылдықтар мал өсірумен қатар, егіншілікке де ден қоя бастаған екен. Бұған тамыз айының басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Ойыл ауданына жұмыс сапары кезінде анық көзіміз жетті. Егіншілікпен шұғылдану, оның ішінде Ойылдың бренді тары дақылын қайта оралту — облыс әкімінің тапсырмасы болатын. Оның қалай орындалып жатқанын көрсету үшін алғашқы кезекте ойылдықтар облыс басшысын Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің біз әңгімелеген Құмжарған елді мекенін басып, Қияқты, Шәңке егістік алқабына бастады. Мұнда биыл «Нәби Диас» ауыл шаруашылығы кооперативі  120 гектар жерге тары еккен. Кооператив басшысы Ерлан Қалниязов кооперативтің өткен жылдың желтоқсанында құрылғанын, негізінен ет өндіру бағытын ұстанатындарын, тары егісін алғаш рет қолға алып отырғандарын баяндады. Жақсы көтеріліп, бас алып өскен тары егісі көзге тәуір көрінді. Әлі көк күйін сақтап тұрғанмен, сол жерде мамандар тары егісінен биыл өнім анық болатынын айтты. Кооператив басшысы да жаз бойғы еңбектерінің қайтарымынан үмітті екендіктерін білдірді. Құрамында 21 мүшесі бар кооператив негізінен ірі қара, жылқы өсірумен айналысады. Мынау  қосалқы шаруашылық —сол кооперативті нығайта түсудің бір жолы. Кооперативтің  800 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері бар. Ағымдағы жылы 120 гектар тары егісімен бірге,  15 гектар жерге бақша дақылдарын еккен. Сөйтіп кооператив мүшелеріне жұмыс тауып беріп, өндіріс көлемін кеңейтіп отыр.

Осы бірер күндікте біз Ойыл ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскінбаевпен телефон арқылы хабарласып, аудандағы егін орағының барысын, оның ішінде Шәңкедегі «Нәби Диас» кооперативі еккен тарының жайында білген едік.

— Кооператив орақ науқанын табысты өткізуге жақсы дайындалған. Арнайы «СК-5» комбайнын сатып алған. Бір апта шамасында тарыға сол комбайнды қосып, ору жұмысын бастап еді. Егістің бас жағынан 15 гектардай жақсы орып, бастырды. Алайда егістің бұдан арғы бөлігі, әсіресе, орта шені әлі де көктеу болып шықты. Сондықтан тап қазіргі күні оруды тоқтатты. Шамалы күн күту керек болып тұр, — деді бөлім басшысы.

Маманның баяндауынша, орақ науқаны өңірде қарқынды жүргізілуде. Биыл ауданда суармалы тары егісін салушылардың қатары көбейген. Жекенді өңірінде Жұма Жақыпов бұл іспен бұрынан айналысады. Биыл ол 50 гектар суармалы алқапқа тары салған. Ал Көптоғайдағы Берген Жұмырбаев басқаратын «Жұмырбай» шаруа қожалығы биыл 20 гектар суармалы тары еккен. Алайда бұл аталған шаруашылықтар суармалы тары егісін оруға бел шешіп кірісіп кете қоймаған. Ойдым, ойдым бөлектеп қана орылуда, өйткені, суармалы тары егісі әлі де көктеу.

Кейінгі екі жылдан бері Ғазиз Займолдин басшылық жасайтын шаруа қожалығы Қорғаноба өңіріне қырылық тары егіп, арпа дақылын өсіріп жүр. Өткен жылы тарыдан жоғары өнім алды. Арпа дақылы да бітік шықты. Биыл бұл шаруа қожалығы қырлық тары және 400 гектар алқапқа арпа еккен. Қазіргі кезде арпа егісін жинауды аяқтай келген. Арпа дақылының түсімі жақсы. Ал қырлық тары кештеу егілгендіктен, кештеу орақ салуды ұйғарып отыр.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button