Құқық

Мемлекеттік тілдің маңызы

Сот

Тіл — адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастырады, табыстырады. Ал мемлекеттік тіліміз — ең басты байлығымыз, оны әрбір қазақстандық азамат міндетті түрде білуі қажет.

Қазақ тілі — қазір мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін, іс қағаздарын жүргізу тілі.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында сот кеңсесінің күнделікті қызметінде мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету бағытында, сондай-ақ іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу ісін дамыту  барысында  қажетті іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Статистикалық мәліметтер бойынша биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс соттарында барлығы 1031 қылмыстық іс қаралған, соның ішінде 471 қылмыстық іс қазақ тілінде (45,7%), 560 қылмыстық іс орыс тілінде (54,3%) қаралған. Осы көрсеткішке қарасақ, мемлекеттік тілдегі қылмыстық істерден гөрі орыс тілінде қаралған істер басым болып тұр.

Бұл соттарда қылмыстық істердің мемлекеттік тілде аз қаралуының басты себебі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының көбінесе орыс тілінде жүргізілу салдарынан болып отыр.

Бұның мәнісі — қылмыстық істер бойынша тергеушілердің сауатының орысша болуына байланысты екендігін айтқан жөн. Өйткені сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары мемлекеттік тілде жүргізуге жататын қылмыстық істер орыс тілінде жүргізіледі.

Бұған да мысал келтіруге болады.

Мысалы,  Қылмыстық кодекстің 297-бабы  2-бөлігінің 2), 3) тармақтарымен сотталған азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісі  орыс тілінде жүргізіліп, айыптау актісі орыс тілінде дайындалғанымен, басты сот талқылауының дайындық бөлігінде сотталушы  азамат сот ісін жүргізу тілін өзгертіп, сот мәжілісін қазақ тілінде жүргізуді талап еткен. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен өтініш қанағаттандырылып, процеске кәсіби аудармашы қатыстырылып, іс бойынша негізгі құжаттар  қазақ тіліне аударылған. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы айыптауды қазақ тіліне аударып, іс қазақ тілінде қаралған.

Бұл жағдайда соттың ҚПК-нің 30-бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілін өзгерту жөнінде қабылдаған шешімін дұрыс деп есептеуге болады, өйткені сотталушы қазақ және ол істі өзінің ана тілі — қазақ тілінде қарауды сұрап отыр.

Қазіргі кезде қазақ тілінің мәселесі толық шешілді деп айтуға ерте сияқты. Оны өзіміздің күнделікті өмірден де байқауға болады. Қазақ тілі өз дәрежесіне көтерілсін деп санайтын болсақ, еліміздің әрбір азаматы осы мәселеге атсалысуы қажет.

Соңғы кезде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін жетік меңгергендерін көріп жүрміз, олардың  қазақ тілінде таза сөйлейтіндері сондай, тіпті телеарнамызда олар қазақ тілінде хабарлар да жүргізуде. Олардың қазақ тіліне деген ынта-ықыласына риза боласың.

Ынта болса алынбайтын қамал жоқ, қазіргі кезде ана тіліміздің беделін көтеріп, күнделікті қолданыста дұрыс сөйлеп, іс-құжаттарының сауатты толтырылуына өзіміз ықпал жасап, тіліміздің беделіне нұқсан келтіретін жағдайларды болдырмауға тырысу қажет.

Мемлекеттік тілдің маңыздылығын арттыру мақсатында, оның сапасын жетілдіру үшін мемлекеттік тілде  іс қарайтын судьяларды және іс құжаттарын мемлекеттік тілде сапалы жүргізіп отыратын сот мамандарын марапаттап отырған дұрыс деп ойлаймыз.

Сонымен қатар, өткізілетін жиналыстар, дөңгелек үстелдер, семинар сабақтары қазақ тілінде жиі өткізіліп отырылса, мемлекеттік тілдің мәртебесі көтеріле түсетініне сенеміз.

Мәлібай ҚОСЫМБЕТОВ,

облыстық соттың судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button