Мәдениет

«О, адамдар, біргемін мен сендермен!»

ТӨЛЕГЕН — 80

11-13 тамыз күндері Байғанин ауданында ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толуына орай той өтеді. Мерейтойлық іс-шаралар бағдарламасы жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қожағали Аққожадан білдік:

— Мерейтой аясындағы іс-шаралар 11 тамызда аудан орталығындағы Мәдениет үйінде өтетін «О, адамдар, біргемін мен сендермен!» атты кештен басталады. Кешке ақынның ұрпақтары: қыздары — Салтанат, Махаббат, Хұсни мен Айнар, күйеу баласы, белгілі ақын, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Бауыржан Жақып, немерелері, сондай-ақ осы тойға алыстан келген басқа да қонақтар қатысады. Қонақтар қатарында филология ғылымдарының докторы, Төлеген ақынның өлеңдерін түрік тіліне аударған Оғыз Доған, төлегентанушы-ғалым, Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы Әлімбай Найзабаев бар, — дейді ол.

Келесі, 12 тамыз күні мерейтойлық іс-шаралар Миялы аулында жалғасады. Бұл күні Т.Айбергеновтің ата-бабалары жерленген көне Базарқожа қорымына, табиғи ескерткіш саналатын Тоғалайға бару, ХVIII ғасырдағы жерасты мешітімен танысу жоспарланған. Сондай-ақ, көпшілік Төлеген Айбергенов атындағы орта мектепті аралап, одан әрі осы тойға орай ұйымдастырылған көкпар ойынын тамашалайды. Ал кешке Оймауыт халық театрының қойылымы және «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» атты гала-концерт өтеді. Концертте ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалмақ.

Мерейтойлық іс-шаралар аясында, 13 тамызда, «Ұлы Жібек жолы Жем бойымен…» атты түйе керуені, ұлттық ойындар, соның ішінде аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, атан жарыс және күрес өтеді. Ал өңірдің өркендеп-дамуына үлес қосып жүрген үздік еңбеккерлер Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықпен марапатталатын болады. Сыйлықтарды ақынның ұрпақтары табыстайды.

Сондай-ақ, осы күні Қарауылкелдідегі аудандық музейде, Оқушылар үйінде және аудандық кітапханада бірқатар шаралар жоспарланған.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button