БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылы: 407 мектеп. 132 мыңнан астам оқушы

2 қыркүйек — Білім күні

Облыстағы 407 мектепте алғашқа қоңырау рәсімі салтанатты түрде өтеді. Жалпы облыста 132 мыңнан астам оқушы бар. Биыл  мектеп табалдырығын аттайтын балалардың саны 16 мыңнан асады. Жаңа оқу жылында 1,2,5,7-сыныптың оқушылары 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша оқиды.

Биылғы оқу жылының ерекшеліктері неде? Үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешілуде? Біз облыс мектептерінің жаңа оқу жылына әзірлігі туралы нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен сөйлескен едік.

40 МИНУТ ЖӘНЕ БЕС КҮНДІК ОҚУ АПТАСЫ

Оқу жылының басты ерекшеліктері көп болғалы тұр, — деп бастады әңгімесін Гүлжан Құлыбекова. — Біріншіден, 1,2,5,7-сыныптың оқушылары бес күндік оқу аптасына көшірілді. Сондай-ақ, қазір жалпы 1-11-сынып оқушыларының бәрін де бес күн оқытуға ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Екіншіден, сабақ ұзақтығы — 40 минут болады. Үшіншіден, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен сыныптарда бағалау жүйесі мен сынып журналы өзгереді. Төртіншіден, каникулға шығатын күндер де өзгертілді. Күзгі каникул  7 күн  (30 қазан — 5 қарашаны қоса алғанда); қысқы каникул 10 күн (29 желтоқсан — 7 қаңтарды қоса есептегенде), көктемгі каникул 13 күн (21 наурыз — 2 сәуірді қоса алғанда). Бесінші жаңалық — биылғы оқу жылында 74 мектептегі

8-сынып оқушылары үшін үш тілді оқыту әдісін енгізу мақсатында эксперимент өткізіледі. Бұл мектептерде физика, информатика, химия, биология пәндерінің бірін немесе екеуін (таңдау бойынша) ағылшын тілінде оқыту жоспарланып отыр.

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА 9 МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

Үш ауысымдағы, апатты жағайдағы және саманнан салынған мектептердің мәселесін шешу мақсатында біздің облыста 25 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 9-ын жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланса, алтауы жыл аяғына дейін беріледі, — дейді бөлім басшысы. Оның айтуынша, бұл білім ғимараттарының 4-еуі желіге жаңадан қосылатын мектептер. Мұның үшеуі Ақтөбе қаласында еңсе көтереді. Олар: Нокин ауылындағы 320 орындық мектеп және Батыс-2 шағын ауданындағы 320 және 600 орындық мектептер.

Жаңа оқу жылында Ойыл ауданында екі мектеп ел игілігі үшін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, бұл күні Ырғыз, Шалқар, Мұғалжар аудандарында жаңа мектептер ашылады.

— Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаштағы 600 орындық мектеп апатты жағдайдағы мектептің орнына салынды. Жобаның құны — 1 122 700,0 теңге. Қаржы ұлттық қордан бөлінді, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін 6 мектеп: Ақтөбе қаласы Сазды ауылына қарасты Бауырластар-2 тұрғын үй массивіндегі 600 орындық мектеп,  облыс орталығындағы Ақшат ауылы және Болашақ шағын ауданындағы әрқайсысы 300 орындық мектептер, сондай-ақ, Мәртөк ауданындағы Сарыжар, Родниковка ауылдарындағы әрқайсысы 320 орындық мектептер және Қобда ауданындағы 320 орындық мектеп.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде орналасқан «Сымбат» жеке мектебін мемлекет сатып алды. Сөйтіп, бұл мектеп №62 қазақ мектебі болып ашылады. Бұл мектептің сыйымдылығы — 320 орын.

— Жаңа мектеп сол маңдағы  №6 мектеп пен №11 мектепте бала саны өте көп болуына байланысты ашылады, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 ОҢТАЙЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ: 12 МЕКТЕП НЕГЕ ЖАБЫЛДЫ?

Біздің облыста 214  шағын жинақты мектеп бар. Нормативтік талапқа сай келмейтін мектептердің саны жылдан жылға азайып келеді. 2015 жылы 84 шағын жинақты мектеп талапқа сай келмесе, былтырғы дерек — 65 мектеп. Ал биыл нормативтік талапқа сай келмейтін 52 мектеп бар.

Сол себепті, 12 бастауыш мектеп жабылды. Үкіметтің қаулысына сәйкес, бастауыш мектепте 5 баладан, негізгі мектепте 41  баладан, орта мектепте 180 баладан кем болмауы тиіс. Дегенмен, біз мектеп — ауылдың тірегі екендігін ескеріп, әрі жақын маңда ауыл болмағандықтан кейбір негізгі мектептерді сақтап қалып отырмыз. 20-30 бала оқитын, яғни нормативтік талапқа сай келмейтін негізгі мектептер  Ырғыз ауданында ғана жоқ. Қалған аудандардағы негізгі мектептерді сақтап отырмыз, — дейді білім басқармасының қызметкері.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button