Құқық

Тәуелсіздік тірегі

Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандаған ел егемендігіне  қолымызды жеткізген соң, алдымызда тұрған бағыттардан ел үшін, халық үшін дамуға ең қолайлы, демократиялық жолды таңдау қажеттілігі туындағаны белгілі.

Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырғандығы, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары екендігі мемлекетіміздің басты құжаты — Ата заңымызда баянды етілді.

Тәуелсіздігіміздің басты кепілі және еліміздің басты ұстанымдары мен мемлекеттілік негіздерін қалыптастыратын Конституция республикамыздың осы уақытта жеткен барлық жетістіктері, экономикалық өрлеуі, жалпы халқымыздың татулығы мен тыныштығының басты тірегі десек артық болмайды.

Көптеген зерттеушілердің пайымынша Ата заңымыздың ізгілік және адами құндылықтарды қастерлеу тұрғысынан әлемдегі ең үздік конституциялардың қатарына кіретіндігінің өзі Қазақстан халқын әлемге бейбітшіл, ашық және демократиялық қоғам құруға ынталы ел ретінде паш етті.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты, ынтымақ жолындағы ұлтаралық келісім – осының барлығы сайып келгенде, Конституциямызда баянды етілген басты нормаларды ұстану арқылы жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде Ата заңымыздың тиімділігі мен мызғымастығын білдіреді.

Осы құндылықтарымызды одан әрі нығайту үшін Конституция еліміздің әрбір азаматының жатқа білетін құжаты болуы тиіс, оның нормалары мектеп қабырғасынан бастап өскелең ұрпақтың санасына сіңірілуі қажет. Бұл жолда да елімізде біршама жұмыстардың жүзеге асырылып жатқандығын білеміз, бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар тарапынан құқықтық сауаттылықты насихаттау жұмыстарының жүргізіліп келе жатқандығынан хабардармыз. Бұл бағытта жергілікті соттар да бірқатар жұмыстар атқаруда, осылайша біздің аудандық сотта халықты құқықтық тұрғыдан ақпараттандыру кеңінен жүзеге асырылады. Әр айдың үшінші сәрсенбісі «Ашық есік күні» болып белгіленген, одан басқа түрлі тақырыпта брифингтер, дөңгелек үстелдер, семинарлар, баспасөз мәслихаттары өткізіледі және сот қызметкерлерінің құқықтық тақырыптардағы мақалалары бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі түрде жарық көріп тұрады.

Осы ретте азаматтардың құқықтық сауаттылығының күннен-күнге артып келе жатқандығын атап өткім келеді. Қазіргі таңда халқымыздың арасында Конституция нормаларынан хабары бар азаматтардың көбейіп келе жатқандығы қуантады. Конституциямызда орнықтырылған адам мен азаматқа тән барлық құқықтарын ұғынып, қолдана алатын, қажет жерінде заң талабына сай оларды қорғай алатын азаматтарды кезіктіргенде Ата заңымыз күшінде тұрған осы 22 жылдың ішінде жасалған жұмыстың зая кетпегендігіне көзің жетеді және заңгер ретінде көңілің марқаяды.

 Асқар БИСЕНҒАЛИ,

Ырғыз аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button