ЖаңалықтарЭкономика

Кооперативтер күшейіп келеді

Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда ауылшаруашылық кооперациясын құру белсенді жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірде 171 ауылшаруашылық кооперативі құрылса, оның 95-і ет, 19-ы сүт, 5-еуі көкөніс және т.б. өндіру бағытында деп хабарлайды «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Ауылшаруашылық кооперативтері 2 711 жеке қосалқы шаруашылықты, 108 фермерлік шаруашылық пен 30 заңды тұлғаны біріктірді. Кооперативтер бүгінде 841 тонна ет, 1528 тонна сүт пен 334 тонна өзге өнімдерді өндірді.

Осы жылдың өзінде облыста 72 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, оларға 11 сүт таситын көлік, 9 мұздату қондырғылары сатып алынды, 9 мал сою орны ашылып, сонымен қатар, 3 396 шағын отбасылық мал бордақылау алаңдары құрылды.

Ет-сүт өндіру бағытындағы 114 кооперативтің жартысынан көбі құрал-жабдықтармен және техникалармен жабдықталған. Қалған кооперативтер қажетті техникаларға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша иеленуде. Бұл орталықтандырылған шикізатты сапалы түрде  жинау жүйесін реттеуге және оны өңдеу кәсіпорындарына жеткізуге мүмкіндік береді. Ауылшаруашылық кооперативтерін қолдаудың осындай шаралары өндірілетін өнімнің әрі қарайғы дамуы мен көлеміне елеулі ықпал етеді.

Бұған қоса, дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы салалары да белсенді дамуда. Аталған бағыт бойынша ара, ешкі, балық, таңқурай, бұршақ пен бадана өсірумен айналысатын бес ауылшаруашылық кооперативі құрылды.

Атап айтқанда, құрамына 23 ара өсіруші кіретін «Ақтөбе ара өсірушілері» кооперативі жұмыс істеуде. Кооператив өндіретін өнімін ішкі нарықта іске асырады. Өңірдегі барлық ара өсірушілер өткен жылы  12,9 тонна бал өндірген.

«Шекшек Ата» кооперативі бүгінде 17 тонна ешкі сүтін өндіріп, Ақтөбе қаласындағы ірі сауда орындарына шығаруда.

Бөдене жұмыртқасын шығарумен «Маджида» АШК айналысады. 20-дан астам құс өсірушіні біріктірген кооперативтің жалпы құс саны — 5000 бөдене. Қазіргі таңда кооператив 11 мың дана жұмыртқа шығарып отыр.

Сондай-ақ, өңірдегі шаруалар дәнді-бұршақты дақылдарды да табысты игеруде. Қобда ауданының өзінде бадана мен ноқат егу алқабы 59 гектарды құрады. Суару технологиясын қолдану  фермерлерге кепілді өнімді алуына мүмкіндік береді.

Ақтөбеде «Болат ЛТД» ЖШС елімізде бірінші болып өнеркәсіптік таңқурай шаруашылығын қолға алды. Ағымдағы жылы өнім жинау танабы 25 гектарды құрайды. Алдын ала өнімділік гектарына 15 центнерді құрауда. Осы жылдың күзінде таңқурайдың көпжылдық көшеттерін отырғызатын алқапты 45 гектарға дейін арттыру жоспарлануда.

Ағымдағы жылы «нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 2,3 миллаирд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа кооперативтер қажетті техниканы, құрал-жабдықтарды, сонымен қатар,  ет-сүт өндіру бағытындағы асыл тұқымды малдарды сатып алады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button