Мәдениет

Мәңгілік тарқамайтын той

ТӨЛЕГЕН — 80

…Төлеген ақынның тұңғыш перзенті — Салтанат Айбергенова «Алтын қанжар» атты мақаласында әулеттің сонау зобалаң жылдарда көрген ауыртпалықтары, әжесі Жібектің тағдыры, ақынның дүниеге келуі жөнінде баяндайды. Мақала ақынның жары — Үрниса Айбергенованың естеліктері бойынша жазылған. Осы арқылы қалың жұртшылық Айбергеновтер әулетінің түпкі атамекені — Ақтөбе топырағы екенін білді.

Біз Салтанат Айбергеноваға хабарласып, осы естеліктің жазылуы, ақынның ұрпақтары, 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып жатқан шаралар жөнінде сұраған едік.

— Әкем дүниеден өткенде, анам шиеттей бес баланың әкесі де, анасы да — бір өзі болып қалды. Бес баланың үлкені — мен небәрі 7 жастамын, — деп бастады ол сөзін. — Балаларды өсіріп-жеткізу үшін, анамның екі-үш жерде жұмыс істеуіне тура келді. Сөйте жүріп, әкемнің бірде-бір жазбасын шашау шығармауға тырысты, оның мұрасына өте мұқият қарады. Үйде үлкен қара чемодан болатын. Әкемнің өз қолымен жазған өлеңдері, оның даусы сақталған таспалар, бүкіл қағаздары сол чемоданда тұратын. Анам үшін ол әлемнің бар байлығынан қымбат еді… Әкем өмірден өткесін, бір жылдан кейін шыққан «Құмдағы мұнаралар» кітабын кезінде баспаға өзі дайындап кеткен екен, ал одан соңғы «Мен саған ғашық едім», «Аманат» жинақтарын анам әзірледі. Олардың алғашқысы — 1970 жылы, екіншісі 1975 жылы жарыққа шықты. Ес білгеннен-ақ мені анам үйдегі «Москва» аталатын жазу машинкасына отырғызды. Күні бойы машинка тықылдатып, әкемнің өлеңдерін теретінмін. Анама солай  кішкентайымнан қолғабыс еттім. Ал 1981 жылы жарыққа шыққан «Бір тойым бар» кітабын анам екеуміз бірге әзірледік. Ол кезде ҚазМУ-дің филология факультетінің студенті болатынмын. 1987 жылы әкемнің өлеңдері «Мир созвездия» деген атпен орыс тіліне аударылып басылды. 1989 жылы «Бір тойым бар» кітабы толықтырылып, қайта жарық көрді. Одан соң экономикалық дағдарыс басталғаны белгілі. Ол тұста кітап шығару аспандағы жұлдызды алғаннан қиын еді… Бірақ қалың көпшілік Айбергенов жырларын іздеді, оның поэзиясы ғана емес, өмір жолына, тағдырына деген қызығушылықтың жылдан-жылға арта түсетіні анық аңғарылды. «Ақын қарақалпақ жерінде дүниеге келгенмен, әкесі, атасы қазақ топырағында ғұмыр кешкен ғой? Оның атамекені қай аймақ болды екен?» — деген сауал да жиі алдымыздан шығатын еді. Бірі «Шымкент жағынан», екіншісі «Қарақалпақстаннан» десе, тіпті біреулері ата-бабасы «Семей өңірінен кеткен екен» — десіп, өз жорамалдарына түрлі дәлелдер келтіретін. Мен анама: «Үлкендерден, әкемнен естіген әңгімелерді қағазға түсірсеңіз қайтеді?» — деп жүргенде, бір күні 8 наурыз  — әкемнің туған күнінде кіші сіңлім Хұсни анамызға қаламсап сыйлап, «Осы қаламмен естелік жазыңыз» — деді. Содан бастап анам естеліктерді қағазға түрте бастады. Оны өзі бұрыннан ойлап жүргенмен, шиеттей баланың қамымен жүріп, бұл шаруаға мойын бұру мүмкін болмаған ғой… «Алтын қанжар» анамның Жібек әжеміз бен әкемнен естіген әңгімелері бойынша жазылды. Ол естеліктерде аталарымыздың сонау дүрбелең жылдары Ақтөбе облысының қазіргі Байғанин өңірінен көшкен қалың жұрттың ішінде болғаны айтылады. Яғни, түпкі атамекеніміз — сол өңір. Ақтөбе халқы, оның ішінде байғаниндіктер де бұл деректі үлкен қуанышпен қабылдады. Ақтөбе қаласынан әкеме — көшенің, Байғанин ауданынан мектеп аты берілді. Қарауылкелдідегі аудандық тарихи-өлкетану музейінде де әкемнің суреті ілулі тұрғанын көрдім. Бұл — үлкен қуаныш.

