Мәдениет

Жарты ғасыр қол ұстасып…

Мерейлі отбасы

Екі жақсы қосылса…

Ақтөбе — халқының саны жарты миллионға аяқ басқан үлкен қала болғанмен, көпшілікке есімі белгілі тұрғындары жайлы жақсылық хабарлар желдей есіп тез тарайды. Мәйтековтердің әулетінің «Алтын тойға» дайындалып жатқанын біз де естідік. Әрине, бүгінгі ұрпақ бұл отбасын, оның бала-шағасын бергі замандағы бизнес саласындағы табыстарымен байланысты біледі. Ал аға буын бұл әулет жайлы деректерді тым әрегіректен қозғар еді. Тағдыр талайымен отызыншы жылдардың ішінде Доңызтау өңірінен келіп, қалалық болған ағайынды үш жігіт — Шәмшек, Сәдуақас, Жәмек есімді Мәйтек балаларының, арада жылдар өткенде, атын шығарған да, бүгінгі осы отбасының басшысы Аманкелді Шәмшекұлы Мәйтеков еді.

… Оның кіндік қаны Ақтөбе шаһарында тамды. Іле соғыс басталды. Соғысқа аттанған әке елге жаралы болып оралып, соның зардабынан  көп ұзамай көз жұмды. Анасы Айдылы әмеңгерлік жолмен қайнысы Жәмекке қосылды. Сөйтіп, бала Аманкелді ағасын «әке» деп өсті. Үш ағайынды жігіттің кенжесі Сәдуақастың да ғұмыры қысқа болды.

Кіндіктен жалғыз боп туып, одан кейін де соңынан қараң-құраң ілесе қоймаған ұл жалғыздықты ерте сезінді.  Өз бетімен тиын-тебен табу жағын  ойлады. Бұған қаланың Орталық базарының тура жанындағы үйде тұрғаны да себеп болған сияқты. Шарбақ шаруашылығына мығым әкесі Жәмекпен барып, базардан мал сатып алып, аулада бағып семіртіп, сатып, азын-аулақ табыс табатын. «Бай болайын деген жігіт айырбасшыл келеді, адам болайын деген жігіт қарындасшыл келеді» деп халқымыз бекер айтпаған ғой, сол кездерде-ақ қаршадай баланың бойында ертеңгі бизнеске апаратын жолдың негізі қаланып жатқан-ды. Оған керекті — еті тірілік, мақсаткерлік, нантапқыштық, еңбекқорлық бойында ерте қалыптасып еді.

Аманкелді осылай, мектептегі оқуымен бірге, үйдің шаруасын да қамдай жүріп, қаладағы қазіргі Ғұбайдолла Ақтаев атындағы №6 орта мектепті бітірді. 1961 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру факультетіне оқуға түсті. Мәйтек балаларына палуандық, әншілік, серіліктің жат емесін білетін әке-шеше, жастық дәуреннің дүрмегіне қосылып бұзақылық жасар деп, қауіп етіп, жалғыз ұлды жатаханаға жатқызбай, таныс үйге орналастырды.

Болашақ жары Бақтылымен, құда бала, құдаша болып жүріп, 1963 жылы осы үйде танысты. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқыды. Оның да атажұрты, өзі сияқты,  Байғанин ауданының Доңызтау өңірінен екен. Аталарын бай, болыс болған деп Кеңес өкіметі қудалап, шарасыздан Қарақалпақстанға қоныс аударған. Кейін осы тұқымнан Нұрдәулет Күзембаев сынды мемлекет және қоғам қайраткері шыққан. Бақтылы Керейқызы осындай текті жердің қызы еді. Таныстықтан соң арада үш жыл өткенде, дәм-тұздары жарасып қосылды.

Қосылды дегенде, тек ресми ғана еді. «Ақырын жүріп, анық басатын» дағдысымен,  Әбекең бойжеткенді «Қарақалпақстандағы әке-шеше алдынан кейін өтерміз» деп, азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесінен өткізіп қойған-ды. Бұлай жасауының тағы бір себебі, ол кезде оқуды бітірген маман қазіргідей дипломын алып, өз бетінше, қалаған жағына жүре бере алмайтын. Қайда баратыны белгілі болып, жолдама тапсырылғаннан соң ғана, диплом қолына тиетін. Сол себептен өзінен бір жыл кейін,1967 жылы оқуын бітірген Бақтылының неке құжаттарын реттеп, Ақтөбеге жұмысқа жолдама алу сынды жұмыстарын бірыңғайлады.

