БілімБасты жаңалықтар

8 жаңа мектеп — Білім күніне сыйлық

Білім күні Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданында және К.Нокин ауылында, сондай-ақ Мұғалжар ауданының орталығында жаңа мектеп ашылды. Мектептердің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

 1-сыныпқа 27 бала қабылданды

Облыс басшысы алдымен К.Нокин елді мекенінде бой көтерген 320 орындық №65 орта мектептің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жалпы алаңы 5 214,7 шаршы метрлік ғимараттың құрылысы өткен жылы қазан айында басталған. Мердігер ұйым — «ӘлиханОйл» ЖШС. Жаңа білім ордасын салуға ҚР Ұлттық қорынан 621,9 млн теңге бөлінген. Мектеп үш қабаттан тұрады.

Мектеп бір ауысымда 320 баланы қабылдауға дайын. Бұл мектептің ашылуы бүгінге дейін үш ауысымда оқып келген Благодар орта мектебіндегі қиыншылықтарды жеңудің бірден-бір жолы. Мектеп жаңа үлгідегі жиһаздармен жабдықталды. Оқушыларға арналған 716 шаршы метрлік спорт залы, мектеп ауласында баскетбол, волейбол, жүгіруге арналған арнайы алаңдар, сондай-ақ бір мезгілде 90 баланы қабылдайтын асхана бар. Биыл 1-сыныпқа 27 бала қабылданып отыр. Жаңа білім ордасында жалпы саны 14 сынып-комплект болса, оның алтауы жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алады. Мұғалімдердің барлығы Благодар орта мектебінен келді. Қазіргі кезде Кеңес Нокин ауылында Благодар орта мектебі екі тілде 587 балаға білім береді. Ал жаңадан ашылып отырған №65 орта мектепте 300 бала білімін алады, — дейді №65 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Марфуха Жантурина.

Оқушылардың төл мерекесінде ашылған жаңа ғимараттың айналасы мұнтаздай таза, алыстан көз тартады.

Салтанатты шарада Білім күнімен, сондай-ақ, жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарына шынайы тілегін жеткізді.

Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы оның білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда білім беру саласына ерекше көңіл бөлінеді. Өткен ширек ғасырда елімізде 400-ден астам жаңа мектеп салынды. Барлық мектептер қазіргі халықаралық стандарттарға сәйкес. Сондай-ақ бүгінде барлық облыста Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Ал Астанадағы Назарбаев университеті еліміздегі білімді, өнерлі жастарға терең білім беруде.

Бүгінгі күні біздің облыста 24 мектеп салынып жатыр. Оның 14-і биыл ашылады деп жоспарлануда. Ал жаңа оқу жылында 8 білім ордасы пайдалануға беріліп отыр.

Кеңес Нокин ауылында осыдан он шақты жыл бұрын халық саны аз болса, қазір тұрғындар саны 3 мыңға жетіп отыр. Бұрын бұл ауылда бір мектеп болса, қазір оған балалар сыймай жатыр. Сондықтан біз ауылдың осы «Астана» аталатын ауданында жаңа мектеп салуға шешім қабылдап, балалардың жақын жерден жаңа мектепке баруына жағдай жасадық.

Ахмет Байтұрсынов айтқандай, мектептің жаны, жүрегі — ұстаз. Еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеуде ұстаздардың орны бөлек. Сондықтан ұстаздардың қиын жұмыстарын бағалай отырып, оларға ерекше рақмет айтамыз. Ал ата-аналарға айтарымыз, сіздердің міндеттеріңіз — балаларыңызға жақсы тәрбие беру, ата-аналық борыштарыңызды орындау. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарыңызға сәттіліктер тілей отырып, барлығыңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! — деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада мектеп құрылысын жүргізген мердігер ұйым «ӘлиханОйл» ЖШС директоры Зұлқожа Қожаев мектеп директорының міндетін атқарушы М.Жантуринаға білім ордасының символикалық кілтін табыстады.

Бұдан кейін ауыл тұрғындары атынан ардагер-ұстаз Жадыра Қамбарова сөз сөйлеп, Елбасына, облыс басшысына алғысын айтып, тілегін жолдаса, 11-сынып оқушысы Назерке Мұхтар арнау өлеңін оқып берді.

Лента қию рәсімі жасалғаннан соң облыс басшысы бастаған топ жаңа ғимараттың ішін аралады.

«БАТЫС-2» АУДАНЫНДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ

Мереке күні Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданында екі жаңа мектеп ашылды.

Оның бірі — 320 орындық М.Дулатов атындағы №63 орта мектеп.

Жалпы аумағы 5 217,1 шаршы метрлік ғимарат үш қабаттан тұрады. Ғимаратта 15 оқу кабинеті, сондай-ақ аспаздық кабинет, шеберхана, дене шынықтыру залы, хореографияға арналған залдар мен арнайы зертхана бар. Әр қабатта оқушылардың таза су ішуіне арналған аквафор құрылғысы орнатылған. Мектептің ауласында әр түрлі алаңдар жасақталған.

Жаңа мектеп №23 орта мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында салынған. Мектептің құрылысын «Элитстройсервис» ЖШС жүргізген.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Бүгінгі күні сонау өткен ғасырда қиын кезеңдерде алғаш болып мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин мен Абай, Шоқандардың бастаған ілімі, игілікті істері еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жалғасып жатыр. Кеңес үкіметі кезінде мұндай мектептер болған жоқ. Ол кезде компьютер, ақпараттық технология да болмады. Бүгінде Елбасы тапсырмасымен жастардың жақсы білім алуы үшін облыста зәулім мектептер бой көтеріп, оның ішінде зертханалар, кітапханалар, балаларға арналған кабинеттер жасақталуда. Мұның бәрі мемлекетіміздің дамығанын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын осы ауданда ешқандай үй болған жоқ. Қазір қаншама тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Сондықтан облыс басшылығы атынан сіздерді жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, оқуда озат, табысты болуларыңызды тілеймін! — деді Б.Сапарбаев.