— Қазақ поэзиясының ең биік шыңдарының біріне айналған Төлеген Айбергеновтің кітаптары соңғы жылдары бірнеше рет жарыққа шықты. Бұл, әрине, қуантады. Алайда, кей кітаптарда көп қате кеткен тұстар барын көрдік…

— Өкінішке қарай, кейбір кітаптарда, басқа қатені айтпағанда, тіпті өлеңдер шумақтары да алмасып кеткен кездері болды. Мен әкемнің кітабын шығаруға тілек білдіргендерге оның өлеңдерін 2013 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарыққа шыққан 4 томдық шығармалар жинағының І томы мен «Атамұра» баспасынан шыққан «Атамекен» кітабынан алуды ұсынар едім. Мұндағы өлеңдер әкемнің өзі қалдырған түпнұсқадан алынған. Кезінде анам ол түпнұсқаларды ұстауға ешкімге рұқсат бермейтін. Қағаз тым нәзік нәрсе ғой, «бүлдіресіңдер, жыртып аласыңдар» — дейтін.  Бірақ беріде, қазіргі заманғы мүмкіндікті пайдаланып, түпнұсқаларды мөлдір, берік қабатпен қаптаттық. Сондықтан оларды қорықпай ұстап, оқырманға ақынның өлеңдерін әр кездері редакторлар өңдеген нұсқада емес, о баста өз қаламынан туған қалпында ұсындық.

Әкемнің кітаптарына қатысты менің бір өкінішім: 1989 жылы шыққан «Бір тойым бар» кітабына бұрын еш жерде жарық көрмеген жырларының енгізілуі. Олар — әкемнің ақын ретінде әлі өз биігін бағындырмаған, балауса шағында жазылған өлеңдер. Кезінде ақылдаса отырып, «оқырман бұл өлеңдермен де таныссын» — деген оймен ғана кітапқа енгізген едік. Алайда, қазір ақынның шығармашылығына арналған жиын-кештерде сол өлеңдер алдымнан жиі шығады. Өйткені жаттауға оңай… Ал, оңай жатталғанмен, ақынның жеткен биігіне өлшем бола алмайтынын қарапайым оқырмандар ескере бермейді.

— Ақынның ұрпақтары жөнінде айтсаңыз?

— Ақынның соңында қалған бес баласынан 10 немере және әзірге 7 шөбере бар. Шөберелер — қыздар жағынан, яғни жиендер дегенім дұрыс болар. Балаларының бәрі де жоғары білім алып, түрлі салаларда еңбек етіп келеміз: мен филология ғылымдарының кандидатымын, Абай атындағы Қазақтың Мемлекеттік педагогикалық университетінде сабақ беремін. Махаббат та мамандығы бойынша филолог, біраз жылдар телевидение саласында еңбек етті. Махаббаттың жары Бауыржан Жақып — белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Егіз сіңлімнің бірі Хұсни — жеке кәсіпкер. Ал Айнар Францияда тұрып жатыр, сол жақтағы қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан.