Содан соң ғана Нөкіс қаласына қалыңдығына құда түсу шаруасына кірісті. Ол үшін жанына досы Ұзақберген Бекмағамбетовті ертті. Марқұм ол да тұстастарынан ертерек есейген, пысық жігіт еді. Ташкент қаласында жоғары оқу орнын бітірген.

Арада тура елу жыл өткенде осы құдалықтың әлқиссасын Бақтылы былай сипаттайды.

— Мен үйдегі баланың қыздан үлкені едім. Алдымда жалғыз ағайым болатын, Тұрар Кереев, қазір 74 жаста, ұзақ жылдар ішкі істер министрлігінде лауазымды қызметтерде болды. Қазір Алматыда. Жалпы менің туыстарымның барлығы осы қалада тұрады. Мен 1945 жылы 5 наурыз күні дүниеге келіппін. Соғыс тынып, ел-жұрт бақытты ғұмыр сүрер ме екен деп ырымдап,  есімімді Бақтылы қойған. Қырқымнан шығарғасын, көп кешікпей соғыс басылған. Ал бұл кісі (ерін айтады, қанша әңгімелескенде күйеуінің есімін бір атамады) 1941 жылы туғанда қырық күннен кейін соғыс басталған. Соғысқа аттанған азаматтар аман-есен оралсын деп қойса керек есімін.

Әкем менің тұрмысқа шығатынымды естігенде жылады. Басқа жаққа жіберуге ол уақытта қорқады. Тіпті біздің жақта айттырып қоятын да әдеттер бар еді. Тыңдамай некеге отырып қойғасын, мына екі жігіт келгесін, Ақтөбеден телефон соғып, жұмысқа шақыру жиілегесін, әкем жіберді. Әкем жылап тұрып: «Әтеңе нәлеттің баласы деген сөзді естірпе! Енді қайтып бұл үйдің босағасын аттаушы болма! Барған жеріңе тастай батып, судай сің! Шашыңды қима!» деп бата берді. Осы сөздері есімде қалыпты.

Әкенің сол сөздерін ұстадық. Қандай қиындық болса да, бәріне төздік. Бұл жаққа келгенде  дым жоқ — таныс-туыс, төркін жоқ. Ата, екі ене бақтық. Қиындықты көп көрдік. Бірақ төздік. Жақсы, шүкірміз ғой. Көпшілік батаны, алғысты көп алған адам екенсіз дейді маған. Алланың бергеніне, өзімнің өміріме ризамын. Немере сүйіп, шөбере көріп отырмыз. Бақытты ана, әжемін дегендей. Бір қатты сөз естіп көрмеппін. Күйеуің жақсы болғасын, қиындықтың бәріне де  көнесің ғой. Отыз жыл енеммен тұрып, елу жыл еріммен отасып, міне, алтын тойға да жетіп жатырмыз…

Бақтылының сөзін тыңдап тұрып, ата мен ене бақпас түгілі, ерінің тіктеп айтқан бір ауыз сөзіне бола, жүгін жинап төркініне тайып тұратын бүгінгінің  келіндерін есімізге алдық. Күйеулеріне риза, тіпті оны мақтайтын бәйбішелердің әңгімелерін естімегенімізге де көп болған екен…

Мәйтековтер әулеті: кеше

1967 жылы жас келін боп жайлы жерге күрп ете түспегенін Бақтылының әңгімесінен молынан аңғаруға болады. Ол кезде базарға жақын Интернациональная көшесіндегі Мәйтековтердің  әулетін көп адам біле де бермейтін. Аманкелді келіншек алып үйге оралғанда, мұндағы анасы екеу болған. Өйткені ол оқуға кеткенде, анасы өзі бала көтермегендіктен, қайнысына сен бала сүюің керек деп екінші әйел алып берген-ді. Жас келін барлығы бірге тұрып жатқан осындай ортаға келіп түсіп, сегіз жыл бірге тұрады.

— Екінші алған қосағынан атамыз екі қызды болды. Оның біреуі  қайтыс болды, біреуі тірі. Екінші енеміз сол үйде қазір де тұрады. 80 жаста. Ал өз енеммен өмір бақи бірге тұрдық. Осы жылдарда екі ұл, екі қызды болдық. Сол балаларды өсіруге жәрдем берді. 1994 жылы дүниеден өтті, — дейді Бақтылы.

