Мереке

«Он тоғызыншы» көктем…

… Сұхбаттасуға әрең көндірдік. Өйткені уақыты жоқ. Зулап өтіп жатқан уақыттың әрбір минутына дейін «үнемдеп» пайдаланатын ханымның, шынында, кәдімгі сылқым әйелдерше сағаттап косметологтың, шаштараздың алдында отыруына, не дене бітімі сұлулығын сақтауы үшін дене шынықтыру залдарында жаттығумен айналысуына, тіпті ас үйде ыңылдап ән айтып жүріп тәтті тағам дайындауына да уақыты бола бермейді. Заты әйел болса да, анау-мынау жігіттің қолынан келмеуі мүмкін үлкен істің басында жүргесін шығар, жауапкершілігі, жүгі мол жұмыстан бұрылып кете алмайды. «Күндер былай тұрсын, кейде айлардың қалай зымырап өтіп кеткенін байқамай қаламын», —дейді.

Облыстағы ең үлкен әрі үздік банктердің бірі саналатын «БТА Банк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Дания Еспаеваның қазіргі шыққан биігі мен алған асуының артында бір күлкісі кем балалық, үмітке толы жастық шағы мен маңдайдың төгілген тері сіңген жарты ғасыр ғұмыры жатыр.

Дания көктемде Мәртөк ауданының Жайсаң ауылында туған. Анасы он екі құрсақ көтеріпті. Бірақ соның төртеуі ғана жарық дүниеге жармасып, адам боп кеткен. Дания — үйдің кенжесі. Ол туғанда анасы Әсима 48, әкесі Мәди 61 жаста болыпты. Қартайғанда көтерген бала өмірге келгенше асыққан әке-шеше «дүниеге ат ұстар келсе, кәрі әке-шешесіне тірек болар, кесте тігер келсе, Жайсаңды аузына қаратқан сұлу болар» деп армандапты.

«Дәл мен өмірге келетін күні әкем Орынбор ауруханасында ауыр науқаспен күресіп жатқан. Дәрігер оған ота жасатса, он, әрі кеткенде он екі жыл өмір сүруге мүмкіндігі бар екенін, ал ота жасатпаса, үш айдан артық өмір сүрмейтінін айтса да, ескінің салтын берік ұстанған әкем «пышаққа түспеймін» деп көнбей қойыпты. Дәл сол мезетте әкеме өмірге қызы келгені жайында қуанышты хабар жетеді. Қызының қызығын көруге Алла жазған шығар, әкем бірден ота жасатуға келісім берген. Содан ол тастай он екі жыл өмір сүрді. Яғни, менің өмірге келгенім үшін оған Алла тағала он екі жыл сыйлапты»,  ― дейді Дания.

Дания бір жасында анадан, он екі жасында әкеден қалады. Әкесі дүние салғанда сол үйдің бар ауыртпалығын алып қалған үлкен ұл 25 жаста ғана болған. Үйдегі төрт баланың ішіндегі ең елгезегі, оқуға ынтасы да, ықыласы да зор, таланттысы да Данияның осы үлкен ағасы Едірес болыпты. Бірақ бауырларын аяғына тұрғызу үшін оқуға да бара алмаған. Есесіне, жары Сәлима екеуі артынан ерген үш баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бағып-қағып өсірді, адам қатарына қосты. Дания бұларды туған әке-шешесінен кем көрмейді. Мектеп бітіріп, оқуға барғанында, тіпті тұрмысқа шыққанынша Данияның күлсе, бірге қуанып, мұңайса, бірге күңіренген жанының жалауы болған да осы бауырлары.

Дания ешкімге еркелеп өскен жоқ. Әкесі қартайғанша бала қамымен таңның атысы күннің батысы шаруашылықпен жүрді. Үлкен бауырларының да бір күлкісі кем өсті. Әкесі балаларын өле-өлгенше адалдыққа тәрбиелеп өтті. «Менің дұрыс адам болып қалыптасуым әкемнің тәрбиесінен деп есептеймін. Ол кісі «малым ―жанымның, жаным ― арымның садағасы» деген принципті берік ұстанған жан. Қарапайым шаруа кісі болса да, ауылдағылар оны соншалықты құрмет тұтатын, ақыл-кеңес сұрап, үнемі үйге кісілер  келетін де тұратын. Өте шыншыл, адал адам еді. Және шыншыл, адал болу керектігін барлығымызға үйретіп кетті. Әкемнің менің кеудеме жаққан осы қасиеттері менің де басты принциптерім болып келе жатыр», ― дейді ол.