Әкем — жеті атадан бері жалғыз ұлдан тарап келе жатқан әулеттің ұрпағы, өзі де бес баласының ішінде жалғыз ғана ұл сүйді… Інім Дәурен 2010 жылы дүниеден өтті. Компьютерді ең алғашқылар қатарында меңгеріп, сол салаға маманданғандардың бірі еді. Өлең жазбаса да, әкеме тартқан бір қасиеті — кітапты көп оқитын. Әлемдік деңгейде атағы енді ғана шығып келе жатқан көп жазушылардың атын біз алдымен Дәуреннен еститінбіз. 2006 жылы анам қайтыс болды. Төрт жылдан кейін Дәуреннен де айырылдық. Артында Айдана, Алмат есімді балалары қалды. Келінім Гауһар медицина саласында еңбек етеді. Биыл үйленуге ниет еткен Алматтың тойын 29 тамызға белгіледік. 29 тамыз — әкемнің қайтыс болған күні. Осы күн — енді әулетіміз үшін бұрынғыдай қайғылы күн емес, жаңа, жақсы дәуірдің басы болсын деп ырым еттік.

— Алла тілектеріңізді қабыл еткей!

— Әмин!

— Ақын мұрасы сақтаулы чемоданды анаңыз кімге табыстады?

— Қазір ол — менде. Болашақта әкемнің мұрасын архивке сақтауға берген жөн болар деп те ойлаймын. Өйткені архивтегі дүние халыққа ортақ қазына болмақ.

— Төлеген Айбергеновтің 80 жылдық мерейтойын барша қазақ тойлап жатыр. Мерейтой аясындағы шараларды шолып өтсек…

— Әкемнің туған күні 8 наурыз болғанмен, 80 жылдық мерейтойына арналған шаралар жыл басынан — қаңтар айынан-ақ қолға алынды. Қаңтарда Алматы қаласындағы бірқатар мектептер мен кітапханаларда кездесулер, кештер өтті. Одан беріде Ақтауда, Шымкентте, Қарағандыда, Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы индустриялық-техникалық университетте, басқа да өңірлерде көптеген шаралар, соның ішінде халықаралық конференциялар да ұйымдастырылды.

Ал әкемнің туған жері — Қарақалпақстанда өткен шараларға ерекше тоқталғым келеді. Ол жаққа Айбергеновтер әулетінің үлкен-кішісі, сонымен бірге, ақындар — «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов пен «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы барды. Әкем Нөкіс қаласындағы Сорша қорымына жерленген. Біз басына барып, Құран оқып, дұға бағыштадық. Әкемнің бейіті тым алыста болғанымен, ол жақтағы жұрт та оны елеусіз қалдырмағанын көрдік. Нөкістегі Әжинияз атындағы мемлекеттік педагогикалық институтта «Жайсаңым менің, жырлары көзін жұмбаған…» атты кеш өтті. Бірер күн бұрын өтуі тиіс жиын, біздің келуімізге орайластырылып, 1 мамырға шегерілген екен. Осы кеште әкемнің үш халыққа бірдей қадірлі перзент екенін сезіндім. Әрі, бұл шара үш халықтың достық тойы секілді өтті, өте шуақты әсер қалдырды. Институт проректоры, ұлты өзбек Қуандық Қадыров бізге: «Төлеген ақынның бейітіне бір түйір шаң қондырмайтымызға сеніңіздер» — дегенде, қатты толқыдым…

Енді, міне, жақын күндері атамекен — Ақтөбе өңірінде жиналамыз. Әкемнің 75 жылдық мерейтойын да қазақ елі дүбірлетіп өткізген еді. «Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның» — деп өзі жазғандай, кәсіпкері, қаламгері, студенті, зиялы қауымы бар — қалың көпшілік тікелей атсалысып, қысқа ғана ғұмырында ұрпаққа ғажайып мұра қалдырған ақынның тойында халықтың оған деген ерекше махаббатына куә болып келеміз.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button