Жаңалықтар

Жаңа жүйе қалай қалыптасуда?

Кеше «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы  облыстық филиалының ғимаратында дөңгелек үстел өтті. Ол 2010 жылдың 1 қаңтарынан елімізде енгізілген денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесін көпшілікке түсіндіруге және денсаулық сақтау мекемелеріндегі партиялық бақылау бекеттерінің қызметіне арналды.

Оның жұмысына облыстық партиялық бақылау комиссиясының, қалалық медициналық мекемелердің париялық бақылау бекеттерінің мүшелері,бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімені облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғалымжан Нұрышев қысқаша сөзбен ашты.Бұдан әрі өрістеген әңгімеге «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев, Ақтөбе облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметі комитетінің департамент директоры Арыстан Рахымжан, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр, медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті департаменті директоры Нұржан Шомбалов қатысты.

Облыстық партиялық бақылау комиссиясының мұндай мәжілістері бұған дейін де, Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау бағытында, партияның Халықтық тұғырнамасын жүзеге асыруға байланысты өткізіліп келгені белгілі. Ал бұл жолы ол партияның басым бағыттарының бірі халықты медициналық қамтуды жақсартуға арналды.

Бұл саладағы енгізіліп отырған жаңа жүйе әрбір азаматтың қала аумағындағы емханалар мен оларда жұмыс жасайтын дәрігерлерді өз бетімен еркін таңдауға құқық береді. Мұнан кейін, қажет болған жағдайда, дәрігердің жолдамасы бойынша қаралушы республика аумағындағы кең ауқымды ауруханалардың кез келгенінде ем алуға таңдау жасай алады. Кейінге қалдыруға болмайтын төтенше жағдайда, жедел жәрдем көрсету үшін кезекші ауруханаға сырқатты жатқызған кезде ғана бұлай жасауға болмайды.

Жаңа жүйенің көпшілік қауым түсінбей жатқан тұстары көп. Әсіресе, ол алғашқы сәттерде тіпті жиі ұшырасты. Денсаулық сақтау салалары мекемелерінің күш салуымен бұл жаңа жүйе қалада қалыптаса бастады. Бұған облыстық партиялық бақылау комиссиясының қызметі де мол септігін тигізді. Алғашқы айлардағы дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі жойылған. Әрбір емдеу орындарына тиісті қаржы жеткізілген.  Қаладағы медициналық мекемелердегі партиялық бақылау бекеттері  жұмыстарын ширата түсті.

Бүгінде қаланың 421 мың тұрғыны барын ескерсек, жаңа жүйеге көшу жеңіл шаруа емес. Тек алдын ала тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде бұл жұмыстар дұрыс бағытқа түсті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының әңгімесіне қарағанда, қазір облыста дәрігерлердің орташа айлығы 43 мың, медбикелердің орташа айлығы 35 мың, медсанитардың орташа айлығы 22 мың теңге құрайды. Жаңа жүйе енгізілгелі сырқатты жатқызып емдейтін ауруханалардың жұмсайтын қаржысы едәуір  азайған. Аурудың алдын алу шараларына көбірек назар аударылуда. Медициналық қызметтің сапасын арттыруға, ыңғайлылығын күшейтуге, емнің  қайтарымын нығайтуға бағытталған жұмыстар өрістеп отыр.

Денсаулық сақтаудың ұлттық бірыңғай жүйесін тиімді және кінәратсыз енгізуді, оған қадағалауды күшейтуді көздеп, осы бағытта облыста 25 партиялық бақылау бекеті құрылды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button