БілімБасты жаңалықтар

Сапалы білім — болашақ кепілі

Тамыз кеңесі

«Қазақстанның жаңғыруы 3.0 — білімнің үлесі». Биылғы облыстық тамыз кеңесі осындай тақырыпта өтті. Шығармашылық академиясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты. Сондай-ақ, жиынға Білім және ғылым министрлігінің өкілі, Ақтөбе қаласы және аудандардың әкімдері, аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, кәсіптік-техникалық білім беру, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, педагогтер, жалпы 400-ден астам адам жиналды.

 

ОБЛЫС МЕКТЕПТЕРІНЕ 82 ПЕДАГОГ КЕРЕК

Облыс әкімі бастаған топ алдымен 8 бағытта ұйымдастырылған шеберлік кластары, тәжірибе алаңдарының жұмысымен танысты.

Жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова балабақша, мектеп, кәсіптік білім беру, қосымша білім беру, инклюзивті білім беру, білім саласын қаржыландыру туралы жан-жақты баяндады.

Облыста жалпы 17 129 педагог еңбек етеді. Олардың 2644-і — жоғары санатты (15,4 пайыз), 4659-ы — І санатты (27,2 пайыз).

Дәл қазір облыста 82 педагогке сұраныс бар. Олардың көпшілігі математика, орыс тілі, химия пәндерінің мұғалімдері, — деді басқарма басшысы. Оның айтуынша, барлық ауданда педагогтердің тапшылығы бар. Әсіресе, Әйтеке би, Темір, Қобда, Хромтау, Қарғалы және Ойыл аудандарында сұраныс көп.

С.Өмірбекова педагог тапшылығын ауыл мектептеріндегі сағат санының аздығымен түсіндірді.

Биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 426 түлегі мен Ақтөбе гуманитарлық колледжін бітірген 366 түлектің 262-сі жұмыспен қамтылды.

Өткен оқу жылынан бастап еліміз бойынша 12 жылдық білім беру жүйесі енгізілді. Жаңа жүйеге алдымен 1-сынып оқушылары көшті. Биыл жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 1-сынып балаларымен қатар, 2,5,7-сыныптардың оқушылары да оқытылатын болады.

2019 жылдан бастап 10,11-сыныптардың оқушыларына физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту жоспарланып отыр.

2017-2018 оқу жылында 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша 1574 педагог біліктілігін арттырады.

ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

Бүгінде облыста 415 мектеп бар. Онда 129 мыңнан астам бала білім алады. Бала санының көптігіне байланысты өткен оқу жылында облыстағы 16 мектептің оқушылары үш ауысымда білім алуға мәжбүр болды. Бұл мәселені шешу мақсатында 2016 жылы 4 мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ, биыл  Ұлттық қордың қаржысынан 10 мектептің құрылысына ақша бөлінді. Үш ауысымда білім беретін қалған екі мектептің (Байғанин және Ырғыз аудандарындағы) мәселесін шешу мақсатындағы жұмыстар да қолға алынды.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы шағын жинақты мектептердің мәселесі туралы да айтты.

Біздің облыста 214  шағын жинақты мектеп бар. Олардың 52-сінің жағдайы нормативтік талаптарға сәйкес келмейді. Былтыр 19 мектеп оңтайландырылды. Оның 8-і жабылып, 11-і қайта құрылды.

Биыл 14 мектеп оңтайландырылады. 7 мектепті жабу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 3 мектеп мәртебесін өзгертеді. Бұл мектептердің оқушылары мектеп жанындағы интернаттарда жатып оқиды және мектепке тасымал ұйымдастырылады.

Жалпы 2018-2020 жылдары 29 шағын жинақты мектепті оңтайландыру жоспарланып отыр. Соған байланысты 27  мектеп қайта құрылса, 2-еуі жабылады, — деді С.Өмірбекова.

ҰБТ ЖАҢА ФОРМАТЫ: НЕ ӨЗГЕРДІ?

Биыл ҰБТ жаңа форматта өтті.

Жаңа форматта өткен сынақ қорытындысы білім сапасының артқанын көрсетіп отыр. Жыл өткен сайын тестілеуге қатысушы балалардың саны көбейіп келеді, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Биыл 6 566 түлектің 5032-сі (76,5 пайыз) тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Сынақ қорытындысы бойынша облыстың орташа балы — 82,4 балл, яғни республикалық көрсеткіштен 1,9 балға артық. ҰБТ қорытындысы бойынша біздің облыс төртінші орынды иеленеді.

