Білім

Біліп жүр

Радио-мектеп туралы не білеміз?

Австралия фермаларындағы адамдардың оңаша өмір сүретіндіктері соншалық, олар көршілерімен және жалпы сыртқы дүниемен байланысты телефон немесе радио арқылы жүзеге асырады екен. Тіпті, науқастарға да дәрігерлер радио арқылы ақыл-кеңес беретін көрінеді.

Ал білім саласына келер болсақ, ондағы фермерлер балаларын 15 жасқа дейін радиомен оқытады екен. Әрбір оқушы сабақ барысында түсінбегенін мұғалімнен немесе басқа оқушыдан сұрауына мүмкіндік беретін арнаулы радиостансалар бар. Оған қоса «радио-мектеп» оқушылары жазба жұмыстарын аптасына 1 рет ұстаздарына тексеруге жіберіп отырады екен.

Балдырған-ақпарат

Ата-ана және оқушы

Жақында мектеп психологы Толғанай Бөлегенованың ұйымдастыруымен 1-сынып оқушылары мен ата-аналары арасында бірлескен тренинг өтті.

Оқушы мен ата-аналардың арасында мұндай шараның ұйымдастырылу мақсаты — тәрбиеге аса назар аудару, оқушылар арасындағы келеңсіз жайлардың алдын алу. Тренинг бірнеше бөлімнен құралды. Алдымен оқушылар өздерін таныстырды. Ал ата-аналар тәрбиеге қатысты көптеген ситуациялық сұрақтарға жауап берді.

«Кел, балалар ойланайық!» атты бөлім ата-аналар мен балалар үшін ерекше мәнге ие болды. Бұл бөлім балалардың есту, есте сақтау қабілеттерін қалыптастыруға арналды. Сондай-ақ, «Сіз білесіз бе?», «Мен оңаша қалғанда…» атты тарауда балалар ата-аналарымен бірге өз өнерлерін көрсетті.

Тренинг соңында орыс тілі пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз С.Мажикова жалпы психология ілімінің адам өмірінде алар орнының ерекшелігіне тоқталып, шараға қатысқан оқушылар мен ата-аналарға алғысын білдірді.

Гүлсара САБАЛОВА,

№3 Қарауылкелді орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі.

Байғанин ауданы.

Мереке

Аналар аман болсын

Ана туралы қанша жыр, дастан жазсақ та артық етпейді. Өйткені әр адам анаға деген ішкі сезімін, сағынышын, махаббатын әр қилы жырлайды. Ана — болашақтың демеушісі, сәбилердің бақыты, отбасының тірегі. Өмірдегі барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш иесі, тіршіліктің қайнар бұлағы. Біздің жарық сәулені көріп, ақ пен қараны ажырата білуіміздің өзі абзал аналардың арқасы. Аналар үшін бірінші орында отбасының берекесі тұрады. Бөбегін бесікке бөлеп, әлдилеп, аялаған ана бақыт құшағында емес пе? Аналардың аман жүруі —бала үшін, ел үшін бақыт. Ендеше, аналарымыз аман болсын!

Соққанда ұлы өмірдің дауылдары,

Келгенде тіршіліктің ауыр жағы.

Өзіңді, таянышым, еске аламын,

Анашым, асыл анам ауылдағы.

Жанна ШАХАБАЕВА,

№42 Ақтөбе орта мектебінің

11-сынып оқушысы.

Оқушының өлеңі

Ана

Ана қадірін білеміз,

Анамен бірге күлеміз.

Алысқа кетсе ол егер,

Сағынып, күтіп жүреміз.

Айналайын күнім деп,

Еркелетер анам күлімдеп.

Жүреді айтып ол маған

Жақсы нәрсе үйрен деп.

Нұрқанат ДАУТОВ,

Ақырап орта мектебінің

6-сынып оқушысы.

Қобда ауданы.

Туған өлкем

Туған жердің табиғатын сүйемін,

Туған жерім арқа сүйер тірегім.

Әлдеқалай ұзақ кетсем шалғайға,

Бір өзің деп соғар менің жүрегім.

