Мереке

Арулар, қандайсыңдар?..

Міне, мерекелік дастарқан жайылар сәт те таяп қалды. Әрине, бұл жолы дастарқанды еркектер жаятын шығар деген үмітіміз бар. Дастарқан жаю, оған түрлі-түрлі тамақтар қою гендерлік саясаттың бір тармағы ретінде енгізілмесе де, еркектер 8 наурыз күні бір рет болса да көзге түсіп қалуды шет көрмейтіні анық.

Сол дастарқанға жиналар сәттің алдында аруларымызды тағы бір рет түгендеп алудың да артықтығы жоқ сияқты.

Ендеше есепке кірісейік.

Аз бен көптің арасы

Осы жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәліметтер бойынша облысымызда әртүрлі жастағы 372 мың әйел тұрып жатыр, бұлар — облыс халқының 52 пайызы.

Немесе облысымызда 1000 еркекке шаққанда 1071 әйелден келіп тұр.

Енді әр жас топтары бойынша саралап көрейік.

35 жастағы 1000 ер адамға 994 әйелден келсе, 16 жасқа дейінгі 1000 ер балаға 938 қыз баладан келіп тұр.

Жалпы, 29 жасқа дейінгі жас топтары бойынша ер адамдар басым орын алады. Оның есесіне 60 жастан асқан әйелдер саны еркектерге қарағанда 1,8 есе көп.

Ауыл мен қала

Ақтөбелік әйелдердің орта жасы — 32,5.

Бұл цифрды одан әрі таратып көрсек, ауылда тұратын ханымдарға қарағанда қалада тұратын әйелдерде бұл көрсеткіш сәл жоғары — 33,3 жас, ал ауыл әйелдері «жасарыңқырап» көрінеді — 31,5 жас.

Біздің облыстағы әйел затының орташа өмір сүру мөлшері қалада да, ауылда да бірдей — 73 жас.

Біз көбейіп келеміз!

Әйел жұртының ең абзал мақсаты һәм міндеті — бала сүю. Ана болу — әйел өмірінің ең шуақты сәттерінің бірі.

2009 жылы облысымызда 16,6 мың сәби өмір есігін ашты. Бұл — 2008 жылға қарағанда 4,4 пайызға көп. Әдеттегідей бұл жылы да дүниеге ер балалар көп келді — 52 пайыз.

Облыс халқының 1000 адамына туу коэфициенті 2008 жылға қарағанда 22,4-тен 2009 жылы 23,2-ге дейін өсті.

Соңғы жеті жылда туу деңгейінің өсуіне байланысты 1 жасқа дейінгі сәбилер саны 1,5 есе ұлғайды.

Әр күн мереке емес

Әрине, мереке қарсаңында тек күліп жүруге тиісті болғанымызбен, ас үйдегі аяқ-табақ сылдыры кейде көше кезіп кететінін де жасыруға болмайды.

2009 жылғы алдын ала мәліметтер бойынша облысымызда 6821 неке қиылса, 1777 неке бұзылғанын мойындамасқа амал жоқ. Яғни өткен жылы әрбір 10 отбасы жаңадан шаңырақ құрса, 4 отбасы құрған шаңырағын қайтадан құлатып алды.

Статистика мына жайды да айтып отыр. Әйелдер ер адамдарға қарағанда ұстамдылық танытып, қайтадан ерге шығуға асықпайды. Осының себебінен отбасын жалғыз асырап отырған әйелдер саны өсіңкіреп отыр.

Біздің қыздар білімді

Өмірлік мақсат, кәсіби міндет, жеке бас жоспары, осының барлығы да мына заманда білімді талап ететіні белгілі. Ал алғашқы басқыш — балаларды мектепке дейінгі білім мекемелерінде тәрбиелеу. Бұдан әрі талдамай-ақ, мұндағы қызметкерлер негізінен қыз-келіншектер екенін еске сала кетсек те болады.

Енді оқушыларға келейік.

Балалар бақшасы мен күндізгі білім беретін оқу мекемелеріндегі оқушылар арасында қыздар саны жартыдан сәл аздау — 49 пайыз.

Ал бастапқы кәсіби білім беретін оқу мекемелеріндегі оқушылар контингентінде қыздарымыз тіпті аз — 33 пайыз.

Орта арнаулы оқу орындарында ағымдағы жылы 15,6 мың қыз балалар оқыды, бұл — жалпы есепке шаққанда 48 пайыз.

Бұлардың есесіне жоғары оқу орындарында оқып жүрген қыздарымыз анағұрлым көп — 24,3 мың немесе 65 пайыз.

Әйелдің хақын жемеңіз!

Біздің облысымызға тән жағдай — әйелдердің кәсіби белсенділігінің жоғары деңгейі.

Еңбекке қабілетті нәзік жандардың шамамен 60 пайызы жұмыс жасайды.

Қалай десеңіз де, әйелдер ерлерге қарағанда жұмысты тіпті де аз істемейді. Алайда бірдей еңбекке біршама аз ақы алады.

Қазіргі таңда республика бойынша әйелдер алатын орташа жалақы ерлердің жалақысына қарағанда 64 пайызды ғана құрап отыр. Жалақыдағы бұл айырмашылық тек еркектер ғана жұмыс істейтін экономикалық қызмет түрлерінде ғана емес, негізінен әйелдер жұмыс жасайтын орындарда да орын алып отыр.

Әйелсіз қадам баспаймыз

Әрине, әйелдер экономиканың барлық салаларында жұмыс істейді. Дегенмен тек әйелдер ғана басым игерген кәсіп ретінде білім саласын алуға болады.

Білім саласында қызмет істейтіндердің 73 пайызы — қыз-келіншектер.

Бұдан денсаулық саласы тіпті асып түседі — 77 пайыз.

Одан әрі талдайық:

бюджеттік салалардан басқа сауда мен тамақтандыру орындары — 64 пайыз;

қаржылық қызмет — 79 пайыз;

мейрамханалар мен қонақ үйлері — 60 пайыз.

Бұларға қарап басқа салалар әйелсіз қалған екен деп ойлаудың және жөні жоқ.

Көлікте, құрылыста және өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің үштен бірі — әйелдер.

«Әйел десем апам да кетеді». Бірақ шындықты айтпасқа шара бар ма?!

Әйелдер экономикалық енжар халықтың 57 пайызын құрап отыр.

Жұмыссыздық қамшысы алдымен осы қауымға тиді, жұмыссыздардың 58 пайызы — әйелдер.

Алайда әлсіз де нәзік қауымның шыдамдылығында шек жоқ. Әйелдер өз бетінше жұмыс жасайтындардың 60 пайызын құрайды.

Сонымен…

Міне, мереке қарсаңында облысымыздың әйелдер қауымы туралы мәліметтер осылай сөйлейді.

Тағы бір саралап көрсеңіз, бүгінгі таңда экономикалық және әлеуметтік салаларда әйелдер жеткілікті дәрежеде нық отырғаны байқалады. Ал әйелдердің белсенділік көрсетуіне, қызмет пен мансапта жетістіктерге жетуіне мемлекет жасап отырған қамқорлық және көбейіп келеді.

Ендеше мерекелік дастарқанға әйелдер қауымы көңілді кейіппен келе берулеріне болады.

Облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button