Төрлерінде суреті ілулі тұрған Жәмшек атаның тегін кісі болмағанын да келіні айтты бізге. Қаладағы үйде тұрса да, өмір бойы жер шұқып, мал бағуды кәсіп еткен, осы бір еңбекқор адам қартайып, жасы ұлғайғанда, ажалға қасқайып қарсы қарап, күтіп алған.  Ешкімге білдірмей, ол кезде біреу біліп, біреу білмейтін Есет батырдың қасынан өзінің үйін салып, «1989 жылы өмірден өтті» деп басына құлпытасын орнатып қойған. Кейін осыдан екі жыл өткенде, 1991 жылы дүние салады. Сүйегін өзі тірісінде белгілеп қойған орынға, Мағажан елді мекені арқылы айналып барып қояды. Себебі ол кезде қазіргідей тіке жол болмайды. Бір жылдан соң ғана Есет батырдың басына кесене тұрғызылып, тіке жол тартылып, өзен үстіне көпір салынады.

Бүгінде Жәмшек атаның басында екі құлпытас: өзі орнатқан қарапайым тас және баласы Аманкелді қойған қара мәрмәр ескерткіш тұр. «Енем де 1994 жылы осы қорымға жерленді. Басында орамалы желбіреген суреті бар. Көпшіл, үйімізден қонақ арылмайтын жақсы адам еді» деп еске алады келіні енесін.

Осындай отбасында тәрбиеленген Аманкелді мен Бақтылының «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қағидадан ауытқымасы белгілі еді.

Оның үстіне Алматыдан оқу бітіріп келген сәтте-ақ Аманкелдінің жолы болды. Облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігіне қызметке орналасып, көп ұзамай жабдықтау бөлімін басқарды. Ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерді, минералдық тыңайтқыштарды және басқа да материалдық-техникалық жабдықтары сату, ұжымшарлар мен кеңшарларда ауыл шаруашылығы техникаларының шеберханаларын ұйымдастыру, техникаларды пайдалану қызметтері жүктелген бұл мекеменің жұмысы оның табиғатына келетін еді. Қала мен дала мінезін бойына бірдей дарытып өскен жас маман жаңа ортада еркін қимылдап, қабілет-қарымын тез көрсетті. Қызмет баспалдағында ұдайы өрлеп, бірлестің басшылығын қолға алды. Ол жылдарда бірыңғай дерлік орыс азаматтары қызмет істейтін, бұл облыстық мекемеде Аманкелді Мәйтеков есімі дараланып, оқшау естілетін. Сондықтан да атын естіп, өзін көрмеген бұл басшыны алыс аудандарда тұратын азаматтар үлкен кісі шығар деп ойлаушы еді. Бақса, сонда ол 22-23 жастағы жігіт екен.  Осы жылдарға ойша саяхат жасап жары:

— Бұл кісі өмір бақи жұрттың жоғын іздеп, іссапарда жүрді. Айлап кетіп, үйде аз болады. Балаларының қай класта оқитынын да білген жоқ. Сондықтан мен өмірімді балаларға, отбасы тірлігіне арнадым. Лауазым қуғаным жоқ. Мамандығым бойынша облыстық орталық кітапханада әдіскер, облыстық балалар кітапханасында аға редактор болып жұмыс істедім. Кезінде қалалық кітапхананың басшылығына, орта оқу орындарына ұстаздыққа шақырулар болды. Олардан өзім бас тарттым.  Мәдениет саласының еңбек ардагері медалінің иегерімін. 4 баламен 51 жасымда зейнеткерлікке шығып кеттім, —дейді өткен өмірлерін еске алып.

Мәйтековтер әулеті: бүгін

Бақтылының ерте зейнеткерлікке шығып, үйде отыруының өзіндік себебі болып шықты. Осы тұста үлкен ұлы Зейнұр үйленіп, келіні Гүлбақыт тұңғышын дүниеге әкеліп, сол немересін сегіз айлығында қолына алып бағады. Қазір осы өзі аяқтандырып, өсірген немересі Мағжан Американың Бостон қаласынан университет бітіріп, Нью-Йорк қаласында жұмыс істеп жатқанын, одан кейінгі қызының Англияда университетте оқитынын айтады. Енді сол балаларды шетелде үйленіп кете ме, қалып қоя ма деп, алаңдап  уайымдайтынын да жасырмайды.

— Бизнеспен шұғылданатын балалар сырт жерлерде жұмыс істейді. Немерелер шетелдерде оқиды. Кіші ұлымыз Қайраттың өзінде бес бала бар. Құдайға шүкір, ұл-қыздан 14 немере сүйіп отырмыз. Шөбере көрдік. Амандық болса, жақында екінші шөбереден дәмеліміз, — дейді бақытты әже.

