Денсаулық

Алғыс арқалаған Әлия

Өз ісіне барынша берілген, адал еңбегінің арқасында көптеген алғыстар арқалаған жандар болады. Сондай жанның бірі — Әлия Бисенғазина.

Ол — Ақтөбе облыстық клиникалық балалар ауруханасының педиатры, шәкірттер тәрбиелеуші білікті ұстаз. Бала күнімізде бізді емдеген дәрігерге осы күні өз сәбилеріміздің денсаулығын сеніп тапсырып, емдетеміз.

Әлия Орынбасарқызы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын 1977 жылы тәмамдап, еңбек тәжірибесін өзінің туған жері Қобда жерінен бастады. Жиырма жылға жуық аудандық денсаулық сақтау саласында қызмет етіп, аудандағы сәбилердің денсаулығын жақсартуға бар күшін жұмсады. Күні-түні тыным таппай, сүйікті ісіне бар білімін, күш-жігерін арнады. Ата-аналардың алғысына ие болды. Қазір Ақтөбе қаласында жемісті еңбек етіп жүр. 1994 жылдан бері М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенттеріне білім беріп, өз тәжірибесін бөлісе отырып, облыстық клиникалық балалар ауруханасында жұмыс істейді.

Өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын дәрігер талайды ажалдан арашалап қалды. Кәсіби міндетінен де артық елге қызмет етіп, қолдан келсе көмектесіп жатады.

Әлия Орынбасарқызын және ол қызмет атқаратын облыстық клиникалық балалар ауруханасы ұжымының ақ халатты қыз-келіншектерін көктеммен бірге келетін

Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, отбасыларына құт-береке, еңбекте мол ырыс-несібе тілейміз. Осындай әдемі қалыптарыңыздан таймай, бауыр етіміз — бала денсаулығын сақтауда талмай еткен еңбектеріңіз тек алға бассын демекпіз.

Бір топ ата-ана атынан Райгүл СУЛИКАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button