Спорт

Он екі жыл күткен қуаныш

Қазақстандық спортшылар соңғы екі қысқы Олимпиадада жүлдесіз қалған еді. Қысқы Олимпиададағы соңғы медальдарды 1998 жылы конькимен жүгіруші Людмила Прокашева және шаңғышы Владимир Смирнов әкелген болатын. Арада он екі жыл өткенде қазақстандық  биатлоншы Елена Хрусталева күміс медальға қол жеткізді

Елена Хрусталева Қазақстан үшін алғашқы медальды 19 ақпан күні он бес шақырымдық жеке жарыста төрт атыс шебінде жеңіп алды.  Хрусталева атыс шебінің төртеуінде де бірде-бір қателік жіберген жоқ, алайда уақыт жағынан арақашықтықты 40 минут 52,8 секундта жүріп өткен норвеждік Туре Бергерге жол берді.  Ал норвеждік биатлоншы атыс  шебінде бір рет қателік жіберген болатын.

Елена Хрусталева жеңімпазға 20,7 секунд есе жіберді. Қола медальды Белоруссиядан келген Дарья Домрачева иеленді.

29 жастағы Елена Хрусталева Ресейдің Красноярск өлкесінде туып-өскен. Осыдан он жыл бұрын Ресейдің бірінші құрамасына ену жолындағы қадамы сәтсіз аяқталған ол өз бағын басқа елдер құрамалары арқылы сынап көруді жөн санаған.  2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен Олимпиадаға ол Беларусь Республикасы атынан қатысты, бірақ жүлдеге қол жеткізе алмаған. Енді Ванкуверде бағы жанып, күміс медаль иемденіп отыр.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button