Білім

Мемлекеттік білім беру гранттары: конкурсқа өтініштер қабылдау басталды

Облыстық білім басқармасы хабарлағандай, 23-31 шілде аралығында жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау жүргізіледі.

Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысуға өтініш тапсырғанда, талапкер өзі таңдаған мамандық пен жоғары оқу орнын көрсетеді. Бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда, төрт мамандықты көрсете алады.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер — 23-31 шілде аралығында, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 10-17 тамыз аралығында қабылданады.

Конкурсқа қатысу үшін ұлттық жоғары оқу орындарына тестілеу нәтижелері бойынша кемінде — 65 балл, ал «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарының топтары бойынша кемінде — 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде — 50 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 65 балл болуы қажет. Ал шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға түсушілер үшін талаптар басқарақ болады.

Республикалық конкурстық комиссияның отырысы 1-10 тамыз аралығында, жергілікті атқарушы органдардың отырысы 17-25 тамыз аралығында өткізіледі. Яғни, талапкерлер конкурс қорытындысын осы мерзімнен кейін біле алады.

Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде: біріншіден, «Алтын белгімен» марапатталған адамдардың; екіншіден, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар талапкерлердің; үшіншіден, тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (өздерi таңдаған мамандықтар олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда) жүлдегерлерінің басым құқығы бар.

Сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеуден және кешенді тестілеуден өту балын жинай алмаған түлектер тамыз айында қайтадан ақылы негізде сынақ тапсыра алады.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Білім берудегі гранттарға қазақ және орыс топтарға бөлінетін орындар жалпы бітірушілердің этно-демографиялық пропорциямен бөлінуі тиіс. Бұл қабылданған өтініштердің үлесін қарау керек. ҰБТ тапсырғандардың үлесі қазақ тілінде 70-80 болды. Бұл принципті де сақтау керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button