Дания мектепті жақсы бітірді. Ол үнемі әлсіздерді, дәрменсіздерді күштілерден қорғағысы келетін. Сөйтетін де, адвокат болғысы келетін. Оныншы сыныпты бітіргенде Ақтөбе қаласының өзін бірінші рет көрген Дания білім іздеп, Алматыға бет алғанда жолға жалғыз шығады. Ол кезде ҚазМУ-дың заң факультеті мен халық шаруашылығы институтына анау-мынау адам қабылдана алмайтын, іріктеу өте қатаң өтетін болыпты, талап та жоғары болған. Бірінші жылы Дания ҚазМУ-дың заң факультетінен «құлап» қалып, ауылға қайтып келеді де, бір жыл ағасы мен жеңгесінің қолында отырады.

Екінші жылы ҚазМУ-дың заң факультетіне тағы барып, тағы «құлап» қайтады.

― Құжаттарымды халық шаруашылығы институтына тапсыруға да үлгермедім. Енді тағы бір жыл үйде отыратын болдым-ау деп мұңайып келе жатқанымда, трамвайдың терезесінен бір ғимараттың алдында шоғырланып тұрған адамдарды көріп, сол жерден түсіп қалдым. Маңдайында «Учетно-кредитный техникум» деген жазуы бар екен. Ол кезде «кредит» дегеннің не екенін түсінбеймін. Жиналған адамдардың әңгімелерін тыңдап қарасам, бүгін құжаттарды қабылдайтын соңғы күн болып шықты. Енді осы оқу орнына тапсырмасам, бір жылымның тағы күйіп кететінін ойлап, не болса да осы оқу орнына ілігейін деп шештім. Сөйттім де, қалың топтың ортасына қойып кеттім. Әйтеуір өзім мүлде түсінбейтін «Денежное обращение кредита» деген факультетке құжаттарымды тапсырып, студент боп шыға келдім», ― дейді Дания.

Дания техникумды үздік бітіреді. Ол уақытта техникумды өте жақсы аяқтаған балаларға дипломды Мемлекеттік банк ғимаратында беретін болған. Ауылдан кеше ғана келген қаршадай қызға Мемлекеттік банк бастығының орынбасары өз қолымен диплом табыстап, болашақ өмірге берілген жолдамадай ― туған Ақтөбесіне жұмыс жасауға жолдама бергенінде Данияның төбесі көкке жеткендей болады.

Ақтөбедегі Мемлекеттік банктің филиалына жұмысқа қарапайым маман болып келген Дания түрлі баспалдақтардан өтіп, қазір «БТА Банк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры болып отыр.

― Адамдардың бір-біріне деген сенімін жоғары бағалаймын. Сенім жоқ жерде ештеңе де болмайды. «Тұран Әлем Банкі» АҚ Ақтөбе филиалында біраз жыл еңбек еттім. Сол кездегі басшымыз Генриг Холодзинский қарапайым маманды бөлім бастығы, аз уақыттан соң директордың орынбасары етіп тағайындағанда, өзіме артылған жауапкершілікті көтере алатыныма сенген болуы керек. Жалпы, ол кісімен жұмыс жасаған өте қызық еді. Қызметкерлерін жұмысқа қызықтыра білетін, күн батқанша кеңседе отырсақ та, бір қабақ шытпайтын едік. Ол кісіден көп нәрсе үйрендік. Маманды сырттан іздемейтін, қол астындағы қызметкерлерін үйретіп, кәсіби деңгейі жоғары, шебер банкир қылып шығаратын. Және айналасына тамыр-таныстарды емес, нағыз еңбекқор, табандыларды тартатын, ― дейді Д.Мәдиқызы.

Данияның айтуынша, қазіргі «БТА банкінің» Ақтөбедегі филиалының облыстағы үздік банктердің бірі болып отырғаны оның бұрынғы басшылықтың негізін нық қалап кеткенінің нәтижесі.

