Білім

Сабақтастықтың сайысы

«Осы жастар — тіліміздің тірегі, осы жастар — ел деп соғар жүрегі». Мемлекеттік тілге қатысты өткізілген  бұл сайыстың осындай атауы, бәлкім, ерекше елең еткізбейтін де шығар. Бірақ бұл доданың басқа сайыстардан бірнеше өзгешелігі

болды.

Ең басты өзгешелігі мынау. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшылығы өзге ұлт өкілдері үшін үш жылдық оқу бағдарламасын түзген болатын. Мысалы, өткен жылы Тілдер мерекесі күніне орай үш жылдық бағдарламаны аяқтаған 120 тыңдаушыға курсты аяқтағанын растайтын куәлік табыс етілді. Ал бұл сайысқа қатысушылар қазір сол бағдарлама бойынша оқып жатқандар. Яғни, әйтеуір, қазақ тіліне икемі барлар емес, мемлекеттік тілді сауатты талаптарға сай арнайы оқулықтар мен жоғары білімді ұстаздар арқылы меңгеріп жатқан тыңдаушылар.

Сайысқа зауыттың мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің оқытушысы Нұргүл Әбдіғалиеваның жетекшілігімен 22 мен 30 жас аралығындағы мемлекеттік тілді оқып үйреніп жүрген 14 тыңдаушыдан тұратын екі команда қатысты. Осы «Атамекен» және «Жас дәурен» командаларына қойылған талап — қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыда таза сөйлеу, тілді меңгеру деңгейін көрсету, тіл байлығы мен мәдениетіне, мақамына назар аудару, көркем шығарманы оқу шеберлігі, т.б.

Сондай мақсатпен ұйымдастырылған, алты тапсырмадан тұратын сайыстың әр бөлімі тыңдаушылардың қазіргі талапқа қандай дәрежеде ықыласты екенін анықтап бергендей болды. Мысалы, «Жас дәурен» командасының мүшелері — жобалау-құрастыру бөлімінің инженер-құрастырушысы Людмила Гнусина мен өндірістік автоматтандыру және байланыс цехының инженер-бағдарламашысы Ерлан Назаров әйтпесе «Атамекен» командасындағы химиялық сараптау зертханасының бірінші дәрежелі инженер-химигі Ирина Журба мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің инженері Юлия Волкованың мемлекеттік тілде өздерін таныстыру рәсімі, тілдің бояуы мен мәдениетін айшықтап пайдалануы көрермендердің ықыласына бөленді.

Ал қазақтың белгілі ақын-жазушыларының туған жер, бейбітшілік пен достық туралы шығармаларынан үзінді оқуда «Жас дәурен» тобындағы қойма шаруашылығының қоймашысы Юлия Майсак пен «Атамекен» өкілі химиялық талдау зертханашысы Надежде Суслякова ерекше көзге түсті.

Атауларға қатысты сұрақтарға бір минут ішінде тез жауап табуға қатысты «Бәйге» деп аталған бөлімде «Атамекен» тобы шапшаңдық пен шалымдылық танытты. Осы «Атамекен» тобы 7 санына байланысты сөз тіркестерін атау және толық сипат беруде де алға шықты. Ал капитандар арасындағы сайыста — Абайдың «Өлең — сөздің патшасы…» өлеңін кезекпе-кезек жалғастырып оқуда «Жас дәурен» озды.

Біз сайыс барысында зауыттың әлеуметтік мәселелер және көлік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жамансары Мақашевпен тілдескен едік.

—Бұл сайыс — сабақтастықтың бір мысалы. Себебі, біздің зауытта мемлекеттік тіл нақты жоспарлар арқылы жүзеге асырылады. Айталық, өткен оқу жылында 264 жетекші және инженер-техникалық қызметкерлер, № 1-15, 17-25 топтар үш жылдық бағдарламаны жетілдіруші, № 11,16 топтар жалғастырушы, № 27 топ бастауыш деңгейінде аяқтады. Ал үш жылдық бағдарламаны аяқтаған 120 тыңдаушығы курсты аяқтағанын растайтын куәліктер беріліп, ең үздік 10 тыңдаушыға Алғыс хаттар мен ақшалай сыйақылар табысталды. Өз арамызда бүгінгідей сайыстар бұрын да өткізіліп жүр. Мысалы, бұдан бұрынғы сайысымыз «Туған жер — түпқазығым, қазақ тілі — рухани байлығым» деп аталған болатын. Біздің тыңдаушыларымыз мемлекеттік тілге қатысты шаралардан тыс қалып көрген емес. Облыстық деңгейде өткен «Үздік мекеме, кәсіпорын», «Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ», «Үздік тіл кабинеті» тәрізді сайыстарда жүлделерге ие болдық. Жалпы, біздің зауытта мемлекеттік тілге қатысты шаруалар терең тарқатып айтуға лайық ұзақ әңгіме.

Ал бүгінгі сайыс — сол бітіп жатқан шаруалардың бір аялдамасы ғана. Бүгін залға жиналғандар зауытта қазақ тіліне қатысты міндеттер қалай атқарылып жатқанына тағы бір рет куә болды деп ойлаймын. Бұл, әрине, жалғасын таба беретін қадам.

…Ал бірін-бірі жебелеп отырған екі топ та сайысқа асқан жауапкершілікпен келгені анық байқалды, сахнаға екі команда да өздері таңдаған екі бөлек бір үлгідегі киіммен шығуының өзі бірден-ақ көрермендердің көңілін жібітіп сала берді. Қазылар алқасын басқарған ақын Ертай Ашықбаев сайыскерлердің өлең-жырларды өте сәтті таңдап алғанын, түрлі атауларға қатысты сауалдар мен жауаптар таза қазақы тіршілік танымдарын дөп басқанын, ең бастысы, әр тыңдаушының сахнада өзін ұстай білу мәдениеті мен біліктілігі жоғары болғанын атап өтті. Сондай-ақ ұжым мүшелерінің арасында өтетін мұндай жарыстар олардың сол іске жауапкершіліктерін өсіре түсетініне тоқталды. Расында да, қазылар алқасы мүшелерінің бірі — материалдық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Оксана Никифорова зауыттағы үш жылдық оқу бағдарламасын үздік бітіргендердің қатарында болған еді. Ал сайыскерлердің қазақ әндерін қай дәрежеде орындағанына ерекше зер салған Мәдениет үйінің әдіскері Айнұр Қыстаубаева шебер өнерде шекара болмайтынын, бұл осы сайыста да байқалғанын баян етті.

Сонымен, әр сайыскерді ғана емес, әр көрерменді ынтықтырған мәре қорытындысы да жарияланды. 75 ұпай жинаған «Атамекен» ілгері шықса, «Жас дәурен» 70 ұпай жинады. Бірақ, ең дұрысы, 14 сайыскердің ешқайсысы да жүлдесіз қалған жоқ. «Атамекен» мүшелерінің әрқайсысына 30 мың теңгеден сыйлық берілсе, «Жас дәурен» мүшелері 20 мың теңгелік жүлделерге ие болды. Барлық қатысушылар сонымен бірге зауыт директоры Мұрат Мұқашевтың Алғыс хатымен марапатталды.

Ал бұл сайыстың жай ғана шара емес, оқу бағдарламасының көрнекі сабақтарының бірі ретінде жарқырап көрінуіне зауыттың мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің сіңірген еңбегі зор болды.

Ұлтуар АСАНОВА,

«Казхром» ТҰК» АҚ филилалы-Ақтөбе ферроқорытпа зауытының баспасөз хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button