Мереке

Абай ауылының қызы

Өткен  ғасырдың жетпісінші жылдарының басы. Алматыдағы ҚазПИ-ді бітірген Бердалы ағамыз дипломымен қоса Семейдің бір сұлуымен қол ұстасып келді ауылға. «Ахау, Семей, тілің мен көмей. Басылмас жанған жүрек сәулем келмей, ахау!» деп әкелеріміз айтатын әннен естігеніміз болмаса, Семей деген Абай елі екенінен балалар жағы бейхабармыз. Ауылға келін түссе болды, сол үйді төңіректеп, қызықтап жүретін әдетпен келіншектің шымылдығынан сығалап мәз болып жүрміз. Бір жағы,  атын естімеген жақтың қызы, екіншіден, астанадан оқу бітірген, жұрттың бәрінің әңгімесі сол  келін жайында. Кей әжелелеріміз: «Қыз бен қойдың бармайтын жері жоқ» деген осы-ау, ит арқасы қияннан осында келіпті, сондай бір қара бала ауылынан табылмады ма екен?» деп те жатыр.

Келін

Ауылымыз малға бай болғанмен, маңдайына шаң тимеген қала қыздары үшін кісі қызығатындай емес еді. Қайнаған жаздың күнінде ыстық топырағы табаныңды күйдіріп, тас төбеңнен төнген күн шекеңді тесіп,  ауық-ауық соғып өтетін құйыны көзіңе құм толтырып дегендей берекеңді алады. Сыралғы адам болмаса, сырттан келген кісінің   сіңісіп кетуі оңай емес-тұғын.

Сондағы «Айшуақ» кеңшарына келін болып түскен Семейдің қызы Мінуар Оспанова сол ауылға тастай батып, судай сіңді.  Алдашевтар әулетіне аяғы құтты келін болды, шаңырақтың   берекесін кіргізді. Ел азаматы болған қайын атасы Мырзалы Алдашев  келін түспей тұрып, 47 жасында бір жыл бұрын дүниеден  озып еді. Баласынан айырылып жылап отырған үлкен енесі мен  жеті баламен жесір қалған кіші енесінің бабын тауып, ауылдың үлкен-кішісіне сыйлы болды.  Оқушылар үшін ұлағатты ұстаз болды. «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі»  атанды. Қайныларын туған балаларынан кем көрмей  мәпелеп өсірді.

Музыкалық аспаптарда ойнай білетін, ән де айтатын Бердалы  Алдашев  сияқты астанадан оқу бітіріп келген жас маман  мен  ауылдағы Жұмабай, Серік, Ұзақбай деген өнерлі жастар бірігіп, «Армандастар» ансамблін құрып, ауылды ән мен күйге бөлеп, ерекше леп әкеліп еді. Жүрген жерлері айт пен той еді.

Мінуар апай болса мектептегі жоғары сынып оқушыларының арасындағы қыздар кеңесін басқарып, бойжетіп келе жатқан қыз балаларға бағыт-бағдар беріп, би кештерінде вальсті қалай билейтініне дейін үйрететін. Бәріне уақыт  табатын.

Ауылдың қыз-келіншектері қашан көрсең де үйде болсын, түзде болсын киген киімі қонымды, жинақы жүретін Мінуарға қарап бой түзеді, әдемі киініп, әдепті болуға тырысты. Тіпті сол кезде қолға түсе бермейтін үнді шайын аққұманға салып, шығаруының өзі бір өнер еді. Аққұманды қайнаған сумен бір шайып алып, шайды бұқтырып қана алатын. Бұ жақтың адамдары самаурыны екі иінінен дем алып, аққұманы дүсірлеп қайнап тұрмаса шай ішкенге санамайтын. Шай жабдығын әзірлеу, тәтті-дәмді, тіске жұмсақ тағамдарды дайындауда да Мінуар апайдың шеберлігі керемет еді. Оның қолынан шыққан вафли, чак-чак, тоқаш, жент, құймақ дегендер тіл үйіретін. Өзі дүниеге алты бала әкелді. Азаматы Бердалының бетіне жел болып тимеді, екеуі жарасымды ғұмыр кешті. Сол бір жастық кезін есіне алған Мінуар апай:

— Жастық-ай десеңші, марқұм Бердалы ағаң екеуміз ҚазПИ-дің физика және техникалық пәндер факультетінде бірге оқыдық, бір-бірімізді ұнатып, көңіліміз  жарасып жүрген. Институт бітірерде екеуміз «Бір жылдан соң үйленеміз» деп уәделескенбіз. Мені Алматыда тұратын тәтем Шамалғанға бедел салып жүріп қызметке қалдырған. Мен сонда кеттім. Ауылға кеттім деген Бердалы  тәтемнің үйіне  іздеп келіп тұр. «Сені алып кетейін деп келдім» дейді. Не керек, көңілін қимай, Ақтөбеге  соңынан ердім де кеттім. «Қызметке кетті» деген қыз жоқ.  Туысқандарым барлық курстастарыма жеделхат жолдап, әбден әбігерге түскен, соның біреуі  Бердалының артынан да  келді: «Оспанова Мінуардың қайда екенін білсеңіз, хабарлаңыз» деген. Біз хабар бердік. Артымнан ағам қуып келді. Анам хат жіберіпті,  ішінде 24 рет «Балам, балалық қылған шығарсың, жері басқа, суы басқа жерге қалай үйренесің? Елге қайт, бетіңе салық қылмаймыз, көкем» деген тәрізді сөздер жазған. Семей облысының Шар стансасында өскен қалалық адамға шынында да Бегімбет селосын жерсіну оңай болған жоқ, ішімде «Қайтып кетсем қайтеді?» деген ой да жоқ емес. Екі енемді, жолдасымды аяймын. Олардың көңіліне қарап ағам да: «Мен ештеңе айта алмаймын, өзің шеш», — деді. Сонымен не керек, ағама ермедім. Басымдағы орамалымды жел ұшырып, көзімді құм аштырмағанда, талай рет елімді сағынып жыладым ғой. Кейін сол ауылға үйреніп, бауыр басып кеткенім сонша, ағаң дүниеден ертерек кетіп, балалар өсіп  жан-жаққа кеткенде де ауылдан көшкім келмеді».

«Айшуаққа жер жетпейді»

Мінуар апай Айшуақ орта мектебінде 30 жыл ұстаздық етті. Физика, сызу, еңбек пәндерінен сабақ берді, тіпті трактор жүргізуді де оқытты. Институтта бес жылда алған білімі зая кетпеді. Еңбек сабақтарында киім пішу, тігуді үйретіп қана қойған жоқ,  өзінің  қолынан келетін істің бәрін үйретті. Ол кезде дайын көйлек-көншекті табу оңай емес, қыз балалар инені қалай ұстаудан бастап, өздерінің жеңіл-желпі дүниелерін өздері тігіп алатын дәрежеге жетті. Сондай-ақ тосап қайнату, қияр тұздау сияқты үй тұрмысына қажетті тірліктерді де ерінбей-жалықпай үйрететін.

Ауылдағы апалар: «Айналайын, көсегең көгерсін, балам қияр мен қызанақты тұздауды үйреніпті», «Қызым тортты жақсы пісіретін болды» деп ризашылықтарын  білдіріп жататын.

Сол кезде Айшуақ орта мектебінің директоры марқұм Еренғайып Жолекенов  бір жағынан, көршісі, бір жағынан, өзі басқаратын мектептің мұғалімі Мінуардың үйдегі-түздегі тірлігіне, еңбекққорлығына, сыпайылығына сүйсініп: «Мінуар, айналайын-ай, өзің бір мың болғыр баласың ғой!» деп айтудан жалықпайтын.

Бегімбет селосы «Қазақы ауыл», «Орыс ауыл»  боп екіге бөлінетін. Өйткені қазақы ауылда кеңшарда жұмыс істейтін қазақтар тұратын да, орыс ауылда №11 газ компрессор стансасында еңбек ететін жан-жақтан келген түрлі ұлт өкілдері қазақтармен аралас тұратын. Ол жақтың үйлері орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы жылытылады, от жақпайды, ыстық-суық суы, бәрі-бәрі ішінде, тұрмыстары  қаладағыдай. Олар үшін азық-түлік те арнайы ұшақпен Мәскеуден жеткізілетін. Алайда екі ауыл  бірінің жоғын бірі  толтырып, халықтың тұрмысы кейін жоғары деңгейге жеткені рас.

Ол кезде  қазақы ауылдың халқы қыста жағатын отын даярлап, мал ұстап, бәз-баяғы тірлігімен айналысады. Бау-бақша егу ойларында  жоқ болатын.  Сол қазақы ауылда  алғаш аулаға бақша  егіп, кішкентай қайныларына су тасытқызып суарып, қызанақ пен қияр өсіріп бастаған осы кісі.