Тестілеу көрсеткіші бойынша аудандардың арасында Ойыл (91,6 балл) ауданы көш бастап тұр. Одан кейінгі кезектер Алға (90,3 балл), Мұғалжар (89,8 балл) аудандарының еншісіне тиесілі. Ал Шалқар ауданы ең төменгі көрсеткішке (72,1 балл) ие. Темір (72,7 балл) мен Ырғыз (74,2 балл) аудандарының да білім сапасы мәз емес.

Аудандар арасында тестілеуге қатысушылардың көптігі және орташа балдың көрсеткіші бойынша Мұғалжар ауданы бірінші орында  тұр.

Баяндамасында С.Өмірбекова білім сапасы тым төмен мектептерді де атады. Мысалы, Әйтеке би ауданындағы Белқопа мектебінде тестілеуге қатысқан 2 оқушының бірі өту балын жинай  алмаған. Ал осы аудандағы Әйке мектебінде ҰБТ-ға 10 түлектің екеуі ғана қатысып, оның 1-еуі шектік балды жинамапты.

570 БАЛАБАҚША. 50 МЫҢНАН АСТАМ БАЛАПАН

 

Биыл — Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру жүйесінің құрылғанына 100 жыл. Осы жылдар ішінде бұл салада түрлі өзгерістер болды. 1992-1999 жылдардағы экономикалық қиындықтардың салдарынан  жалпы 370 балабақша жабылып қалды. Сөйтіп, небары 68 балабақша ғана жұмыс істеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасының арқасында ғана мектепке дейінгі білім беру жүйесі қарқынды дамыды. Бүгінде облыста  570 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам балапан тәрбиеленіп жатыр. 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші — 93 пайыз. Бұл республикалық көрсеткіштен 7,2 пайызға артық.

3 ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ҒИМАРАТЫ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰР

Облыста қосымша білім беретін 48 мекеме бар (онда оқушылардың 32 пайызы тәрбиеленеді). Бұл мекемелердің 4-еуі ғана типтік ғимараттарда орналасқан болса, қалған 44-і ыңғайластырылған ғимараттарда сабақ өткізуге мәжбүр. Олардың 9-ы күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, 3 қосымша білім беру ғимараты апатты жағдайда тұр. Олар: Ақтөбе қаласындағы жас туристер стансасы, Қарғалыдағы балаларға арналған өнер мектебі және №1 аула клубы.

Биыл 112,2 мың бала (32 пайыз) жазғы демалыспен қамтылды.

С.Өмірбекова сөзінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру туралы да айтты. Облыстағы 5234 бала — мүгедек. Инклюзивті біліммен қамтылған бала саны — 1858.

ДУАЛЬДЫ БІЛІМ БЕРУ: 23 КОЛЛЕДЖ. 88 КӘСІПОРЫН 

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша биыл 1085 жасқа кәсіптік-техникалық білім беру жоспарланып отыр.

Жатақханалардағы орын тапшылығын жою мақсатында Ақтөбе байланыс және электротехника колледжі мен Ақтөбе политехникалық колледжінің жатақханаларына күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір Ақтөбе автожол колледжінің жатақханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мұндағы 150 орындық жатақхананы жөндеу үшін 65,9 млн теңге бөлінген.

Облыстық білім басқармасының басшысы баяндамасында дуальды білім беру туралы да сөз қозғады. Биыл 23 колледж жалпы 88 кәсіпорынмен байланыс жасап, 27 мамандық бойынша 1752 студентке дуальды жүйе бойынша білім береді.

МАМАН ДАЯРЛАУ ЖӘНЕ СҰРАНЫС 

Кеңесте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің «Рухани жаңғыру: өңірдегі педагог мамандарды даярлаудың өзектілігі» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.

