Денсаулық

Әлеуметтік әділдік қамтамасыз етіледі

Медициналық сақтандыру

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде міндетті медициналық сақтандыру туралы заң күшіне енді. Жасыратыны жоқ, қарапайым халықтың кейбір бөлігі денсаулық сақтау саласындағы жаңа заң қандай өзгерістер әкелетінін әлі де толық түсіне қойған жоқ. Елдің бір бөлігі «бұл өзгеріс қалтамызды қаға ма?» деп қауіптенсе, екіншілері «міндетті медициналық сақтандырудың қандай пайдасы бар?» деген сауалдың жауабын біле бермейді.

Алайда, мемлекетіміз бен ұлтымыз үшін үлкен мән-маңызы бар бұл мәселенің тарихы бүгіннен және бізден басталған жоқ.  Өткенге көз жүгіртсек, еңбек өнімділігі жоғары Германия, Франция, Голландия, Швейцария, Бельгия сияқты елдерде медициналық сақтандыру бұрыннан бар. Бүгінде Францияда халықтың — 80, Германияда — 90, Бельгияда 98 пайызы міндетті медициналық сақтандырумен қамтылған. Дамыған іргелі елдерде науқастардың дертін ерте кезден анықтап, арнайы медициналық тексеруден өткізіп отырады.

Сонымен медициналық сақтандыру Қазақстан енгізген жүйе емес. Өткен ғасырдың 90-жылдары еліміз батыстық үлгіге иек артып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшкісі келгені белгілі. Алайда сол кездері құрылған медициналық сақтандыру қоры жұрттың үмітін ақтаған жоқ. Әрі ол жылдары міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыруға әлі ерте болатын. Экономикалық ахуалдың қиындығы да бұл салаға әсерін тигізбей қоймады. Жұмыссыздық дендеген кезеңде, мемлекеттің де қорға жарна аударуға мүмкіндігі аз болды.

Қазір заман басқа, қиындықтар артта қалды, халықтың денсаулығын ойлайтын кезең жетті. Елге ыңғайлы жоба болса, ешкім бас тарта қоймайтыны анық. Бастысы — әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерді әзірлеуде кемшіліктер жібермеу. Бұның бәрі кейбір олқы тұстардың оңтайлы шешіліп, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиянақты атқарылуына мол мүмкіндік береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тұжырымдамасын жасаушылардың сөзінше, жіберілген қателіктер реттелді. Сондықтан жаңадан құрылған әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жетекшілігіне жауапкершілік пен міндет жүктеліп, заңды түрде қол қойылды. Қор қаражатын тек медициналық қызметке жұмсау жөніндегі нақты бағыт белгіленді. Сондай-ақ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» (ӘМСҚ) инвестициялық қызметін Ұлттық банк арқылы жүзеге асырады.

Болашақ тұрғысынан алсақ та міндетті медициналық сақтандыру уақыт талабынан туған реформа. Ең алдымен жақын болашақта елімізді күтіп тұрған демографиялық өзгерістерге тоқталайық. Ғаламды алаңдатып отырған мәселенің бірі —  халықтың қартаю проблемасы Қазақстанда да бар. Әлбетте, бұл табиғаттың заңы. Дегенмен, соңғы кезде жұмыс істейтін азаматтарға қарағанда қарттар мен балалар саны көбейіп келеді. Халықтың қартаю фактісін зейнетақы жүйесі мен елімізде зейнет жасының ұлғайтылуы да дәлелдеп отыр. Зерттеулерге сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстандағы қарт тұрғындардың үлесі 11,2 пайызға жетпек. 2014 жылы бұл көрсеткіш 6,9% болатын. Ендеше, осы алдағы үш жылда мемлекеттің денсаулық сақтау саласына жұмсайтын шығыны екі есе артады деген сөз. Ал, мұның халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге кері әсер етпей қоймайтыны түсінікті.

Денсаулық сақтау саласы бетпе-бет келіп отырған ғаламдық проблемалардың тағы бір шоғыры — жүрек-қан тамыры жүйесі, қатерлі ісік сынды жұқпалы емес аурулардың етек жаюына, үнемі жаңартып отыруды қажет ететін технологиялар мен емдеу құнының жыл сайын қымбаттауына байланысты. Ал міндетті медициналық сақтандыру әлемде тиімділігін дәлелдеген, жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешуге қауқары барын мойындатқан жүйе. Ендеше, бұл реформа денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығы үшін ауадай қажет.

Медициналық міндетті сақтандыру — қаражаты мардымсыз,  мұқтаж адамдарға да қолайлы. Күнделікті ақпарат құралдарынан естіп, көріп жататынымыздай, қазіргі таңда түрлі сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндер де, үлкен адамдар да  жан-жақтан көмек іздеп, халыққа алақан жаюға мәжбүр болып отыр. Өйткені, бізде,  қазіргі кезде оларға шетелдерде ота жасау мемлекеттік квоталар арқылы жүргізіледі. Ал квоталар сырқат балалар мен үлкендердің біріне бұйырса, енді біріне жете бермейді. Медициналық міндетті сақтандырудың осы мәселені оң шешуге де септігі тиеді.

Қазір біздің медицина бюджет есебінен қаржыландырылады. Қаржының жергілікті, немесе республикалық бюджеттен бөлінуіне қарай біреу ақшаны көп алады, біреуге аздау беріледі. Салдарынан Алматы мен Астана сынды ірі қалалармен салыстырғанда аудандық ауруханалардың мүмкіндіктері шектеулі екені жасырын емес. Жаңадан енгізіліп отырған әлеуметтік сақтандыру осы әділетсіздікті жойып, таразы басын теңестіруі тиіс. Қаржыландырудың жаңа түрі медицина саласындағы тарифтерді теңгеруге және халықты бірыңғай сақтандыру пакетімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтар болсақ, мұнда жарнаны әркім шама-шарқынша төлеп, медициналық көмекті қажетіне қарай алады. Жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін де пайдалануға мүмкіндік алады. Оның үстіне, сақтандырылған азаматтарға емдеу мекемесін таңдау құқығы беріледі. Жалпы алғанда, міндетті сақтандыру медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырады деген үмітіміз бар.

Әрине, бұл жерде әлеуметтік әділ­дікті қамтамасыз ету деген мәселе жатыр. Мәселен, бұл жолды әлемнің қаншама елі таңдап отыр. Себебі, олар әлеу­еті жо­ға­ры адамдар есебінен әлеу­мет­тік әділ­дікті шешуді көздейді. Ол біздің қоғамда да бар. Бізде де өте төменгі мөлшерде жалақы алатындар баршылық. Демек, әлеуеті жоғары азаматтардың жар­насы есебінен әлеуеті төмен­дер­ді, сау адам ауру адамды емде­уге мүмкіндік бермек.

Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан азаматтарының медициналық қызметтер үшін өз қалтасынан шығаратын шығыны 37 пайызға жақын екен. Ал, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайызға да жетпейді. Ендеше бұл тым көп. ДСҰ ұсынған мәліметтерге сүйенсек, жеке азаматтар төлейтін шығын 30%-дан асқан елдер «қызыл аймаққа» енгізіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін азаматтарымыздың денсаулыққа жұмсайтын шығындары төмендейді.

Талғар ӘБІЛОВ,

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина

университетінің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button