ЖаңалықтарМәдениет

Ақтөбелік өнерпаздардың шашуы

Өткен жұма күні Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған Астанадағы Ақтөбе күндерін мәдениет қызметкерлерінің «Арайлы рух — Астана» атты гала-концерті қорытындылады.

Астана қалалық әкімдігі ғимараты жанында орналаласқан алаңда өткен думанды кеште Мирас-Құралай Бекжановтар, Қанат-Светлана Айтбаевтар, Аллаберген Жақсыбаев, Есет Сәдуақасов, Асхат Тарғынов, Нұрболат Абдуллин, Жадыра Арыстанова, т.б. Ақтөбеден шыққан әншілер мен бишілер, сондай-ақ шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Екі сағатқа созылған мұндай концерт елорданың көпшілік жиналатын жерлерінде 5 күн бойы өткізілгенін айта кету керек.

— 26-30 маусым күндері аралығында Ақтөбенің күндеріне жергілікті ең үздік деген шығармашылық ұжымдар, яғни 600-ден астам өнерпаз атсалысты. Айталық, Ахтанов театры «Айман-Шолпан» спектаклін сахналаса, «Кемал» жастар театры мен «Самұрық» би ансамблі Ақтөбенің тарихы туралы сыр шертетін қойылымды ұсынды. Сонымен қатар, шараға «Алақай» қуыршақ театры, Ахмет Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Арайлы Ақтөбе» және «Достық сазы» ансамбльдері, «Фрески», «Назерке», «Әлия гүлі», «Арай» би ұжымдары белсенді қатысты. Этноауылдағы концерттерге ауданнан келген шығармашылық иелері де қолдау танытты.

Менің ойымша, бұл шара шығармашылық ұжымдағылардың деңгейінің одан сайын өсуіне, шығармашылық шабытқа кенелуіне септігін тигізеді. Олардың өздері осындай гастрольдік сапарға шыққанына, астаналықтардың алдында өнер көрсеткеніне ризашылығын білдіріп жатыр. Әрине, бұл өзгелермен тәжірибе алмасуға да таптырмайтын мүмкіндік.

Осындағы түрлі бағыттағы бірнеше көрмелер, ұлттық ойындардың көрсетілімі, шеберлік сағаттары келушілерге қызықты болды ғой деп ойлаймын.

Бұл ретте 1-10 шілде аралығында ақтөбелік 25 шебер Астанадағы этноауылда өздерінің жасаған бұйымдарын көрме-жәрмеңкеге қойып, шеберлік сағаттарын өткізеді деп жоспарланып отыр, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ашық аспан астында өткен ақысыз концертке келушілер аз болмады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Суретке түсірген автор.

Астана қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button