10 мыңға жуық студенті бар, педагогикалық мамандықтардың барлығын дерлік даярлайтын өңірдегі ең ірі оқу орны өз миссиясын орындай алып отыр ма? Мектеп мұғаліміне талап күшейіп, университетті жаңа бітірген жас маманға көңіліміз толмай жатады. Мұның ең басты себебі, мектеп бітірген оқушының өз мамандығын дұрыс таңдамауы. Бар мәселе осыдан басталады. «Әйтеуір грантқа ілінсем» деген  оймен оқуға қабылданған жастар университет бітіргеннен кейін мектепке барып, мұғалім емес, сабақ берушінің қатарын көбейтіп жүр. Бұған университеттің сырттай оқу бөліміндегілерді қосыңыз, — деді ректор. Ол бұл олқылықтың алдын алу үшін университете «Маркетинг» орталығы ашылғанын айтты. Орталықты ашудағы ең басты мақсат: өңірге кадрлар қажеттілігіне мониторинг жасау.

Зерттеу қорытындысына сүйенсек, математика пәні мұғаліміне сұраныс университет түлектері санынан 2 есе көп. Керісінше, биыл информатика, тарих, география, құқық және экономика негіздері мамандықтарының түлектеріне сұраныс бітірушілер санынан төмен болып отыр. Бұл мәселелер университет алдына нақты сұранысқа сай мамандар даярлау бағытында білім беру нарығын зерделеу, талдау, сараптау міндеттерін қояды, — деді Бауыржан Ердембеков. Ол өз сөзінде күрделі мәселенің бірі — кәсіптік білімі сәйкес келмейтін кадрлардың қызмет етуі туралы да тілге тиек етті. Статистикалық мәліметтер бойынша облыс мектептеріндегі 500-ге тарта педагогтің қызметі мамандығына сәйкес келмейді. Мәселен, тек қана Ойыл ауданы бойынша мектептерде мамандығы сәйкес келмейтін 36 мұғалім жұмыс жасайды екен.

2016-2020 жылдарға арналған облыстың даму бағдарламасындағы SWOT анализ көрсеткендей, көп салада мамандардың теориялық білімдері мен практикадағы дағдылары ұштаспайды, балабақша мен даярлық топтарында жұмыс істейтін мамандардың 30 пайызында ғана сәйкес білім бар.

Облыс мектептерінің 52 пайызы — шағын жинақталған мектептер. Шағын жинақталған мектептерді мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында биылғы жылы қосарланған білім бағдарламасы бойынша аталған  университет география-тарих мамандығына лицензия алыпты. Сонымен қатар, химия-биология, математика-физика, математика-информатика, физика-информатика, тарих-дінтану білім бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру мақсатында лицензиялар иелену үшін құжаттар әзірленіп, Білім және ғылым министрлігіне жіберілген.

КҮЛ ШЫҒАРЫП, ОТ ЖАҒАТЫН МЕКТЕБІ ЖОҚ АУДАН

Жиында «Ауыл, қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты болдырмау мақсатында Ойыл ауданындағы білім сапасын көтеруге жағдай жасау» тақырыбында аталған ауданның әкімі Бұлбұл Күзембаева баяндама жасады. Оның айтуынша, Ойылда білім саласын қаржыландыру көлемі жыл санап артуда. Мысалы,  2016 жылы 1 млрд 983 млн 773 мың теңге бөлінсе, биыл бөлінген қаражат — 2 млрд 021 млн 967 мың теңге.

Ауданда «Туған жерге тағзым» акциясы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бастап мектеп түлектерін «Uil-tulek.kz» жобасына тарту арқылы 8 млн 376 мың 700 теңгеге білім беру ордаларының материалдық-техникалық базасы нығайтылыпты.

Соңғы 5 жылда ауданда 6 мектеп еңсе көтерген. Оның екеуі биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі.

Ауданымызда апаттық жағдайдағы мектептер мен пешпен жылытылатын мектептер мәселесі толығымен шешілді.  Мектеп ғимараттарының 96 пайызы  жаңадан салынған және жөндеуден өткен, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Ойыл ауданындағы педагогтердің 43 пайызы жоғары және бірінші санатты.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы басталғалы бері, яғни 2010 жылдан бастап мұнда 165 жас маман келген. Оқушылардың білім сапасы да жақсы көрсеткішке ие. Мысалы, өткен жылы 44 түлек мемлекеттік грантпен оқуға түссе, биыл 93 түлек мемлекеттік грант иегері атаныпты.

Шара барысында министрлік өкілі, балабақша, мектеп, колледж педагогтері, мектеп оқушылары сөз сөйледі.