Дания 2006 жылы «БТА Банкінің» Ақтөбедегі филиалының директоры болып тағайындалды. Сонау жылы КазМУ-дың заң факультетіне оқуға түсе алмай, амалсыз техникумда оқуға мәжбүр болған Дания қыз білдей бір облыстағы банктің директоры боламын деп әсте ойламаған еді. Артында үш бауырынан басқа сүйенер тауы жоқ қаршадай қыз бай ағайыны, мықты көкесі, беделді тамыры мен ықпалды танысы жоқ болса да, сондай үлкен дәрежеге жетті. «Мүмкін, біреулер үшін банк филиалының басшысы болу соншалықты жетістік емес шығар, қазір кім басшы болмай жатыр деп ойлайтындар да табылар. Бірақ мен үшін бұл ― зор жетістік, үлкен жеңіс. Өйткені мен бұл белеске еңбегімнің арқасында жеттім. Менің өмірім ― тамыр-таныстықсыз, өзінің еңбегімен, табандылығымен үлкен жетістіктерге жетуге болатындығының үлгісі бола алады деп ойлаймын», ― дейді Дания.

Бір биікке жету, әлбетте, қиын, сол биікте абыроймен отыру одан да қиын. Данияға банкті басқару әрі қиын, әрі оңай. Қол астында үш жүзден астам қызметкері бар Дания банктердің басына бұлт үйірген экономикалық дағдарыс кезінде өз үйіне жұт келгендей қиналды. Банктің һәм оның клиенттерінің зардап шекпеуі үшін барын салды, екі жаққа да тиімді болудың қамын ойлап зыр жүгірді. Жүгірістің соңы тағы да жетістікке әкелді. Кезінде осы банктен несие алып, өз ісін ашқан тұлғалар басына күн туған банкті тастап кеткен жоқ. Жүкті жұмыла көтерді. Ал амалсыз басқа банкпен жұмыс жасауға тура келген клиенттердің дағдарыс аяғын тарта бастағалы бері  «БТА»-ға қайтар жолындағы көші әлі толастар емес.

Данияға банкті басқаруға оңай болатыны — команданың мықтылығынан. «Менің әр орынбасарым, әрбір бөлім бастығым, әрбір бас маманым мен мамандарым өз ісіне жетік, кәсіби адамдар. Әрқайсысы өз жұмысын жақсы біледі. Мен оларға өзімдей сенемін. Сол сенім маған жұмыс жүрмей қалады деп қорқуыма жол бермейді», ―дейді директор.

Қазір «БТА банкі» филиалы ― облыстағы басқа банктер арасындағы ең үлкен филиал. Оның аймақта жиырма жеті бөлімшесі бар. Жалпы, «БТА банкі» жүйесіндегі ең үлкен филиал да Ақтөбе облысына тиесілі. Және Ақтөбедегі филиал үш жыл қатарынан өзге облыстардағы «БТА банкі» филиалдарының қатарында ең үздік боп шыққан. Және… Ақтөбедегі филиалды ғана бірнеше жыл бойы әйел басқарып келе жатыр!..

Әдетте психологтар бизнес әлемінде ер адамға қарағанда әйел адам тез көтеріледі дегенді айтады. Неге олай?

— Өйткені әйел —  психолог. Көп нәрсені айтқызбай түсінеді. Және біз әр үйдің тазалығының сақтаушысы емеспіз бе?  Мысалы, әрбір әйел үйге келгенде төсек-орынның, ыдыс-аяқтың тап-таза болып жиналып тұрғанын, әр заттың өз орнында тұрғанын қалайды. Сол тазалықты, жинақылықты, сондай тәртіпті әйел адам жұмыс орнында да талап етеді. Яғни, әйелдің бойындағы тазалыққа, тәртіпке негізделген қасиет бизнесте ғана емес, кез келген жұмыста көмектеседі,  — дейді Дания.

Дания мінезі жұмсақ, қол астындағы қызметкерлеріне бақырып-шақырып айқайлағанды ұнатпайтын бастық. Қандай жағдайда да қызметкердің жағдайын түсінуге тырысады. Қызметкерлерінің ғана емес, банк клиенттерінің де жағдайын түсінгісі келеді. Несиесін өтей алмай жылап келгендерге көмектескісі келгенімен, банк ережесі оған рұқсат бермейді. «Сондайда шаршаймын. Әрбір жылап келген адамның орнына өзімді қойып салыстырамын. Соның барлығын жүрегіме жақын қабылдағасын шығар, үйге кейде соншалықты шаршап қайтамын», — дейді. Шаршағанымен, үйге жете төсегіне құлауға… болмайды. Данияның ержеткен екі ұлы бар. Үлкені Ғалымжан үйленген, қазір ол КИМЭП-те оқып жатыр, кенжесі Әнуар мамасының қасында, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқиды. Екі ұлы да экономика саласы бойынша білім алып жатыр. Келіні Мира шығармашылықтың адамы, дизайнер. «Келінім өте жақсы адам болып шықты. Көрген жұрт келбетінің маған ұқсайтынын айтады. Мінезі де ұқсайтын секілді. Жұмсақ. Үйде қыз бала болмағасын шығар, келінім әуелі түскен кезде қызық көрінді. Жұмыстан шаршап келгенде алдымнан жүгіріп шығып, «біздің мамамыз келді» деп бетімнен сүйіп жатады. Ер балалар олай жасамайды ғой…», — дейді.

