Спорт

Кикбоксшы қыз


Кикбокс — спорттың жас әрі қиын түрі. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары АҚШ-та пайда болған. Аталған спорт түрі елімізге тоқсаныншы жылдардан кейін ене бастады. Бұрын бокспен шұғылданып жүрген спортшылардың бірқатары кикбоксқа ден қойды. Қазір осы спорт түрінен еліміздің даңқын арттырып, жеңіс тұғырына көтеріліп жүрген жастар көп. Алайда қыздар арасында кикбокспен айналысатындардың қатары сирек. Ал 24 жастағы ақтөбелік Арай Омарованың аталған спорт түрімен шұғылданғанына он жыл. Қазір ол кикбокстан Қазақстанның спорт шебері және бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Сондай-ақ 2007 жылы  Уфада өткен бүкіл ресейлік әйелдер арасындағы турнирде «Зауралья» кубогінің иегері. Мереке қарсаңында спортшы қызды әңгімеге тартқан едік.

Жасынан спортқа әуес Арайдың кикбокспен шұғылдануына інісі Еркебұлан себепкер болыпты. 2000 жылы қаладағы №38 мектепте Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы Саламат Капин кикбокс үйірмесін ашады. Ол уақытта Арай 9-сыныпта, ал інісі 6-сыныпта оқиды екен. Еркебұлан осы үйірмеге қатыса жүріп, апасының да баруын өтінеді.  Аталған үйірмеге алғаш барғаннан-ақ Арай кикбокстың қыр-сырын тез меңгеріп кетеді. Ал жарты жылдан соң облыстық, республикалық жарыстарға жолдама алды. Мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетіне оқуға түседі.

Арай студент кезінде де еліміздің әр аймағында өткізілетін республикалық жарыстардан тыс қалған емес. Яғни, тоғыз жыл бойы кикбокстан әйелдер арасындағы облыстық және  республикалық чемпионаттарға қатысып, жеңімпаз атанды. Ал 2007 жылы Уфада өткен бүкілресейлік әйелдер арасындағы турнирде жеңімпаз атанғаннан кейін, халықаралық, оның ішінде Ресейде ұйымдастырылатын жарыстарға жиі жолдама алды. Қай сайыста да Арай жүлдесіз оралған емес.  Ал 2007-2008 жылдары бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында үшінші орынға қол жеткізді. Қазір  Арай бокстан спорт шеберлігіне үміткер.

Арайдың бұндай жетістіктерге жетуіне ұстаздары, яғни Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Саламат Капин мен Самат Қазиевтің еңбегі зор.

— Алғашқы уақытта  кикбоксқа қызығып қатысқаныммен, кейін жаттығу кезінде қатты қиналдым. Ер балалармен бірдей, тең дәрежеде  жаттығу оңай болған жоқ. Әрі жаттықтырушымыз Саламат Капин  қатаң талап қоятын. Соған қарамастан спортты  тастап кету туралы ойланған емеспін.

Жалпы, кикбокстың семикикбокс, айрокикбокс, лайт, фллу контакт, лоу контакт деген бірнеше түрлері бар. Оның ішінде біздің елімізде соңғы екі түрі жақсы дамыған.  Фллу контакт аса күрделі  емес, аяқты белден жоғары көтересің, яғни белден төмен тебуге болмайды. Ал лоу контакт ережесіз төбелес секілді, кикбокстың ең  қиын түрі. Еркебұлан екеуіміз осы екі түр бойынша да жарысқа шығамыз. Әуелгі кезде кәсіпқой кикбоксқа қатысып жүрдім. Бірақ кәсіпқой кикбокс біздің қалада енді дамып келе жатқандықтан  қатысушылардың қатары сирек болды. Соған қарамастан алғашқы жылдары Ресей, Өзбекстан елдерінен келген  спортшылармен бақ сынасып жүрдік. Жалпы, Ресейдің кикбоксшылары өте мықты, — деді Арай.

Қазіргі күні Арай №21 мектепте дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді. Бұған қоса «Қоныс» спорт сарайында жастарды жаттықтырады.

— Жалпы, қыздар арасында бұл спорт түрімен тұрақты шұғылданатындар өте сирек. Әуелгі кезде бұрыннан жаттығып жүрген жастарды көріп, қызығып қатысады. Бірақ көпшілігі бірінші күннен-ақ жаттығудың қиындықтарына төзе  алмай бас тартады. Жаттықтырушым  Саламат Капин «Сені миллион қыздың ішінен таңдап алдым» деп әзілдейтін. Өйткені менімен бірге кикбокс секциясына қатысқан қыздар көп болатын. Кейін барлығы шыдамай кетіп қалды. Спортпен айналысқанның пайдасы өте көп. Біріншіден, ел көресің, екіншіден, достарың көбейеді. Қазір қаламызға белгілі самбошы қыздармен жақсы доспын. Өзге қалалардағы спортшы қыз-жігіттермен де байланысымыз үзілген емес.  Дегенмен, қыздарға қарағанда жігіттермен тез тіл табысамын. Өйткені оқушы кезімде ер балалармен бірге жүретін едім. Бірге жаттығу залдарына барамыз. Қазір өзім жаттықтыратын жастардың басым бөлігі ер балалар. Олардың  арасында жеңімпаз атанғандары да  жоқ емес. Ал қыздардан Әсем Ситенованы ерекше атауға болады. Ол  былтыр Тараз қаласында өткен кикбокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында екінші орын алды. Жалпы, алдағы мақсатым өзім жаттықтырып жүрген жастардың арасынан танымал спортшыны дайындап шығару. Сондай- ақ өзім келер жылы Тайландтта өтетін Азия ойындарына қатысқым келеді, — дейді Арай.

Арай қазіргі күні Алматы экономика және статистика институтында қаржы мамандығы бойынша білім алуда. Сәтін салса, биыл  оқуын тәмамдайды. Ал Арайдың екі інісі Еркебұлан мен Ержанның да облыстың жас спортшыларының арасында  өзіндік орны бар. Еркебұлан өткен жылы Тайландтың Бангкок қаласында өткен бірінші Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ былтыр облыстың он үздік спортшысының қатарына еніп, облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың Алғыс хаты және 100 мың теңге ақшалай сыйлығымен марапатталды. Ал кіші інісі Ержан — кикбокстан облыс чемпионы. Он үш жастағы балғын спортшы әзірге ешкімге есесін жібермепті. Қазір ол республикалық чемпионатқа дайындық үстінде. Ал екінші  інісі Дастан М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатта оқиды. Келер жылы мектеп бітіретін ол «Алтын белгіге» үміткер. Салауатты өмір салтын ұстанады.

Үйдің үлкені болғандықтан Арай інілеріне қашанда қамқор. Олардың жаттығуларын жиі қадағалап, ақыл-кеңесін беріп отырады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button