Басты бет » Білім » Білім сапасы — білікті маман кепілі

Білім сапасы — білікті маман кепілі

Биыл Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі өз тарихында бірінші рет оқу бітіретін түлектерді арнайы сапалық тестілеуден өткізді. Биыл түлектер қатарына қосылатын 36 түлек тестілеу нәтижесінде 3 жыл бойы алған білімін абыроймен дәлелдеп шықты.

Білім сапасын тексеруді ҚР Білім және ғылым министрлігі «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті көтерудің ғылыми әдістемелік орталығының» Ақтөбе облыстық филиалы өткізді.

«Сапаны тәуелсіз бағалау» орталығының директоры Балзипа Әбдірахманованың айтуынша,  бәсекелестікті дамыту арқылы әлемдік білім беру жүйесіне жету, қазақстандық білім беру сапасын сертификаттау арқылы тәуелсіз білім сапасын тексеру жұмыстары елімізде бес жылдан бері жүргізіліп келе жатыр. Орталық оқу тәжірибелік және теориялық білімді сертификаттау арқылы болашақ маманның қоғамдағы бәсекелестігін  анықтауға, жұмыс орнын табуға, өз біліміне сын көзбен қарап, өзіне қажетті деген оқу орнын лайықты таңдап алуына көмектеседі.

Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде тестілеу өткізу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшесі, «Темірбетон» зауытының бас инженері Есентемір Аманбаевтың айтуынша, қазіргі нағыз мықты мамандар ғана бәсекеге түсе алатын кезеңде білім беруді тексеріп отыру аса қажет-ақ. «Комиссия мүшесі ретінде байқағаным, бақылау мен білім алушылардың тест тапсыруы кезінде ешқандай тәртіп бұзушылық пен бөгде іс-әрекеттер болған жоқ. Білім алушыларға жабдықталған екі компьютерлік класс  толық мүмкіндікте даярланып, оқытушылар тобынан арнаулы кезекшілер жұмыс жасады», — деді ол.

Құрылыс-монтаж колледжі 2010 – 2011 оқу жылына  құрылыс мамандары мен басқа да салалар бойынша 14 мамандық ұсынып отыр. Қазір мұнда 700-ге жуық студент білім алып жатыр. Алдағы уақытта білімді де білікті кәсіби мамандар даярлайтын Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде білім сапасын бақылап отыруға жан-жақты қолайлы жағдайлар туғызыла бермек.

Бейсенбай БЕРДІҒОЖИН,

Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің

оқытушысы, сырттай бөлім әдіскері.