Жаңалықтар

Мұндай кең масштабтағы әңгіме соңғы 40 жылда бірінші рет айтылып отыр

Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалық етуімен мәжіліс өтті. Онда Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттердің облыста қалай жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде кеңінен әңгіме қозғалды.

Жолдауда айтылған жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту тапсырмасына сәйкес, Үкімет бес жылға арналған жеделдетілген индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын әзірлеген болатын. Қазір тұтас ел болып сол бағдарламаны жүзеге асыруға кірісіп кетті.

Ақтөбе облысы барлық сала бойынша қарқынды дамып келе жатыр. Республикалық «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша Ақтөбеде жүзеге асырылатын іс-шараларға кеңінен тоқталған облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалованың айтуынша, Қазақстанның индустрияландыру картасына Ақтөбе облысынан жалпы құны 6,7 миллиард болатын 28 жоба ұсынылған. Оның аясында облыстың макроэкономикалық дамуына ықпал етіп отырған Дөң кен байыту саласы бойынша бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылмақшы. Мәселен, «SBS Steel» ЖШС-ның бөлшектелген шойын шығаратын металлургиялық зауыты, «Ақтөбе мыс компаниясының» құрамында мыс және мырышы бар рудалар кен орындарын кешенді игеру секілді ірі жобалар бар. Тағы бір жоба — «Казхром ТҰК» АҚ-ның ферроқорыту зауытының №4 цехын іске қосудың нәтижесінде феррохром өндірісінің жылдық көлемі айтарлықтай көбейеді. Осындай ірі жобаларды іске асырудың нәтижесінде 2015 жылға қарай металл өнімдерін өндіру 5 есеге көбейіп, химия өнеркәсібі өнімі 5 есе артады.

Р.Кемалованың айтуынша, алдағы бес жылда, яғни 2015 жылға дейін облыста құны 5,3 миллиард доллар болатын 100-ден астам нысан тұрғызылмақ. Осы жылдың өзінде ғана құны 1,1 миллиард долларға тең 43 жаңа нысанды іске қосу жоспарда бар. Биыл 1 шілдеге дейін 10 нысан енгізілмек.

Құрылыс индустриясын дамыту бағытында да бірқатар шаралар іске асырылмақшы. Роза Кеңесқызының айтуынша, қазір өзге елден әкелініп жатқан құрылыс материалдарын  өзімізден шығаруға мол мүмкіндік бар. Сондықтан экономиканың өңдеуші секторын дамытуды жүзеге асыруға да үлкен назар аудару керек.

— Барлық жасалып жатқан жұмыстардың өзегі — кәсіпкерлік  саласы. Тәуекелге бел буатын да, жаңа нарықты игеріп, инновациялық технологияны енгізетін де осы сала болмақ. Ал біздің роліміз —  экономиканың басым бағыттарындағы бизнесті дамыту механизмдерін қалыптастыру. Мәселен, қазір республикалық деңгейде «Инвестор-2020», «Өнімділік — 2020» және «Экспорт-2020» жобаларын жүзеге асыру жөнінде нақты шаралар алынды. Ал аймақтық деңгейде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қаржы бірнеше бағытта жұмсалатын болады, — дейді Р.Кемалова.

Елбасы Жолдауында Үкіметтің алдына қойған нақты тапсырмалардың бірі —  тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясатты жүргізу. «Ақтөбе облысының инженерлік инфрақұрылымдық дамуы» жайында облыс әкімінің орынбасары Александр Дубовенко толық ақпарат  берді. Ақтөбе қаласы мен облыстағы 8 ауданның (Алға, Байғанин, Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Темір, Шалқар)  50 елді мекенінің 400 мың тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Қазір төрт ауданның  — Ойыл, Ырғыз, Қобда және Әйтеке би аудандарының ғана бірде-бір елді мекенінен газ тартылмаған. Биыл  19 елді мекенге газ жеткізіледі, бұл жұмыстар үшін республикалық бюджеттен 2,3 миллиард, жергілікті бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінбек. 2011 жылы Байғанин және Қобда аудандарының орталығына жүргізіліп жатқан газ құбырының құрылысы аяқталады. 2011-2015 жылдарда тағы 77 елді мекенге газ құбыры тартылады деп жоспарланып отыр.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 2002-2009 жылдар аралығында облыстағы 130 мың тұрғыны бар 71 елді мекенде ауыз су мәселесі шешілген. 2010 жылы осы бағыттағы жаңа 22 жоба жүзеге асырылмақ, ол үшін 2 миллиардтан астам қаржы бөлінбек. 2011-2015 жылдары құны 15 миллиард болатын 66 жоба жүзеге асырылады.

А.Дубовенко облыстағы автокөлік жолдарын дұрыстау бағытында жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды: «Қазір жолдың техникалық жағдайы 2005 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге жақсарды. 2010 жылы жалпы 380,2 шақырым автокөлік жолы жөнделеді. Оның ішінде 155 шақырым қалпына келтіріліп, 78 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді, ал 97,2 шақырымына орташа жөндеу, 50 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілмек және екі көпір күрделі жөндеуден өткізіледі».

Облыстағы индустрияландыру картасының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен мұқият танысқан облыс әкімі әр жұмыстың басында жүретін басқармалар мен департамент басшыларына, жауапты тұлғаларға жұмыстың сапалы және мерзімінде орындалуын қатаң міндеттеді:

— Қазір елімізде үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Облыс экономикасы қарқынды даму үстінде. Ақтөбе облысы барлық сала бойынша аймақтар арасында көшбасшы болып келе жатыр және бола береді де. Қазіргідей уақытты бізге Алланың өзі берді. Жеделдетілген индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасының аясында өте көп шаруа іске асырылуда. Ел экономикасын дамытуға қатысты дәл осындай соншалықты кең масштабтағы әңгіме соңғы 40 жылда бірінші рет айтылып отыр. Сондықтан еліміз үшін маңызды кезеңде қолымыздан келгенінің барлығын жасауымыз керек. Департаменттер мен басқармалардың басшыларына, жауапты адамдарға әрбір жұмыстың сапалы орындалуын, мерзімінде іске асырылуын қатаң қадағалауды тапсырамын. Ұйқы дегенді, демалыс күндері дегенді былай ысырып қойыңдар, — деді Е.Сағындықов.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button