БІЛІМ САПАСЫН КӨТЕРУ — БАСТЫ МАҚСАТ

Жиында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым білім беру саласына ерекше қолдау көрсететінін тілге тиек етті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласында да білім мен ғылым саласына басты назар аударды, — деді облыс әкімі. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, қазір  24 мектеп салынуда. Оның 14-і биыл ел игілігі үшін пайдалануға берілетін болса, соның 9-ы жақын күндері ашылады.

Негізгі мақсат — апаттық жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептердің проблемасын 2-3 жылдың ішінде жою керек.  

Облыста шағын жинақты мектептер оңтайландырылып жатыр. Бұдан «шағын жинақты мектептер жаппай жабылады екен» деген түсінік қалыптаспауы керек. Мәселе — ауылдардағы шағын жинақты мектептерде білім алып жатқан балалардың білім сапасын көтеру. Бұл мақсатта оларды көрші ауылдардағы үлкенірек мектептерде оқыту, сондағы интернаттарға ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл арқылы біз  қаржыны үнемдеуді мақсат еткен жоқпыз. Білім саласын қаржыландыру үшін қашан да ақша табамыз. Шағын жинақты мектептердің оқушылары өздерінің құрдастарынан кем болмауы тиіс. Мектептерді жабудағы ең негізгі мақсат осы, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекованың баяндамасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы туралы мардымды ешнәрсе айтылмағанын айтып, қыркүйектің 2-сі күні өтетін салтанатты жиындарда мектептерде Мемлекет басшысы мақаласын ата-аналарға, оқушыларға кеңінен насихаттауды тапсырды. Барлық білім беру ұйымдарында рухани жаңғыру бағытында тәрбие беретін кабинеттер, арнайы бұрыштар ашу қажеттігін қадап айтты.

Бердібек Машбекұлы  өз сөзінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетуді, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жағдай жасауды, қосымша білім алатын оқушылардың санын көбейтуді,  колледждердегі білім сапасын көтеруді, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін мектептерге енгізуді, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуды, жоғары жылдамдықты ғаламтормен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Биыл облыс мектептеріне 1700-ге жуық жаңа компьютер алу жоспарланып отыр. Қазір мектептердің 94,9 пайызы ғаламтормен қамтылған. Алайда, соның 33,5 пайызы ғана секундына  4 МБ-тан асатын жылдамдыққа қосылған.

Облыс әкімі жиында білім саласында жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа мүлде жол бермеу керектігін де нықтап міндеттеді.

Мемлекет басшысы ауыл мен қала баласының білімдерінің арасындағы айырмашылықты жою керектігін тапсырғаны белгілі.  Қазір физика-математика бағытында білім беретін  «Сымбат» жеке мектебінің жанынан интернат салынып жатыр. Бұл мектепте тек қана Ақтөбе қаласының балалары оқымауы тиіс. Ауыл балалары да қабылдануы керек. Облыс тұрғындарының  жартысы ауылда тұрады.

Осы мектепке балалар қабылдау үшін байқау өткізу қажеттігін айтқан едім. Мектептерге балалар тамыр-таныстық арқылы қабылданбауы тиіс.  Егер білім саласында тамыр-таныстық болса, онда біздің болашағымыз болмайтыны анық. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласында тамыр-таныстық мүлде болмауы керек, — деп облыс әкімі педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтап, ұлт болашағын тәрбиелеудегі еңбектеріне жеміс тіледі. Облыстық тамыз кеңесінің соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үздік педагогтерге ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерін табыс етті. Сондай-ақ,  облыстағы үздік мұғалімдерді, үздік білім беру мекемелерін арнайы сыйақымен марапаттады.

Айта кету керек, «Ең үздік мектеп» конкурсында «Инновациялық мектеп» номинациясын жеңіп алған Шалқар ауданындағы №5 мектепке 19 миллион теңгенің сертификаты тарту етілді. Сондай-ақ, Темір ауданындағы Шұбарқұдық гимназиясына 4 миллион теңгенің, ал Ақтөбе қаласы Новый мектебіне,  Байғанин ауданындағы Т.Жармағамбетов  атындағы мектепке, Ойыл ауданындағы Ж.Жүсібалиев атындағы мектепке,  Хромтау қаласындағы №6 мектепке, Қобда ауданындағы Қобда гимназиясына 2 миллион теңгенің сертификаттарын берді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button