ЖаңалықтарЭкономика

9 жоба қаралды

Үйлестіру кеңесі

Облыстық әкімдікте  «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңесте шағын және орта бизнес бойынша тоғыз жоба ұсынылды. Оның ішінде төрт жоба Қобда, Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы аудандарынан түсті.

Түскен жобалардың негізгі бөлігі екінші деңгейлі банктерден алған несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттен қолдау алуға қатысты болды.

Мәселен, Әйтеке би ауданы Комсомол ауылынан жеке кәсіпкер Тынымжан Шымбергенова сауда-саттығының айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық  14 пайыз үстемемен «Банк центр кредиттен»  5 миллион теңге несие  алған. Сауда орнында құрылыс материалдары және жиһаз сатылады. Енді кәсіпкер мемлекеттен субсидия алғысы келеді.  Бұл жоба ауылдық жерде жүзеге асырылғандықтан мемлекеттен 10 пайызға дейін субсидия алуға мүмкіндігі бар. Кеңес мүшелері жобаны мақұлдады.  Қарғалы селолық округіне қарасты Мағаджан ауылынан келген кәсіпкер  Нұрлан  Баймұқанов «Күн» шаруа қожалығының жылыжайы мен базасына 1300 метр газ құбырын тартып беруді сұрады. Егер инфрақұрылым тартылған жағдайда, кәсіпкер өз тарапынан 11 адамға жұмыс орнын ашпақ. Кеңес мүшелері жобаны жан-жақты талқылап, мақұлдады.

Жиында «Ақтөбе электрсетьстрой», «Qazaq Food Group», «Центр-БВР», «Интер-Агро» секілді бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестер мен  «Айтан» шаруа қожалығы секілді жұмысын дөңгелентіп отырған шаруашылықтар несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қатысты жобаларын ұсынды.

К.ҚОПАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button