Баспасөзден оқығаным бар еді. Америкалық атақты кәсіпкер Рокфеллерді журналист кеңсесіне іздеп барады. Есік алдындағы қарауылдан сұраса, «Жаңа ғана алдыңыздан өтті» депті. Бұл оны көрген екен. Бірақ жұпыны, көнетоздау сулық киген кісіні елемей, жанынан өте шыққан…

Сол сияқты Әбекең де зауыт шарбағында, өндіріс маңында, тіпті кейде жұмыс қамымен көшеде жүрген кездерде баяғы мақта күрте (фуфайка) мен керзі етікті шаруаға ыңғайлы көріп, киіп жүретіні бар. «Бай болсаң, бәсең бол!» деген осы. Және бұл оның жай қарапайымдылығы, ұстанымы емес, жаратылысы, табиғаты. Әкенің осы қасиеттері балаларына да дарыған.

— Әкесінің қаны бар ғой, балалар бизнеске ерте араласты. Үлкен ұл да, кіші ұл да институтта оқып жүргенде іскерлік байланыстарға белсене кірісті. Қашанда басшылары, ақылшылары — әкелері. Бұл кісі үйде отыра алмайды. Демалыс күндері де барады жұмысқа. Баяғыдан солай. Ақтөбенің адамдары түгел таниды. Таза еңбектің адамы, — деп бір қайырды әңгімесін Бақтылы.

Расында да, Әбекеңнің зор еңбектің иесі екеніне еш пенденің күмәні болмаса керек. Анау алпысыншы жылдардан бермен қарай қанша еңбек жасады. Сол жылдарда «Техника саласындағы одақтың үздігі» төсбелгісін республикада санаулы адамдардың қатарында омырауына тақты.  Алдыңғы жылы «Құрмет белгісі»  орденін алды. Тәуелсіздік жылдарында алған медальдары да сол еңбектің жемісі.

Бір қызығы, Аманкелді өзін көрсетуге келгенде сөзге тым сараң. Қуанышы да, реніші де ішінде. Әрине, кейіпкеріміз біз сипаттағандай үнемі өрлей бермеген. Бизнестің жолы тақтайдай тегіс болмаған шағын да көрген. Сөйтіп, қиянатқа қиналған, тіпті бірсыпыра уақыт сырқаттанып та жүрген. Ақыры соның бәрін жеңген. Көп жағдайда еш жақтан қолдау, жәрдем дәметпей, тек бөгет жасамаса екен деп отыратын сияқты.

Әке де, ана да балаларына риза. Олардың жоғары оқу орындарын қызыл дипломмен бітіргенін, енді немерелерінің шетелде осы үрдісті жалғастырып жүргенін мақтаныш етеді. Зейнұр мен Қайрат  халықаралық бизнес жолында. Үлкен қызы Лаура өз алдына бизнес ашып кетті. Жадыра да білікті кәсіпкер.

Балалары жақсы адамдар жасара беретін сияқты. Аманкелді мен Бақтылы да қарттықты әзір сезініп отырған жоқ. Әбекең әлі де жұмыс істеп жүр, шаруашылығы да бар. Бақтылы қайырымдылық шараларымен айналысады.

Қайырымдылық шарасын айтқанда, Мәйтековтер әулетінің тапқан табыстарын әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік ортақ шараларға бөлісумен келе жатқанын алға тартпасқа болмайды. Әр жылдардағы демеушіліктерін санамаламай, тек осы соңғы кездегі бірер мысалын келтірсек те жеткілікті болар деп ойлаймыз. Аманкелді Шәмшекұлының кенжесі — Қайрат Мәйтеков биыл «Туған жерге тағзым» акциясына қатысып, Ақтөбе қаласындағы өзі оқыған №3 мектепті жөндеу, абаттандыру жұмыстарына 150 миллион, «Жұбановтар үйі» құрылысына 300 миллион теңге бөлді.  1994 жылдан мүгедектерге қайырымдылық шараларын өткізіп келе жатқан аналары осы жылы 100 мүгедекке 10 мың теңгеден 1 миллион қаржы таратты.

Бұл біздің ресми деректерден білгеніміз ғана, ал нақты атқарылған қайырымдылық шаралары мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Мәйтековтер — бергенін айта бермейтін отбасыдан.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button