Мінуар апай мінезі орнықты, көп сөзге жоқ, оқушыларға  жекіп не ауыр сөз айтып көрмеген өте мәдениетті ұстаз болды. Мектепте өтіп жатқан қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Алтыншы сынып оқушылары еңбек сабағында жалығыңқырап бара жатса, майын тамызып бір ертегіні айтып бере қоятын. Оқушылар сап тыйылатын. Қазір айтады:

— Балаларға қалай қатты сөз айтуға болады? Соны түсінбеймін. Алдыңа келген шәкіртті балаңдай жақсы көріп, оған жаның ашып, жамандықтан қорғай білу керек. Жалпы, қазіргі жас мұғалімдерге қарап тұрсаң, мектепке барып-келгеніне риза, еш ізденбейтін сияқты. Оқушыларды сабағына қызықтыру үшін түрлі әдіс-тәсілдерді тауып, өз ісіне беріліп қызмет ету керек қой. Балаларды жамандау арқылы ешбір мұғалім жақсы көріне алмайды, ол — педагогтің әлсіздігі. Мұғалім беделді болуы үшін оқушының басын қадірлей білуі керек, қазіргі заманның баласы үстелді тоқпақтап, «отыр, тұр» дегенге  көнбейді, көздері ашық, еркін. Баланың тілін тауып, бойынан тек жақсылық іздеу керек.

«Мінуар» фабрикасынан»  шыққан ұлттық киімдер

— Жас күнімнен таңертең ерте тұруға дағдыланғанмын. Қазақ «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп бекер айтпаған ғой.  Әйел адам үшін үй шаруасы біткен бе, қайныларым да құрақ ұшып көмектесіп жатады. Ағаң да елгезек, қай шаруаға қол ұшын беруге даяр жан болды. Бәріміз ұйымдасып, бар тірлікті уақытында бітіріп тастайтынбыз. Үйде екі енем болды ғой, кіші енем  ерте кетті марқұм. Ол кісі де мұғалім еді, әңгіме-дүкенмен ісі жоқ, мінезі жайлы адам еді.  Маған ылғи: «Шаруа бітпейді, таста, қағазыңды жаз» деп отыратын. Үлкен енем біраз уақыт төсек тартып жатып, 84 жасында  дүниеден озды. Батасын беріп кетті. Үлкен қайнымды кіші енем: «Бір үйге бір майшы керек» деп оқытпады. Мен келгенде шапқылап жүрген үш қайным өсіп,  Алматыда жоғары оқу орындарын бітірді. Бердалы екеуміз ауылдан қолдан келген көмекті береміз, Алматыдағы Айман деген жалғыз қайын сіңлім бас-көз болды. Сол қайныларымның бірі Нұрлыбайдың орны бөлек еді көкем, өмірден ерте кетті, иманы жолдасы болсын, жақсы құдайға да керек дейді.  Айекең де – бүгінде ғылым докторы, профессор. Ағаң екеуміз алты бала  тәрбиелеп өсірдік, қазір жеті немере сүйіп отырмыз, — дейді Мінуар апай.

Сонау 1988-1989 жылдардан бастап еліміздің жер-жерінде Наурыз мерекесін тойлау кең етек алып жатқанда, Айшуақта да ұлттық киімдерге деген сұраныс күшейді. Қазіргідей арзан тауарларға әлекей-шүлекей жапсырған   қазақша камзол, көйлек, шапан дегендер қат кез. Мінуардың қолының місекері болғаны мұндай жақсы болар ма, Айшуақтың басында осы кісіге қолқа салып, сапасы  жоғары ұлттық киім тіктірмеген үй жоқ шығар, сірә. Бір өзі бір фабрика шығаратын жұмысты қоса атқарып жүрді. Халықтың қалтасында сатып ала қоятын тиын-тебені де дайын тұрған жоқ. Көз майын тауысып отырып тіккен киімдерін ренжімей үлестіріп, еңбегінің өтеуін дауламай, бергендеріне риза болып жүре беретін.

Өмірінде бос отырып көрмеген Мінуар апай Ақтөбеге көшіп келгелі де екі қолы алдына сыймай, терезеге перделер  тігетін  тігін ательесінде жұмыс істепті. Көрпенің түр-түрін тігеді. Апайдың қолы тиген жер жаңарып сала береді. Қайнысы Нұрдәулет: «Енді немерелеріңізді бағып, үйде отырмайсыз ба?» — дейді. Өмір бойы жұмыс істеп қалған Мінуар апай әлі де болса бір іспен айналысуды жөн көреді.  Немерелерін онсызда көзінен таса қылған емес.

Айшуақ жұртының қадірлі келіні, талай шәкірттің сүйікті ұстазы  Мінуардың ел-жұртына сыйлы болуының себебін ол кісінің мына сөздерінен аңғарғандай болдым.

«Әйел адамға ең бірінші сабыр керек, айналайын. «Сабыр түбі — сары алтын» деген. Мінезім де солай шығар, ата-анамның тәрбиесі де болар, мен ешкімнің бетінен алып көргенім жоқ. Өмір болған соң, бәрі болады ғой. Қандай сәтте де ашуға ерік бермей, өзімді ұстай білдім. Екіншіден, әйел адамдардың қолы шаруадан босамауға тиіс, сонда артық-ауыс сөзге уақыт қалмайды. Істеймін десе, әр отбасында әйел қолын тілеп тұрған шаруа жетеді».

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button