«Бізде Галибтің ерлігін қайталай алатын жастар бар»
Жуырда Ақтөбе қаласында бокстан 2003 жылғы әлем чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Галиб Жафаров жүлдесіне арналған халықаралық турнир өткенін оқырмандарымыз біледі. Төрт елдің жас боксшылары күш сынасып; қазақ боксы тарихының даңқты беттері боп табылатын Сидней Олимпиадасына еліміздің құрамасын әзірлеп апарған Тұрсынғали Еділов; сондай-ақ Нұржан Кәрімжанов, Руслан Мусинов, Азамат Бекетов сынды белгілі боксшылар қонақ боп қатысқан бұл шара — ақтөбелік спортсүйер қауым үшін үлкен оқиға болды. Осыған орай біз КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімбек БАЛМАҒАМБЕТОВКЕ бірнеше сұрақ қойған едік.
— Галиб Жафаров жүлдесіне халықаралық турнир өткізу туралы бастама қашан көтерілді? Ұйымдастырушылардың мақсаты жөнінде айтсаңыз…
— Есіңізде болар, өткен жылдың қазан айында Орал қаласында бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өткен еді. Сол жолы біз Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Асқарбек Ғазизовке Ақтөбеде жас боксшылар арасында халықаралық турнир өткізу жөнінде бастама айттық. Кейін бұл ойымызды Қазақстан Республикасы әуесқой бокс федерациясының басшылығы қолдады. Турнирді ұйымдастырып-өткізу жұмыстарын облыстық спорт және туризм басқармасы мен Ақтөбе облыстық әуесқой бокс федерциясы өз мойындарына алды. Ал бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат не деген сауалға бірінші айтарым — біз талантты жастарға барынша көңіл бөлуіміз керек. Биыл Қазақстан жастар құрамасын үлкен сындар күтіп тұр. Атап айтсақ, наурыз айының басында Тегеранда бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты, ал сәуір айында Бакуде әлем чемпионаты өтеді. Бұл жарыстарға Қазақстан құрамасы сапында ақтөбелік боксшылар де қатысады. Біз халықаралық деңгейдегі турнир өткізуді — өз боксшыларымызды сол сындарға әзірлеудің бір жолы, бір белесі ретінде қарастырдық. Екіншіден, Галиб — әлем чемпионы атанған боксшы. Ол — Ақтөбе бокс мектебінің түлегі, өз ортамыздан шыққан адам. Ақтөбелік жас боксшылар Галибке еліктеп, «әлемдік деңгейдегі жеңістерге біз де қол жеткізе аламыз» деген сеніммен, биікке ұмтылып өсулері тиіс.
— Турнирге қатысқан командалар арасында ресейліктердің ең әлсіз команда болуы қалай?
— Ресей жағы жастар арасында өз біріншіліктерін өткізіп жатыр. Соған байланысты бұл турнирге тек Орынбор, Самара секілді шекараға жақын қалалардан ғана жас боксшылар келді. Ал Қырғызстан мен Өзбекстан бірінші, екінші нөмірлі жастарын әкелді. Қазақстан тарапынан да бірінші, екінші нөмірлі жас боксшылар қатысты.
— Ақтөбелік боксшылардың өнері туралы не айтасыз?
— Шынымды айтсам, жастарымызға өте риза болдым. Жабылу салтанатында Галиб өзінің қолғабы мен чемпиондық жамылғысын 54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз Нұрбол Қалжановқа тапсырды. Мен Галибтің жеке бапкері ретінде Нұрболдың бапкері Ғалымжан Құрымбаевқа бата бердім. Яғни, Галибтің жолын берсін деп тілек білдірдік. Сондай-ақ 57 кг салмақ дәрежесіндегі Мақсат Жүнісов, әсіресе, ақтық сында өте жақсы өнер көрсетті. Оның бапкері — Нұркен Аманғалиев. Қазақстан жастар құрамасында жүрген Шахсыварлы Камран мен аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Артур Елубаевтың да аяқ алыстары қуантады. Бір сөзбен айтанда, бұл турнир бізде Галибтің табысын қайталай алатын жастардың бар екенін көрсетті. Олардың бойынан үлкен жігер, талант көрдік, ал қалғаны өз қолдарында — аянбай-талмай еңбектену, іздену, үлкен мақсаттарға ұмтыла білу… Енді аз уақыттан соң Нұрбол Тегеранға жастар арасында өтетін Азия чемпионатына аттанады. Ал Мақсат Жүнісов пен Шахсыварлы Камран Бакуда өтетін әлем чемпионатына әзірленіп жатыр. Оларға үлкен сәттіліктер тілейміз. Жалпы, қазақстандық жас боксшыларымыздың қай-қайсысына да сәттілік тілейміз. Қазақстанда бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы шықпағанына бірнеше жыл болды. Өткен жылғы Миландағы сәтсіздіктің бір ұшы осында жатқаны түсінікті болар. Ал енді біз ең алдымен осы жастарға барынша көңіл бөлер болсақ, дұрыстап баули, бағыттай білсек, аз жылдардан соң олардың арасынан әлем, Олимпиада чемпиондарын көретін күнге де жетеміз деп сенемін.
Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.