Мектептің ашылу рәсімінде ауданның ақсақалдары мен ардагер-ұстаздар тілектерін айтып, жиналғандарға 1-сынып оқушылары ән мен жырдан шашу шашты.

Мектептің ашылу салтанатына арнайы келген облыс басшысына ұстаздар мен оқушылар қауымы да алғыстарын жаудырып жатты.

Бердібек Сапарбаев осы аудандағы 600 орындық Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектептің ашылу салтанатына да қатысты.

Шарада алдымен бишілер тобы ортада қазақ биін билеп, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады. 1-сынып оқушылары өлең оқып, жаңа білім ордасының салынуына қолдау білдірген облыс әкіміне өз ризашылықтарын білдірді.

Бұдан кейін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жиналған көпшілікті жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

— «Батыс-2» шағын ауданы бұл — жаңадан бой көтерген аудан. Соған қарамастан бұл жерде қазір тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Балабақша, мектеп, спорт кешені жұмыс жасайды. Тұрғындардың демалуына арналған «Денсаулық» саябағы тағы бар. Сондай-ақ бұл ауданда балалардың шығармашылықпен айналысуы үшін Шығармашылық академиясы орналасқан. Біз балаларға, ең алдымен, білім беруіміз керек, одан кейін балалардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыруымыз керек. Ол үшін әрбір оқушы спортпен, өнермен шұғылдануы қажет. Аталған әлеуметтік ғимараттардың барлығы осы мақсатта салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатыр, — деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада мектептің құрылысын жүргізген «Интерстиль» ЖШС директоры

Гнель Сарибекян мектеп директорының міндетін атқарушы Әліби Латыпқа мектептің символикалық кілтін табыстап, лента қию рәсімі жасалды. Сондай-ақ ортада мектеп оқушылары алғашқы қоңырау соғып, өнерпаздар ән шырқап, би биледі.

Облыс әкімі бастаған топ мектептің ішін аралап, ұстаздармен тілдесті.

Айта кету керек, аталған мектептің жалпы аумағы — 8478,7 шаршы метр. Мектеп үш қабаттан тұрады. Онда асхана, спорт залы, акт залы, оқу және арнайы жабдықталған кабинеттер бар.

ҚАНДЫАҒАШТА ЕСЕТ БАТЫРҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Түстен кейін облыс басшысы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласына барды. Бұл жерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 600 орындық №1 орта мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Құрылысы өткен жылы басталған мектепке ҚР Ұлттық қорынан 1 122,7 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме — «Бабэк Құрылыс» ЖШС.

Мектептің жалпы аумағы — 8478,7 шаршы метр. Ғимаратта спорт залы, акт залы, оқу кабинеттері мен кітапхана орналасқан. Мектептің алдында іс-шаралар өткізуге арналған  алаң бар.

Салтанатты шарада облыс басшысы Бердібек Сапарбаев аудан тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Облыс әкімі жұмыс сапары аясында Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығына орай аудан орталығында орнатылған ескерткіштің ашылуына да қатысты. Ескерткіш «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілердің қаржысына тұрғызылған.

  • Қазақта «Тарихсыз болашақ болмайды» деген сөз бар. Сондықтан Елбасының «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сәйкес біз ескі тарихымыз бен құндылықтарымызды қайтадан жаңғыртып жатырмыз. Оның ішінде «Туған жер» бағдарламасы тағы бар. Былтырдан бастап облыста «Туған жерге тағзым» акциясын жүргізіп жатырмыз. Сондағы мақсатымыз — қазіргі ұрпаққа тарихымызды жеткізу, болашақ ұрпақты өз ұлтын, Отанын сүюге тәрбиелеу.

Биыл өңірімізде Есет батырдың 350 жылдығын атап өтіледі. Қазан айында Ақтөбе қаласында іс-шаралар өтеді. Алға ауданында да көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Бүгін, міне, Қандыағашта батыр бабамызға арналған ескерткіш ашылып отыр. Бұл ескерткіштің ашылуы — ұрпаққа үлгі-өнеге, үлкен тәрбие. Бұл әрбір азаматты өз елінің патриоты болуға, аумалы-төкпелі заманда өз ұлтын, Отанын сүйіп, қорғауға тәрбиелейді. Сондықтан біз үшін мұндай игілікті істердің берері мол. Батыр бабамыздың әруағы қолдап жүрсін! — деді Б.Сапарбаев ескерткіштің ашылу салтанатында.

Бұдан кейін шарада ауданның ақсақалдары мен батырдың ұрпақтары сөз сөйлеп, батырға арналған ескерткіштің мән-маңызына тоқталып, Есет Көкіұлының тарихта алатын орны туралы айтты.

Жұмыс сапарының соңында Бердібек Сапарбаев аудан орталығында жаңадан төселген көлік жолдарын қарап шықты.

Р.S. Биыл жаңа оқу жылында Ойыл, Мұғалжар, Ырғыз, Шалқар аудандарында да жаңа мектептер ашылды. Осылайша Білім күні облыста 8 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ биылғы оқу жылында облыста 57 мың бала (1,2,5,7-сынып оқушылары) жаңартылған білім мазмұны бойынша оқиды. Ал оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button