Әдетте анасы көп көңіл бөле алмаған балалар сотқар, содыр, тәрбиесіз боп өседі ғой. Данияның Ғалымжаны мен Әнуары ондай емес. Оның құпиясы мынау — қай жағдайда да анасы балаларымен ашық сөйлесуге тырысты, олардың арасында айтылмаған әңгіме, шешілмеген проблема болған емес. Сондықтан шешесі ұлдарының ойында не бар екенін, не үшін қуанып, не үшін қиналып жүргенін үнемі біліп жүрді және барлық мәселені бірге шешуге тырысты. Қазір ұлдары анасын, анасы ұлдарын мақтан тұтады.

Данияның жанын жадырататын — балалары. Ал қиналғанда… «Құран» кітабын оқиды. Поэзияны жақсы көреді. Кейде ауылға, Жайсаңдағы әке-шеше тұрған үйге, балалығы өткен үйге барып қайтады. Бір-екі сағатқа болса да, сол үйге барып, шалқасынан жатып демалып, жеңгесінің шайын ішіп, ауылдың ауасымен тыныстап, әке-шешенің басына барып қайтады… «Сол үйден бір қуат алатын сияқтымын. Шаршағанда, қиналғанда сол үйге кеткім келіп тұрады. Бірақ ауылдың өмірі қиын ғой, осыдан бір-екі жыл бұрын ағам мен жеңгеме қалаға көшіп келуге кеңес бергенімде, ағам «Данияш-ау, біз көшіп кетсек, сен қайда келесің, онда ауылға тіпті келмейсің ғой» демесі бар ма. Қазір ойласам, ағам дұрыс жасапты», — деп жымияды Дания.

Бала кезден шешімді өз бетімен қабылдауға үйренгеннен шығар, Дания тұйық боп өскен. Қазір де солай. Проблемаларын ешкімге тіс жарып айтпайды, өйткені бауырлары үшін Дания мықты адам, үйдің кенжесі болса да, барлығы соған арқа сүйейді. Дания да бауырларына қолдан келгенше қалқан болуға тырысады. Әсіресе, әкесі мен шешесіндей болған ағасы мен жеңгесіне қараспаған кезі болған емес. Оларға көмектесуді парызы санайды. Жеңгесін «жеңеше» деп атағанымен, туыстардың басы қосылған жерлерде, тойларда «менің анамдай болған жан» деп сөйлейді. Той демекші… әрбір көктем Дания үшін кішігірім тоймен басталады. Өйткені наурыздың бесінші жаңасы оның туған күні. Осы күні жұмыс бөлмесі гүл сататын салондарға ұқсап кетеді… Оның өзі де гүл сияқты ғой. Өте әдемі әйел. Бірақ, анау ойлағандай, оның жеке косметологы да жоқ, сұлулық салондарына да сирек барады, спортпен мүлде айналыспайды, өйткені уақыты жоқ. Тек шаштаразы бар. Онда да шаштаразда сағаттап отыруына уақыты жетпейді, әрі кетсе, 10-15 минутқа жүгіріп барып қайтады.

Данияның айтуынша, бизнесте ғана емес, барлық жұмыста жетістікке жетудің бір ғана құпиясы бар — өзіңнің жасап отырған жұмысыңа деген адалдық, соған жан-тәніңмен берілу және қандай жағдайда да әділетті болу.

«Менің орнымда болса, кез келген әйел осылай жасар еді. Жетістікке, осы биікке жетуіме тағдырым жетелеген болар. Егер әке-шешемнің алақанында, ештеңені ойламай, еркелеп өссем, нағыз күрескер болмаған болар едім деп ойлаймын. Тағдыр мені күрескер етіп тәрбиеледі», — дейді.

Қалай десек те,  Дания — бақытты әйел. Әрбір әйелдің, әрбір ананың арманы секілді, оның да арманы біреу — балаларының, немерелерінің қызығын көру.

«Жақсы ұл туған ананы ханым десе болады» деген сөз бар. Ендеше, «он тоғызыншы» көктеміңізбен, Дания ханым!..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button