Мәдениет

Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

Жуырда аудандық кітапханада аймақтың ардақтысы, баспасөз ардагері Жасар Қойшығұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өлеңің болды, тұмарым» атты естелік кітаптың таныстырылымы өтті.

Баспасөз үздігі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Жасар Қойшығұловты еске алған басқосуда публицистің артында қалған шығармашылық мұрасы жинақталған кітаптың тұсауы кесілді.

Тұсаукесерде Жасар Қойшығұлов туралы естеліктер айтылды. Кітапта Ж.Қойшығұловтың өмір деректері, баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары мен очерктері, сондай-ақ, әңгімелері мен өлең-арнаулары жарияланған.

Артында қалған тұяғы Халықберген Қойшығұлов әке шығармашылығын жинақтап, баспаға ұсынған. Дегенмен кітаптың жарық көруін асылдың тұяғы да көре алмай кетті.

Ата жолын, әке ізін жалғаған ұлдар Мақсат пен Ерген кітаптың тұсауын кесті. Әулеттің келіні Қанат Марқабайқызы жарының аяқсыз қалған ісін қолға алып, кітаптың оқырманның қолына тиюіне мұрындық болған. Сондай-ақ, рухани еңбектің жарық көруіне Ибраһим қажы Ермекбаев та бір кісідей атсалысты.

Кітап «Социалистік ауыл», «Жаңа өмір», «Ленин туы» деген атауларымен шығып тұрған аудан баспасөзінің тарихында аты қалған қаламы қарымды журналистің тындырған істері мен өз қолымен жазған мақалаларын оқимын, танысамын деген оқырман қауымға арналған.

Бақытгүл Жалғасбайқызы,

Байғанин ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button