ЖаңалықтарЭкономика

Биыл барлығы 20 кәсіпорын жаңғыртылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың  төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының экономиканы жедел технологиялық жаңғырту бойынша тапсырмасының жүзеге асырылуы талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің мәліметі бойынша бірінші жарты жылдықта өңірде жалпы сомасы 6 миллиард теңгеге 10 кәсіпорын жаңғыртылған. Олардың қатарында «Восход-Oriel» ЖШС, «КМК Мұнай» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Энергосистема» ЖШС, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ, тағы басқалары бар.

Өндіріс орындарын жаңғырту еңбек өнімділігін 9%-ға, яғни  9 АҚШ долларынан 9,8 АҚШ долларына дейін арттыруға, жарақат алу қаупін 5% төмендетуге, өндірудің өзіндік құнын төмендетіп, өнімді қайта өндіруді 2% азайтуға, сонымен қатар, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге ешбір жұмыс орны қысқартылмады.

Осы жылдың соңына дейін тағы да кемінде 10 кәсіпорын жаңғыртылмақ. Жалпы алғанда, жақын арадағы бес жылда облыстағы кәсіпорындарды  жалпы құны 400 миллиард теңгеге жаңғырту жоспарлануда. Осы ауқымда кен игеру, металлургия, химия өнеркәсіптері, машина жасау  саласы кәсіпорындары қамтылмақ.

«Өндіріс орындарын жаңғырту өнімді неғұрлым бәсекеге қабілетті етуге және әлемдік нарықта экспортқа бағдарлануға мүмкіндік береді. Әлемнің 50 еліне жеткізілетін ақтөбелік өнімнің экспортын 3,2 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру жоспарда бар», — деп атап өтті Қ.Бекенов.

Бұдан өзге, өңірдегі «Қазхром», «Ақтөбе рельс арқауы зауыты», «АМК» секілді ірі кәсіпорындарда 4.0 индустрияландырудың элементтерін енгізу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін шығарылатын өнім қосымша артып, өндірістік-басқару технологиясы жаңа деңгейге көтерілетін болады.

«Біз Елбасы тапсырмасын орындау үшін барлық шараларды қолданып, әлемнің 30 дамыған елдері қатарына кіруіміз қажет. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары жаңа технологиялар мен инновациялардың енгізілуін бақылап отырулары тиіс. Ғылыми мекемелермен және ғалымдармен неғұрлым тығыз жұмыс жасау керек. Сонда ғана бәсекеге қабілетті өнім шығаратын боламыз», — деп сөзін түйіндеді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button