Жаңалықтар

Қаланы қардан тазартуға техника жетеді

Екі күннен бері Ақтөбеде толассыз қар жауып тұр. Содан бері қаладағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері мен қар тазарту жұмыстарымен айналысатын мекемелерде тыным жоқ. Мамандардың айтуынша, тек қана қала жолдарындағы қардың қалыңдығының өзі 20 сантиметрге жеткен. Қазірде көшелерді аршу үшін 50-ден аса техника жұмылдырылған. Мұзды жібіту үшін кеше түнде 30 тоннадан астам қоспа себіліпті. Жалпы жыл басталғалы бері қаладан 150 мың тонна қар шығарылған екен.

Біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бөлім бастығы Бекболат Нұрашевпен қала жолдарын қардан тазарту жұмыстары жөнінде сөйлескен едік.

Биылдыққа бірінші рет қар қалың жауды. Толассыз жауғаны соншалық, кейбір көшелерді қайтадан тазартып жатырмыз.

Біз жұмыстың көбін түнде жасаймыз. Себебі, күндіз көлік көп жүреді. Кеше күндіз қар тіпті көп жауды. Содан, әсіресе, үлкен көшелерде көліктердің жүруі қиындап кетті. Сондықтан жұмыс тобын күндіз де шығаруға тура келді. Көлік қозғалысын реттеу үшін МАИ қызметкерлерін де шақырдық.

Кеше жұмысшы топ түнгі 22.00-ге дейін қар шығарды. Түнде қар шығару қиын. Сондықтан тиісті мекемелер қарды негізінен күндіз шығарып, түнде жолдарды тазартады. Кейде таңғы 8-ге дейін қар аршуға тура келеді. Бүгін таңғы 6-ға дейін қар жауды. Әдетте ең басты екі даңғылды (Әбілқайыр хан мен Молдағұлова) тазартуды  таңға қалдырамыз. Сағат 7-ге дейін жұмысты бітіру үшін 4.30-да аталған көшелерді аршуға кірісеміз.

Қазір біз негізгі емес көшелердің де қарын тазартып, көліктердің жүруіне қолайлы жағдай жасадық. Дегенмен, бүгін түнде тағы да қар аршимыз. Қар бүгін толастағанның  өзінде бізге 1-2 аптаға жетерлік жұмыс бар.

Дәл қазір жұмыс тобы Әбілқайыр хан және Ә.Молдағұлова даңғылдарының қарын шығарып жатыр. Жыл басынан бері 150 мың тонна қар шығарылды, — дейді Бекболат Нұрашев.

Ол кеше түнде қала көшелерін тазарту үшін 50-ден аса техника жұмылдырылғандығын айтады. Сонымен қатар мұзды жібіту үшін 30 тоннадан көп тұз бен құм аралас қоспа себіліпті.

Қар бұдан да көп жауса, аяз күшейсе, қоспаны 2-3 есе көп себетін боламыз. Қар аршитын да, таситын да техника жеткілікті. Мұзды ерітетін қоспаның да қоры мол.

Синоптиктердің айтуынша, қар әлі екі күн бойы жауады екен, — дейді бөлім бастығы.

Б.Нұрашев жұмысқа кедергі келтіретін жағдайлар туралы былай дейді:

Күндіз жол тазарту түгілі, жиналған қарды тиеу айтарлықтай қиыншылық әкеледі. Жүргізушілер көліктерін жолдың жиегіне қойып кетеді. Ал бұл — жұмыс істеуге кедергі. Қашан иелері келгенше, күтіп тұрудан басқа амал жоқ.

Біз бұл жағдай жөнінде МАИ қызметкерлеріне хат жолдадық. Жергілікті телеарналар арқылы да тұрғындарға хабарладық. Дегенмен, әлі ретке келген жоқ.

Қаланың ескі бөлігіндегі кейбір тұрғындар лас суды көшеге төгеді. Бұл көліктің жүруіне айтарлықтай қиындық келтіреді.

Жалпы, қала бойынша қар аршу жұмыстарымен 7 мекеме  айналысады екен. Олар өздеріне белгіленген учаскелерде жұмыс жасайды.

Кейбір көшелерде көліктердің қатарласып жүруі мүмкін болмай жатыр. Мысалы, Маресьев көшесінің бас жағы мен Уәлиханов, Әйтеке би, Жанқожа батыр көшелерінде көлік қозғалысы қиын. Бұл бағыттарға да қазір жұмыс тобы жұмылдырылды.

Кеше түстен кейін бірнеше ауылдың жолын қар басып қалған. Мысалы, Россовхоз — Ақтөбе бағытындағы жол тазартылғаннан кейін 30 минуттан соң қар қайта басып тастаған. Пригородный-1, Пригородный-2 ауылдарында да көлік қатынасы қиын болды. Ақшат ауылына қатынау да мүмкін болмапты. Соның салдарынан мектеп автобусы жолда тоқтап қалыпты. Сонымен қатар, Благодарный селолық округінің әкімі кеше кешкілік Қызылжар,  Астана ауылдарына мектеп автобусы жүре алмай қалғандығын айтты. Соған байланысты ауылға жақын жердегі мердігер мекемеге таңертең ертерек қар аршу туралы тапсырма бердік.

Қазір қалаға қарасты елді мекендерге қар тазартатын көліктер бөлінді. Нәтижесінде, барлық жолдар ашық. Тұрғындар ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Жасыратыны жоқ, «Автопарк» ЖШС-нан да жолдарды қар басып жатқандығына байланысты шағым түседі. Себебі, басты көшелерден де басқа көшелер бар. Қарбалас сәтте оларды аршуға үлгере алмай жатамыз. Әлгінде айттым, бүгін қар таңға дейін жауды. Сағат түнгі 3-те көшелердің қарын тазартып болсақ, одан кейін тағы қар басып қалды. Жолдағы қар айтарлықтай қалың болмағанмен, көлік жүруіне қиындық келтіреді, — дейді Бекболат Нұрашев. Оның айтуынша, 2006 жылы қаладағы 235 көшенің (287 шақырым) техникалық төлқұжаты дайындалыпты. Бүгінде соның 105-і қардан тазартылады екен.

Қалған көшелерді тазартуға қаражат жетпейді. Ең алдымен біз қоғамдық көліктер жүретін көшелерді тазартамыз. Жыл сайын қар аршылатын көшелердің санын көбейтіп жатырмыз. Мысалы, биыл 5 көше қосылды. Болашақта қала көшелерінің 80 пайызын қамту жоспарда бар, — дейді Бекболат Нұрашев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button