Мереке

8 наурызда туғандар

«Арманым көп»

Гүлмира үшін бұл мерекенің орны бөлек. Осы күні оның ата-анасы, бауырлары, достары қос мерекесімен құттықтап, туған күн кешіне жиналады.

365 күннің ішінде мен үшін ерекшесі — 8 наурыз. Бұл күн аналардың, қыз-келіншектердің мерекесі екені өз алдына, менің  дүниеге келген күнім. Сондықтан осы күні мен өзімді бір сәтке болса да әлемдегі ең ерке, ең бақытты адамдай сезінемін, — дейді Гүлмира Есқалиева. Ол қымбат сыйлық алу шарт емес екендігін айтады.

Ең бастысы — көңіл бөліну. Соның өзі көңіліңді көтеріп, мерейіңді өсіреді. Сондай-ақ туған күннің де, 8-наурыздың да гүлсіз сәні жоқ, — дейді кейіпкеріміз. Ол ерекше есте қалған туған күні туралы былай дейді:

15 жасқа толған туған күнімді тойлау үшін сыныптастарымды үйге қонаққа шақырғанмын. Ол кезде қазіргідей диск, флэш-картаға түсіріп алып, қоса беретін техника жоқ. Әнді күйтабақтан тыңдаймыз. Магнитофон да қол жете бермейтін бұйым. Ауылда 5-6 үйде ғана болатын. Кассеталарды да әр үйден жинап алатынбыз. Сондықтан кімнің үйінде бастаңғы, қонақ шақырылатынын ауылдың барлығы біліп отырады. Сол сияқты қанша жасырғымыз келгенмен, біздің сыныптың туған күн тойлайтынын мұғалімдеріміз біліп қойыпты.

Кешкілік қонақтарым келді: ақ тілектер айтылды, ән шырқалды. Енді биге кезек келгенде, әлгінде ғана клуб меңгерушісінің үйінен кассета әкелуге кеткен сыныптасым түсі қашып, ентігіп келді. Сөйтсе, ол жолда біздің үйге қарай сынып жетекшісі мен комсомол ұйымының хатшысы келе жатқанын көріп қалыпты. Мұны естіген біз үйден дүркірей қаштық. Аяқ киімдерімізді алмастырып киіп алғанымыз өз алдына, тіпті сыңар аяқ киіммен де қашқандарымыз болды, — дейді Гүлмира. Ол Ақтөбе қаласындағы темір жол ауруханасында қызмет істейді.

Медицина саласының қызметкерлері мерекеде демалмай жұмыс істей береді ғой. Сондықтан кезекшілік келсе, мереке, туған күнге қарамай жұмыста боламыз, — дейді кейіпкеріміз. Ол арманының көп екендігін айтады.

— Ең бастысы, ұлым Асқарға саналы тәрбие беріп, азамат етіп қалыптастыру, — дейді Гүлмира.

Нұрайымның қуанышы

Нұрайым 8 наурызда 8 жасқа толады. Ол туған күнінің қыз-келіншектер мерекесіне дәл келгеніне қуанады.

—  Себебі, мен туған күнді әлемдегі барлық апалар асыға күтеді. Осы күнді олар ерекше ықыласпен тойлайды. Яғни, мен туған күн елеусіз өтпейді, — дейді Нұрайым. Оның Айшолпан, Арайлым есімді сіңлілері бар.

Біз қазір мерекеге дайындалып жатырмыз. Әжеміз бен анамызға арнап концерт ұйымдастырамыз. Айшолпан кештің жүргізушісі болады, — дейді Нұрайым. Кейіпкеріміз Байғанин ауданындағы №1 Қарауылкелді орта мектебінде 2-сыныпта оқиды. Ол —  оқу озаты, үлгілі оқушы. Нұрайым барлық пәндерді қызыға оқитындығын айтады.

Әсіресе, ана тілі, бейнелеу өнері, еңбек пәндері ұнайды. Би үйірмесіне қатысамын. Ләззәт апайдың арқасында біраз биді үйрендім. Сурет салғанды да ұнатамын. Болашақта суретші болғым келеді, — дейді кейіпкеріміз. Нұрайым  мектептегі шараларға да белсенді қатысады екен.

Жақында бастауыш сыныптар арасында өтетін «Көктем аруы» байқауына әзірленіп жатырмын.

Әжем Ақжонас пен анам Айнажанды және сынып жетекшім Мейрамгүл апайды (Төлегенова)  8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Оларға барлық жақсылықты тілеймін, — дейді Нұрайым Қуанышбек.

«Мерекенің бір-ақ рет болуы аздық етеді»

Айнагүл сыйлықты үлкен, кішкентай, қымбат, арзан деп бөлмейтіндігін айтады.

Ең бастысы, шын көңілмен берілген сыйлық құнды. Жалпы, мен сыйлық алғаннан гөрі сыйлық бергенді, жақындарымды қуантқанды ұнатамын, — дейді кейіпкеріміз. Ол қонақ қарсы алу, қонақ күтуге де ерекше ықыласты екендігін айтады.

Қонақты жиі шақырғанды, аста-төк дастарқан жайғанды ұнатамын. Және тамақ дайындау — сүйікті кәсібім. Интернеттен түрлі ас мәзірлерін қарап, сол бойынша тағам әзірлеймін. Мен әзірлеген ас өте дәмді болады, — дейді Айнагүл.

Кейіпкеріміздің пікірінше, қыз-келіншектер  мерекесінің жылына бір-ақ рет болуы аздық етеді.

8 наурызда әрбір әйел өзін нағыз әйел ретінде сезінеді.  Оларға күн сайын құрмет көрсетіліп, күн сайын осы мерекедегідей назар аударылса, артық етпейді.

Көктемнің әсем мерекесі — 8 наурыз әйелдер күнімен барша аналарымызды, әжелерімізді, қыз-келіншектерді, сіңлілерімді құттықтаймын. Отбасымыз аман, еліміз тыныш болсын, — дейді Айнагүл Бөлентаева.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button