Денсаулық

Нәтижелі ем, жылы ықылас

Денсаулығым жақсы еді. Жетпістен асқан соң әртүрлі ауру әурелей бастады. Құм жемесем де бүйрегімде құм бар екен. Тас жұтқаным есімде жоқ. Сонда да өтімде тас бар көрінеді. Ең қиыны — қан қысымы. Үш күн қатарынан жедел жәрдем шақырттым. Қан қысымым жоғарылап түспей қойды. Ауруханаға түстім. Қарғалы қалалық ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі әрі дәрігері Олга Валцовна Гаевская жанын салып емдеді. Рақмет! Үш күнде қан қысымым қалпына келді.

Ертеңгілік дәрігерлік тексеруде шалдарға «Ассалаумағалейкум» деп кіретін ақ халатты азамат, бас дәрігер Алтынбек Жаңабаев екен. Әзілкештігі бар. «Кемпіріңіз бұрынғыдай жақсы қарай ма? Зейнетақысы көп шалды кемпірлер бөтен көрмейді», — деп әуелі шалдарды көңілдендіріп, күлдіріп алып жұмысын  бастайды.

Дәрігерлер жұмыстан бас алмайды. Хирургтер әлсін-әлсін операция жасайды. Қолы жеңіл медбикелер Аймөлдір, Бақытгүл, Гүлжан, орыс қызы Светлана сып-сыпайы. Тамырыңды дәл басып, ауыртпай ине салады. Дауыс көтеріп жүрген бір қызметкерді көрмейсің. Бәрі кішіпейіл. Ауруханада тәрбие, насихат жұмысы жолға қойылғаны көрініп тұр.

Тексерістен соң «көшеге» — залға шығамыз. Теледидар көреміз. Ауру адамдар да сау адамдар сияқты біреуді мақтап, біреуді күндеп жатады. Қатты ауырғандар жеңіл ауырғандарды жаратпайды. Пендеміз ғой, сәл тәуір болсақ біреулерге күліп жатамыз. Аурухана адам жөндеу зауыты сияқты. Ауырып келіп, тәуір болып шығып жатамыз. Міне, Болат Тәжібаев, зейнеткер. Ауруханаға есін білмей келіп, жеті күнде тұрып кетті. Мынау Дүйсенбаев Мұрат. Әйтеке би ауданынан баласының үйіне қыдырып келіп талып қалған. Екі күн бойы температурасы 40 градустан түспей қойған. Жедел жәрдеммен шалқалап келіп, бес күнде аяғынан тұрып кетті.

Осы ауруларды жазған кім? Әрине, дәрігерлер ғой. Хирургтердің еңбегі ерекше. Ауыр операция кезінде маңдайдан аққан терін  медбикелер кезек-кезек сүртіп тұрады екен. Осының бәрін көрген мен дәрігерлердің қиын да қайырлы еңбектеріне қызыға бастадым.

Иә, бұл аурухана алғашында 1981 жылы Жилянка селосында 50 кереуеттік Ақтөбе аудандық ауруханасы болып ашылған. Қазір 130 кереуеттік Қарғалы қалалық ауруханасы. 80 кереуеттік босану бөлімі, 30 кереуеттік терапия, неврология бөлімі, 20 кереуеттік хирургия бөлімі жұмыс істейді. Благородный селолық округі, Нокин ауылы, Пригородный, Қызылжар, Россовхоз елді мекендері, Қарғалы ауылы бар, барлығы 29652 адамға қызмет  жасайды. Бұған биыл «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы қосылды. Аурухана қызметкерлерінің саны — 352. Жоғарыдағы мекендерде 6 медпункт, 6 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер жұмыс жасайды. Көзге кішкентай көрінгенімен үлкен мекеме. Босану бөлімінде 80 кереует жұмыс істесе, соның 56 кереуеті босанатын  әйелдерге, 15 кереует гинекологияға, 5 кереует патологияға, 4 кереует шала туған балаларға арналған. Дәрі-дәрмек тегін. Бір мезгілде 30-40 әйел босанса да мүмкіндік мол. Емханада бүгінгі күні 18 мамандандырылған дәрігерлік медициналық көмек түрлері көрсетіледі. Атап айтқанда, хирургиялық, терапиялық, неврологиялық, эндокринологиялық, офтальмологиялық, отоларингологиялық, стоматологиялық, дермологиялық, гинекологиялық, рентголог, т.б. мамандар күніге 180-200 адамға амбулаториялық ем жасайды.

Стационарда хирургиялық және гинекологиялық патологияға қажетті эндовидеохирургиялық технологиялар енгізілген. Хирургиялық кереуеттер қайта профильденген. Бөлімше құрамында патологиялық кереуеттер бар. Бөлімше қажетті медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи қондырғылармен (колоноскоп, видеоколоноскоп) жабдықталған. Өз кәсіби біліктерін бірнеше рет Мәскеу, Қазан, Алматы қалаларында арттырып жүрген жоғары санатты дәрігерлер К.Ізбасов, Б.Құрманбаев, Т.Елтеков тәрізді тәжірибелі мамандар тоқішекке сирек жасалатын ота түрін жасайды. Бауырға, өттегі тасқа лапароскопиялық (лазермен) операция жасалады.

Геморроидэктомия операциясын бүкіл облыс аудандарына, қалаға тек осы Қарғалы қалалық ауруханасында ғана жасайды. Өкпенің спецификалық емес ауруларын емдеу мақсатында 2012 жылы торакалды хирургияға арналған кереует қоры енгізілді. Оны жас торакалды хирург А.Түймебаев басқарады. Терапиялық профильді жоспарлы және шұғыл көмекті тұрғындарға терапевт-дәрігер О.В.Гаевская, эндокринолог С.Белых, невропатолог Н.Шинкаренко көрсетеді. Тұрғындардың денсаулығын сақтауға тәлімгер, тәжірибелі мамандар — рентгенолог Ж.Қоянбаев, ултьрадыбыстық диагностика дәрігері Н.Бекхожина, зертханашы-дәрігер Г.Жұмабаева, отоларинголог Ү.Ізбасарова, сарапшы дәрігер А.Қыдырбаева т.б. мол үлес қосып келеді. «Қарғалы қалалық ауруханасы ұжымының басты мақсаты тұрғындар денсаулығын сақтау және деңгейін көтеру, өміршеңдігін арттыру болып табылады», — дейді бас дәрігер Алтынбек Жанабаев.

Қорыта айтқанда, Қарғалы қалалық ауруханасы халыққа қалтқысыз еңбек етіп жатыр. Мұндағы ақ халатты абзал жандарға рақмет айту да біздің, емделушілердің, борышы.

Төрежан МӘНДІБАЙ,

жазушы-сатирик,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button