Спорт

Күміс қанатты Мейрамбек

Шалқардың күрес мектебінің даңқы бұрыннан мәлім. Бүгінде құрылғанына елу жылдық мерекесін атап өткелі отырған Владимир Цеханович атындағы спортшылар ұясының бір түлегі Мейрамбек Айнағұлов биылғы Конституция күні қарсаңында мектебіне үлкен сыйлық жасады. Ол Париж қаласында грек-рим күресінен өткен Әлем біріншілігінде кеудесіне күміс медаль тақты. Бұл шын мәнінде облыстың да ерекше мақтанышы болуы тиіс.

Мейрамбек бұл жарысқа мол дайындықпен барды. Сондықтан да болар, алғашқы сайыстан-ақ өзін сенімді ұстады. Ең бірінші кілемге шыққан сәтінде Египеттің палуанын жеңіп, одан кейін үндісті бет қаратпады. Украиналық қарсыласы да тізесін бүгуге мәжбүр болды. Одан кейінгі Оңтүстік Корея палуаны күш иесін амалсыз мойындады. Ал ақтық сында жапондық Кеничиро Фумите аз ғана басымдықпен алға шықты. Әрине, жеңіс жалауын желбіреткенге не жетсін, дегенмен бұл да аз жетістік емес.

Мейрамбек Айнағұловтың есімі спорт әлемінде жанкүйерлерге біраздан бері жақсы таныс. Ол Дәулет Тұрлыхановтың жасөспірімдерге арналған жүлдесі үшін сайыстың үш рет жеңімпазы, Бүкіләлемдік әскери ойындар чемпионатының Қазақстан күресі тарихындағы алғашқы жүлдегері.

Мейрамбектің Парижден алып келген күміс медалын оның жанашырлары алтынға тең деп бағалауда. Өйткені, бұл оның ересектер біріншілігіндегі алғашқы табысы. Бұған дейін жас палуан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы, осы деңгейде Азия чемпионатының қола жүлдегері, ҚР Спартакиадасының чемпионы атанды.

Бір атап өтерлігі, Парижде 71 килограмға дейінгі салмақта ақтық сайысқа шыққан Демеу Жадыраев та қазақстандық грек-рим күресі деңгейінің биіктігін көрсетті.

Мейрамбек Париждегі әлем біріншілігіндегі жеңісінен соң грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болды. Сонымен қатар, алдағы Олимпиадалық ойындарға қатысуға бірден-бір үміткер болып табылады.

Әрқашан да Мейрамбектің жанынан табылатын жаттықтырушылары Рақымжан Бақытжанов пен Қайыржан Бекенбаев оның жеңісін қазіргі уақытта палуан жаттығатын облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің де, сондай-ақ облыстық күрес федерациясының да алған асуы деп деп есептейді. Сондай-ақ олар жергілікті атқарушы биліктің қолдау-көмегін үнемі сезініп отыратындықтарын да сүйіспеншілікпен айтады. Мәселен, Мейрамбек қазіргі уақытта спорттық стипендия алып тұрады, сонымен бірге оған жоғары спорттық жетістіктері үшін Ақтөбе қаласынан пәтер берілді.

Мейрамбек Айнағұловтың жеңістеріне дем беріп отыратын «Ақпан» компаниясының басшылығын, оның президенті Азамат Дүйшекенов пен оның ұлы Әділдің еңбегін және айтпай кетуге болмайды.

Мейрамбек Шалқардағы №1 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің күрес секциясына жеті жасар кезінде барған. Оның алғашқы жаттықтырушысы Рақымжан Бақытжанов қазірге дейін шәкіртінен қол үзген емес. Қарапайым еңбек адамдарының отбасында өскен оның үздіксіз алға ұмтылысы, мақсаткерлігі, табандылығы жеңістерге жетелеп келеді. Бүгінде әкесі Мырзағали, анасы Құндыз балалары әр жарысқа барған сайын бәйгеге жүйрігін қосқан атбегілердей тықыршып отырады.

Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжін тәмамдаған Мейрамбек қазіргі уақытта М. Дулати атындағы Тараз университетінде сырттай оқиды.

Шалқардағы Цеханович атындағы мектептің тағы бір түлегі, облыстық күрес федерациясының өкілі Аспандияр Есенжолов Мейрамбектің спорттағы жетістіктерін тілге тиек ете отырып, жарты ғасыр ішінде өздері ұшқан ұядан халықаралық дәрежедегі 3 спорт шебері, 42 спорт шебері, 3 еңбек сіңірген жаттықтырушы шыққанын тілге тиек етті.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Есенкелді Батырғарин отандық күрес тарихында КСРО халықтары спартакиадасының ең жас чемпионы болып қалды. Асхат Құдайбергенов Әлем кубогының иегері атанды. Ардагерлер арасында Берік Бердалин әлем чемпионы болды.

Алдағы қыркүйек айының орта тұсында Шалқар қаласында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 50 жылдығы құрметіне 2003-2005 жылғы жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілетін болды.

Бұл сайыс та осы мектептің түлегі, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Мейрамбек Айнағұловтың жеңісімен тұспа-тұс келіп, өз мәртебесін биіктете түсері анық.

 Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button