Мереке

Раушан гүліне сен серік едің…

Аналардың, әйелдердің 8 наурыз мерекесі келіп қалды. Бұл күні көше гүл ұстаған жігіттерге толады. Мұқағалидың «Раушан гүліне сен серік едің, Раушан арасынан көріп едім…» деп басталатын өлеңіндегідей, қазақтың әрбір әйелі, әрбір қызы әдемі гүлге лайық.

Гүл сыйлау ата ырымы емес, бірақ қандай да бір қуаныш иесіне гүл сыйлағанның еш сөкеттігі жоқ. Гүл сыйлау арқылы ішіңдегі сезіміңді, сол адамға деген ерекше көңіліңді білдіруге болады. Гүлдің тілі — «тілсіз тіл». Сондықтан, біреулерге қажеті болар деген ниетпен, гүлдің түсі мен түріне байланысты «тілін» де түсіндіріп кетуді жөн көрдік.

Сонау ағылшынның ІІ Екатеринасы заманында гүлдердің тілі туралы арнайы тізілім жасалған көрінеді. Ол бойынша, қызыл түсті гүлдер — махаббатты, жасылы — үмітті, көкшілі — адалдықты, қарасы — қайғыны, ал сарысы сатқындықты білдірген көрінеді. Жапон мәдениеті сары түске басқаша қарайды, олар сары түсті гүлдерді жарық сәуле мен күннің символы деп есептейді және оны «алдынан жарқын күндер күтсін!» деген тілекпен сыйлайды екен. Солғын сарғыш түстерді жапондар биліктің, күш-қайрат пен тәкаппарлықтың белгісі деп біледі, ал көк түстілері «сағындым, саған адал боламын»  дегенді «айтып тұрады» деп, оларды әскерге кетіп бара жатқан, не ұзақ жолға жиналған адамға береді-міс. Олардың пікірінше, көкшіл түстісі — достықтың, жасылы — бейбітшілік пен сабырлылықтың, ақ түсті гүлдер тазалықтың, нәзіктіктің, кей жағдайда уайым мен қайғының символы.

Ежелгі Шығыста гүлдің түсін жылдың мезгіліне сай таңдаған — қара гүлдерді — қыстың күндері, ақшылдарын — күзде, көк гүлдерді көктемде және қызылдарын жазда сыйлау дәстүрі болған.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, «гүлдің тілі» туралы ғылым романтизм дәуірінде туған көрінеді. Содан бері гүл сүйген жүректердің үнсіз сөйлесуіне көмектесіп келеді. Ол замандарда «гүлдің тілін» түсінгені соншалықты, бір жапырақ хаттың орнына бір тал гүл жіберетін болыпты деседі. Мәселен, гиацинт деп аталатын гүл шоғырындағы гүл талының саны кездесу күнін білдірсе, қоңыраулы гүл (колокольчик) саны кездесудің сағатын нақтылайтын болған.

Шығыста «гүлдің тілін» зерттейтін ғылым «селам» деп аталған. Азалия деп аталатын гүл жалғыздықтан жабыққан адамның серігі болса, қалампырдың ағы сенімді, қызылы ыстық ықыласты білдіретін болыпты. Сары раушан сезімнің тазалығына күмән келтіргенде берілетін болса, қызылын сезімін білдіруге ұялған адам сыйлайды екен. Лалагүл — тазалықты, астра уайымды көрсету үшін қолданылған.

Ағылшындар сүйікті әйелдеріне үкі көз (анютины глазки) сыйлайды екен. Тіпті сезімін ұзақ уақыт жасырып келгендер, бір де бір сөз айтпай, осы гүлді берсе, ішіндегі ықыласын ақтарып тастаған болып есептеледі-міс. Еуропаның көптеген елдерінде пәк махаббаттың символы ретінде ақ акацияны сыйға береді.

Ежелгі Германияда отбасының бақытты болуын және ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сезімінің суымауын тілеген қонақтар інжугүл (ландыш) алып келетін болған. Гиацинт, қалампыр мен хризантеманы күйеуі бар әйелге сыйласа, ол «мен сізді сыйлаймын!» деген мағына береді екен. Ал егер бойжеткенге бозбала георгин гүлін сыйласа, онда жігіттің  қызға «мен сені еш уақытта ұмыта алмаймын!» дегені. Маргаритка әдетте тұрмысқа шықпаған, жас қыздарға беріледі. Жас қыздарға, сондай-ақ түймедағы (ромашка), бәйшешек пен інжугүл секілді аулада немесе орманда өскен гүлдерді берген жарасады.

