Білім

Лайықты құрмет

Қазақстан Республикасы Үкіметінің  қаулысымен Ақтөбе қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектеп-гимназияға жақында Мария Құрманғалиеваның есімі берілді.

Мария Құрманғалиева 1934 жылы 14 наурызда Алға қаласында дүниеге келген. 1951 жылы Ойыл орта мектебін бітіріп, Ақтөбе қаласындағы Н.Байғанин атындағы мұғалімдер институтына түскен. Осы оқу орнын, сонымен қатар, А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын тәмамдаған. Ойыл, Алға орта мектептерінде мұғалім, Ақтөбедегі № 16 орта мектепте аға пионер-вожатый, директордың тәрбие істері жөніндегі орынбасары, № 21 қазақ орта мектебінің директоры, Ақтөбе педагогикалық училищесінің директоры, облыстық атқару комитетінің хатшысы, № 32 орта мектеп-гимназиясының директоры қызметтерін атқарған.

Қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүрген қайратты, жігерлі азамат ретіндегі Мария Ғизатқызының ерекше тұлғасы ұмытылмастай есте қалды. Ол облыстық және қалалық кеңестерге депутат болып сайланды. 1998 жылы облыс әкімдігі жанынан құрылған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның алғашқы төрайымы болды. Қазақстан Республикасы мұғалімдерінің V, VI съездеріне делегат болып қатысты.

Мария Құрманғалиева Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» және «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атақтарына ие болды, Ы.Алтынсарин атындағы, сондай-ақ «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Конституциясына — 10 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске — 60 жыл» медальдарымен марапатталды.

Гимназия — тәуелсіздік жеңісі. Жаңа типті оқу орнын ұлттық тәрбие нысанына айналдыру мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ғалымдарымен, оның ректоры профессор Мұхтар Арыновтан бастап, ғалым-ұстаздарды гимназияға шақырып ақылдасты, ой-пікір бөлісті, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың неғұрлым тиімді жолдарын білгісі келді, ізденді, талпынды, тер төкті.

Мария Құрманғалиева — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан алғыс алған қайраткер ұстаз еді.

Мария Ғизатқызының ұлтжандылығын айқындай түсетін бір дерек ойға оралады. Жетпісінші жылдардың бас кезінде Ақтөбе қаласының «Шанхай» аталып кеткен ауданында жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа ғимаратқа үш ауысымда оқып жүрген № 26 орыс мектебі орналасты. Одан босаған 540 орындық ғимаратқа (қазіргі № 34 мектеп) № 16 аралас мектептің қазақ кластарын әкелдік, сөйтіп, жаңа қазақ мектебі пайда болды. Ақтөбенің шағын аудандар орналасқан бөлігінде алғаш рет қазақ мектебі ашылып, оны № 21 орта мектеп атап, үлкен іс тындырғандай болған едік. Алайда бұл істі кейбіреулер ұнатпай, облыстық оқу бөлімі, оның басшылығы ұлтшылдық танытты, «интернационализм принципінен ауытқып», қазақтарды бөліп алды деген арыз түсірді. Арыз Мәскеуге жөнелтіліп, ол жақтан Алматыға жіберілген. Қазақ КСР Оқу министрлігі бұл арызға мән беріп, министрдің бірінші орынбасары А.Щербаков тексеру жүргізуге Ақтөбеге келді.

№16 қазақ-орыс мектебінің ата-аналары, оның ішінде Социалистік Еңбек Ері, металл қорытушы Қолғанат Тоқбаев, басқа да жұмысшылардың арызы да Мәскеуге жеткен. Олар ұлттық қазақ мектебінің ашылуын сұрады. Жұмысшылар үнін Мәскеуге жеткізушінің бірі — Мария Ғизатқызы еді. Мектеп директорлығына тағайындалған Мария Ғизатқызы облыстық оқу бөлімінің қазақ мектебін құру жөніндегі саясатын қорғауға, біріншіден, жұмысшыларды жұмылдырса, екіншіден, қазақ балаларының аралас мектепте оқып, тәрбиеленуінің ұлттық мүддеге нұқсан келетінін тиісті органдар алдында тайсалмастан дәлелдеп берді. Жаңа қазақ мектебінің тағдырына қатысты шешімді ҚКП Ақтөбе обкомның бірінші хатшысы В.Ливенцов пен тексеруге келген А.Щербаков шығаруы тиіс-тін. Бірақ әділ іске олар ұлтшылдық таңба таға алмады. Қазақ мектебі сақталып қалды. Сол заман үшін бұл үлкен жеңіс еді. Кейіннен Ақтөбе қаласында қазақ мектептері көптеп ашылды. Сол істің бастауында, міне, осы оқиға тұрғанын кейінгі ұрпақ біле жүрсін…

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Мария Ғизатқызы ұлттық халықтық педагогика негізінде «Шаңырақ» атты жаңа мектеп ашты. Бұл оның төртінші мектебі еді.

Ұстаз бүгінге ғана емес, болашаққа да қызмет етеді. Марияның ұстаздық еңбегі — ешқашан тот баспайтын асыл құндылық. Оның алдынан дәріс тыңдаған, тәрбие көрген, адами, ұлттық нұрынан нәр алған шәкірттері мыңдап саналады. Шәкірт жүрегіне өз жанының жылуын, жүрек нұрын төккен Мариядай ұстаздың есімі мәңгі ұмытылмақ емес.

Сондықтан Ақтөбе қаласының № 32 мектеп-гимназиясына Мария Құрманғалиеваның есімін беру туралы шешімді — тәрбиелік мәні зор шешім деп білеміз.

 

Ниетжан БЕРІКҰЛЫ,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button