Мәдениет

«Беу, қыздар-ай!»

Т.Ахтанов атындағы драма театрда Әйтеке би аудандық «Целинник» Мәдениет үйінің «Замандас» халықтық жастар театры аудан күндерінде Ақтөбе қаласының тұрғындарының назарына Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай» комедиясын ұсынды.

Әр салада қызмет жасайтын көркемөнерпаздардың күшімен қойылған спектакльді көрермендер жылы қабылдады. «Замандас» театрының режиссері Шара Бекназарованың қойылымында рөлдерде көрінген жастар ауданның намысын қолдан бермеуге тырысып бақты. Кеңес заманында  Социалистік Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваға арнап жазылған «Беу, қыздар-ай» комедиясы сахнаға шыққалы жарты ғасырдан да асты, бірақ онда көтерілген мәселе әлі де актуальділігін жойған жоқ. Ауылда жұмыс күшінің жетіспеушілігі, жоғары білімді жас мамандардың аз келетіні, бойжеткен қыздардың өз теңін тауып қосылуы да мәселеге айналатыны  әзілмен, астар-тұспалмен жеткізілетін қойылым теледидар, радио арқылы елдің құлағында қалды. «Айдай сұлу Айсұлу Асанова, Ай астында сенен қыз асады ма?» деп сауыншы қыздың суретін газет бетінен көріп, сыртынан ғашық болып, Көк дала ауылына баратын ақын Әубәкірдің рөлін Жабасақ орта мектебінің мұғалімі Батырхан Тәженов, ғылымның соңында жүріп, үйленуді ойынан шығарып алған доцент Хасеновті аудандық әкімшілікте қызмет жасайтын Саламат Әбілев, суретші Сұлтанды Тереңсай ауылының өнерлі жігіті Ақансері Рақымбектер жанын салып ойнады. Осы бойдақтардың ауылға келуіне ықпал еткен Серкені аудандық білім бөлімінің қызметкері Бекболат Ермахановтың спектакльдің сәтті шығуына үлесі мол. Актерлік шеберліктері жетісіңкіремей жатқанына кешіріммен қарайсың.   Айсұлуды  «Қазтрансгазаймақ» мекемесінің қызметкері Гүлфат Сәрсенбаева, Жансұлуды «Саз» мектебінің мұғалімі Кәмшат Айтмағамбетова, Нұрсұлуды әкімдік қызметкері Әйгерім Смағұлова, Күнсұлуды Северный орта мектебінің мұғалімі Салтанат Оразғалиевалар ауылдың сауыншы  аруларын келістіріп сомдайды. Ауылдың тәртіп сақшысын кейіптеген Азамат Әбуов — Т.Жүргенов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы. Халық театрларының мүмкіндіктері аз болғанымен, жастардың өнерге деген  іңкәрлігі тәнті етеді.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button