Қоңыр қызыл гүлдер құштарлықтың символы саналатындықтан, оны тек сүйіктіңізге ғана сыйлаңыз. Егер сіз жігіт болсаңыз және бойжеткенмен арадағы достықты өкпе-ренішсіз, мүмкін айқай-шусыз әдемі үзіп тастағыңыз келсе, сары түсті гүлдер (тек раушан емес) сыйлауыңызға болады дейді біреулер. Әрине, егер бойжеткен гүлдің тілін түсінсе…

Әйелдер мерекесі күні мұғалім апайларға, туыстарыңыз бен таныстарыңызға мимоза мен нарцисс гүлдерінің шоғырын сыйласаңыз, қуанып қалады. Сүйген қызыңызға алқызыл қызғалдақ сыйласаңыз, ол үшін сізден артық адам болмайды. Лимонның түсінен ақшылдау және қоңырлау келген раушан гүлдерін отыздан асқан әйелдерге сыйласаңыз, қатып кетеді.

Көкшіл және көк түсті гүлдерді адамның тектілігін, оның парасаттылығын ерекше бағалайтынын көрсеткісі келетіндер сыйлайды екен, мұндай гүлдер «Мен сізді құрметтеймін!» деген мағына береді.

Ресейде гүлдің тілі туралы алғаш рет ХVІІІ ғасырдың 30-шы жылдарында Д.Ознобишин деген ақын, аудармашы жазыпты. Парсы тілінен аударған «Салям, немесе гүл тілі» деп аталатын кітабында автор 400-ден астам «гүлдің тілін» түсіндіріпті. Мәселен, қараңыз: Інжугүл — «Мен сені көптен бері ұнатамын!», резеда — «Менің жүрегімді сенің сұлулығың емес, мейірімді жүрегің жаулап алды», итмұрын — «Саған сенуге бола ма?», қазоты (герань) — «Сенімен құпия сөйлесу керек», астра — «Сенің сезімің тұрақты ма?», көктікен (василек) — «Қарапайымдылығың ұнайды», дала қалампыры — «Сен көріктісің», мойыл гүлі — «Сен үшін қуанамын», пион — «Өте сезімталсың», долана гүлі — «Сенің ән салғаның ұнайды». Осы кітаптағы түсіндірмелерге сай, егер жігіт бойжеткенге сөз салғысы келсе, қызыл хризантема сыйлауына болады, көзінің әдемілігін білдіргісі келсе, қызғалдақ, егер алғыс айтқысы келсе, камелия гүлін сыйлауы керек екен. Інжугүл  — бақытты, бадам гүлі (миндаль) — үмітті, магнолия — табандылықты, шегіргүл (фиалка) —  адалдықты, қоғажай (цикламен) — қарапайымдылықты, ботакөз (назабудки) бен раушан пәк махаббатты білдіреді екен.

Гүл шоғырындағы гүл талдарының саны да белгілі бір мағына береді. Шоғырдағы гүл саны міндетті түрде тақ сан болуы керек деген нәрсе сонау ғасырлардан бері келе жатқан көрінеді. Мысалы, бір гүл — ерекше назар аударудың, үш гүл — сыйластықтың, бес гүл — қадірлеудің, жеті гүл — махаббаттың белгісі екен.

… Рас, дәл қазір ешкім түрі мен түсі қандай, қанша гүл сыйлаймын деп әуре болмайды. Бастысы, шын көңілден берілсе болды. Бірақ, есіңізде болсын, гүлді тек әншейін беру үшін бермейді, адамды қуанту үшін сыйлайды. Қазір ілуде біреу болмаса, гүлдің «тілсіз тілін» түсінетіндер табыла қоймас, сол себепті гүл шоғырының ішіне әдемі лебіз жазылған әдемі хат салып жіберуіңізге болады. Гүлді жақсы көрмейтін әйел жоқ, сондықтан алдағы халықаралық әйелдер күні анаңызға, жарыңыз бен қарындасыңызға, қызыңызға гүл сыйлауды ұмытпаңыздар, жігіттер.

Әзірлеген М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button