Басты бет » Жаңалықтар » Үздік тауарлар көрмеге шығарылды

Үздік тауарлар көрмеге шығарылды

«Қазақстанның үздік тауары-2017» облыстық көрме-байқауы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бастаған кәсіпкерлер, сала мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жыл сайын өтетін дәстүрлі шараның мақсаты — жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, ел нарығын бәсекеге қабілетті тауармен толықтыруға жәрдемдесу. Оған облыстағы 36 кәсіпорын қатысты. Түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер өзара «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша өнімдері мен тауарларын ұсынған.

— Жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары» шарасының ашылуымен баршаңызды құттықтаймыз. Біз осы шара арқылы облыстағы ең үздік деген тауар өндірушіні анықтап, артынша оған республикалық деңгейдегі байқауға  қатысуға жолдама бергіміз келеді.  Бұл шара қатысушыларға жаңа серпін және күш-қайрат береді деп ойлаймыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Сондай-ақ, шара барысында әр тауар өндірушінің өнімдері таныстырылып, облыстық іскер әйелдер кеңесінің атынан әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына үлес қосып жүргендер марапатталды.

Айта кетейік, бұл — Елбасының Жарлығына сәйкес, республиканың әр өңірінде жыл сайын өтетін шара.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.