Жер астынан алып жатыр мұнайды,

Өзен, суда ақ балығың тулайды.

Көк майсадай жерім әсем құлпырып,

Бозторғайлар тал басында сайрайды.

Кең жазықта ақ қайың мен терегі,

Гүлге толы көк майсалы желегі.

Исі жұпар кең даланың ауасын

Қайта-қайта жұта бергім келеді.

Айдана СИСЕНОВА,

Шұбарши орта мектебінің

5-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Жас қалам

Ана тіліңді қадірле…

Тіл — атадан балаға мирас болып қалған аса қымбат, баға жетпес асыл мұра. Ата қанымен, ана сүтімен дарыған тіл — ұрпақ үшін қол жетпес байлық. Қазақ тілі адамзатты адалдық пен бауырмалдыққа, өнеге мен ізгілікке тәрбиелейді.

Ұрпақтан ұрпаққа аса қиындықпен жеткен тіл құдіретін кейбірлеу жөнді бағалай алмайды. Тіпті, араларында қазақша білмейтіндері де кездеседі… «Жеті жұрттың тілін біл…» дегендей, өзге тілді жетік білгеннің еш айыбы жоқ. Алайда әрбір қазақ баласы дүниеге келгеннен кейін, оның басты парызы — өз Отанын қорғау және ана тілінде сөйлеп, оның мәртебесін көтеру.

…Сөзді бағалау, сөзге тоқтау, сөзді түсіну адамды мәдени, рухани жағынан дамытады. Әсіресе, ана тілін білу, оны қорғау — біздің, яғни қазақ жастарының басты парызы.

Гауһар ТОЙҒҰЛОВА,

№30 Ақтөбе орта мектебінің оқушысы.

Хат-қоржынынан

Оқушы күнделігінен

Күнделік — адамның жан сырын бөлісер серігі. Адам қуанғанда не ренжігенде ойларын ақ парақ бетіне түсіреді. Кейін сол жазылған жайлар өткен күннің белгісі ретінде қалады…

№40 Ақтөбе орта мектебінің 9 «в» сынып оқушысы Перизат Өтегенова «Балдырғанға» өз күнделігінен мынадай екі қуанышты оқиғаны жазып жіберіпті…

… Күнделігім, досым менің! Саған сыр ашпағалы да айдың жүзі болып қалыпты. Мен бүгін саған жеткенше асықтым…

Қызыл кірпіштен өрнектеліп қаланып жатқан зәулім сарайдың ішінде мен білім аламын деген ой санамда жатталып қалған. Бүгінгі мерекелік шарадан соң жол бойындағы құрылыс түріп жатқан жаңа мектепті көруге бардым. Мамыр айынан бері біраз жұмыстар жүргізілгені көрініп-ақ тұр. Иә, бұл білім ордасы Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Хан сарайындай мына зәулім сарай бізге қашан есігін айқара ашады екен? Мектеп ішін бір айналып шықсам ғой, шіркін…

1 қыркүйек 2008 жыл.

***

…Ай-хай! Бар даусыммен бар Қазақстанға «Мен қандай бақыттымын!» деп айқайлағым келеді. Міне, бүгін мен жаңадан салынған білім ордасының табалдырығын аттадым. Кіре бере төбедегі биік шаңырақты көргенде жүрегімді мақтаныш сезімі кернеді. Киелі шаңырақтың астында білім алатын мен ХХІ ғасырдың бақытты оқушысымын?..

Мектеп іші салтанатты ашылу сәтін күткен оқушылар мен ұстаздар, ата-аналарға лық толды. Камера мен микрофон ұстаған журналистерді көргенде, сезімімді көпшілікке көркем жеткізу үшін қалам ұстауға құштарлығым артты. Балалық пен албырттық, әр саққа ұшқан қиял мен аңсарымды бірінші боп өзім жеткізгім келді. Журналистердің қойған сұрақтарына қарамастан менің алғашқы сөзім «Мен бақытты оқушымын!» деп басталды.

4 ақпан 2009 жыл.

Әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button