Спорт

Қандыағашта Азия чемпионы тұрады

Ол Азия чемпионы болады деген ой ешкімнің де қаперінде болған емес. Алғаш рет шетелге намысын ту етіп бара жатқан он төрт жастағы қыз баланың жеңетініне сенбегендіктен болар, жол пұлын көтеру міндетін бөлісуге тілек білдіргендер аз еді. Сондықтан Жарқын Абдуллина 2007 жылы Үндістанда өткен Азия чемпионатына Ақтөбе облысынан жалғыз аттанды. Оның жаттықтырушысы Сергей Ведющкин қолдың қысқалығына байланысты шәкіртін оралдық әріптестеріне ертіп жіберуге мәжбүр болды.

Сол жылдың сәуір айында аттанып кеткен топ 7 мамыр күні Алматыға жеңіспен оралды.

— Мен бұл күні жұмыстан кеш қайттым. Үйге келсем, анасы қызымыздың Азия чемпионы болғанын айтып, жылап жүр. Жаттықтырушысы жарысқа аттандырып тұрып, қызымның кем дегенде, үшінші, болмаса төртінші орынды қанжығасына байлап қайтатынын айтқан еді. Бірақ қызым одан да жоғары марапатқа қол жеткізді.

Жарқын ауыр атлетикамен айналысып жүргенін бір айдан кейін ғана айтты. Алғашқыда, анасы да, мен де қорқып кеттік. Қыз баланың зілтемірді көтергенін қалай қоймағанымыз рас. Мен оның жаттығуын әрі  қарай жалғастыруына бірден қарсылық білдірдім. Жаттықтырушысымен сөйлестім. Бірақ  Сергей Ведющкин қызымнан жақсы спортшы шығатынын айтып сендірді. Әрі қызымның көңілін қалдыра алмадым, — дейді сол күндерді еске алған Жарқынның әкесі Уәлихан Абдуллин.

Сол кезде 8-сыныпта  оқитын Жарқын 42 келі салмақта 120 кг темірді көтеріп, жарты әлемді таң қалдырды. Спортқа аяқ басқанына көп уақыт бола қоймаған Жарқынның  қайсарлығы көпті тәнті етті. Осы уақытқа дейін бала мінезді көрінетін Жарқын бүгінде салмақты, өз мақсатын анық аңғара алады және сол мақсатына жету үшін күні-түні жаттығудан да жалыққан емес. Аптасына үш мәрте аудандық жасөспірімдер және балалар спорт мектебіне барып жаттығады. Оған бүгінде бүкіл аудан үміт артуда.

Жарқын биікті бағындыра алатынын «ә» дегеннен-ақ байқатқан болатын. Ол спортқа келген  жылы Көкшетау қаласында өткен республикалық додада жүлделі 2 орынға иек артты. Одан кейін де облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылған жарыстардың бірде-бірінен құр қол қайтқан емес.

Мен спортқа қызығып өстім. Қатарластарымның әр додадан жүлделі оралғандарына қарап, солардың қатарында болуды армандайтынмын. Ақыры, бір күні ағамнан мені күреске апаруын өтіндім. Бапкермен сөйлесіп тұрғанымызда, қазіргі жаттықтырушым Сергей Ведющкин жанымызға келіп, менен «пауэрлифтингке барасың ба» деп сұрады. Мен бұл спортты білмейтінмін, сондықтан аталуы таңсық болғаннан шығар, бірден келістім, — деді Жарқын. Ал кәсіби жаттықтырушы Сергей Ведющкин Жарқынның спорттық қабілетін алыстан-ақ анық аңғарып үлгерген. Оның Азия чемпионатында 120 кг гір тасын көтеретініне де сенген сол болатын.

Пауэрлифтингтің жаттығу залына кіргенде шошып кеттім. Барлығы темір көтеріп жатыр. Бұл менің қолымнан келмейтін болар деп ойладым. Бірақ, ағайға сөз беріп қойғаннан кейін, кері шығып кетуге намыстандым. Алғашқыда өзіме сенбегендіктен болар, көңілім толмай жүрді. Бірақ бірте-бірте мен бұл спортқа шындап кірісіп кеттім.

Үндістанда өткен чемпионатта 2-3 орынды алатын шығармын деп ойладым. Чемпион болу туралы тіпті армандауға да ұялатынмын. Себебі, қарсыластарым мықты көрінді. Шынын айтсам, алғашқыда жанымда жаттықтырушым болмағаннан кейін, олардың тілін де түсінбеймін, менің атым естілсе ғана жүгіріп шығып, қалған уақытта жалғыз өзім отырамын. Басқалар менен артық көтереді деген ой мазалап қоймады. Атым естілгенде алаңға көтерілдім. Тастың салмағының қанша екенін де сұрамаппын. Көтердім. Түскеннен кейін, Оралдан еріп шыққан ағай «Жарқын, жарайсың, сенің ағайың біліп, дұрыс тапсырыс берген екен!» деп мәз. Содан кейін ғана мен 120 келі көтергенімді біліп, қуанып кеттім. Оның мен алаңға шыққанға дейін салмақ көлемін айтпағаны дұрыс болған екен, әйтпесе алдын ала өзімнен күдіктеніп, қорқып қалуым мүмкін еді деп түйдім ішімнен. Сергей ағай оларға бұл спортшы 120-ны анық көтереді, соған тапсырыс беріңдер деп ескертіп қойыпты, — дейді Жарқын өткенді еске алып.

Бұл сапар Жарқын ең алғашқы халықаралық жеңісі болғандықтан оған жету жолдары туралы айтып тауыса алатын емес. Бүгінде ол Моңғолияда өтетін тағы бір халықаралық додаға дайындық үстінде. Қарағанды қаласындағы іріктеу турынан сүрінбей өту үшін салмағын жоғалтпауға тырысып жүр.

Ол Қазақстанның спорт шебері, енді халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын Қарағандыда қанжығасына байлап қайтудан дәмелі.

P.S.  15 жасында жарты әлемді мойындатқан, болашағы үміт пен сенімге толы Жарқынның отбасы қарапайым. Әкесі жұмысшы, анасы үй шаруасындағы адам. Екі інісінің үлкені 5-сыныпта, кішісі 2-сыныпта оқиды. Отбасы әкесінің тапқан-таянғанына пәтер жалдауға мәжбүр…

Нұргүл МАРАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button