Құқық

Кеңес көп міндет жүгін көтереді

Жылдан жылға сот жұмысының сапасына, судьяларға қойылатын талап өсіп келеді. Бұл — қоғамның талабы, қалыпты қажеттілік. Ал, Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспары судьялыққа үміткерлерге қойылатын талапты заңдық тұрғыдан бекітіп берді. Бүгінде судья болу үшін тек заңгерлік білімнің болуы жеткіліксіз екенін үміткерлердің бәрі біледі. Әрі үміткерлерді таңдауда қоғамдык пікірдің де назарға алынатынын айта кеткеніміз жөн.

Республика судьяларының VII съезіне қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «…Сот жүйесі, құқық қорғау органдары түзелмей, біз ешуақытта реформаны орындадық деп айта алмаймыз. Сондықтан, бірінші күннен бастап сот жүйесінің жұмысына мемлекет, мен болып, арнайы көңіл бөліп келеміз. Бұл жол оңайға түспеді. Ширек ғасыр бұрын бізде нағыз құқықтық әрі шынайы сот жүйесі болған жоқ деп айтуға болады. Тәуелсіздіктің таңында бізге көп нәрсе жетіспеді. Сол кезде судьялық корпусты қайта оқыту, жаңа буынын тәрбиелеу, әкімшілік командалык стереотиптерді жою керек болды. Алдымызға қойған осы міндеттер бүгінгі күні табысты шешімін тапты», — дей келе, үшінші билікке жүктелген міндеттемелер өз деңгейінде орындалуы үшін судьяларды таңдауға, үміткерлерге қойылатын талапты қатаңдатуға тапсырма берген болатын. Бүгінде бұл жұмыс бір ізге түсірілді. Оның сапалы атқарылуына Жоғарғы Сот та мүдделілік танытып отыр.

Жоғарыда айтқан VII съезде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми сот жүйесін жетілдірудің негізгі басымдықтарының бірі ретінде кадрлармен қамтамасыз етуді атады. Бұл ретте ол сот корпусының кәсіби деңгейін арттыру үшін кадр іріктеудің мансаптық үлгісі енгізіліп, судьялыққа үміткерлер өтіліне қойылатын талап қатаңдатылып, жаңадан тағайындалған судьялар үшін сынақ мерзімі енгізілгенін ортаға салды. Психологиялық тестілеу ролі арттырылып, полиграф зерттеуі іске қосылғанын жеткізді. Сонымен қатар, іріктеудің барлық кезеңі барынша жария етіліп, бұл үрдіске қоғамдық кеңес кеңінен тартылғаны, жетекші қызметтерге үміткерлер іріктеудің конкурстық тәртібі енгізілгені баяндалды. Осыған орай, соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес сот жүйесінің сапалы кадрлармен қамтамасыз етілуіне лайықты үлес қосып келеді. Кеңес мүшелерінің арасында отставкадағы судьяның, еңбек ардагерінің, облыстық мүгедектер қоғамы төрағасының, БАҚ өкілдерінің болуы судьялыққа үміткерлерді байыпты таңдауға мүмкіндік береді. Бір қуанарлығы, заманауи технологияның жетістігі кеңес отырыстарының да оңтайлы, жылдам, сапалы ұйымдастырылуына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, бұрын осы отырыс үшін шалғайдағы аудандарда қызмет ететін үміткерлер ат сабылтып облыс орталығына келіп жататын. Ал, соттағы жаңа технологиялар, соның ішінде бейнеконференц жүйесінің ұтымды қолданылуы үміткерлермен бейнебайланыс арқылы сұхбаттасуға жол ашты. Бұл үміткерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол шығынын болдырмауға, уақытын үнемдеуге де жағдай туғызады.

Кеңес отырысында үміткерлер туралы қарапайым халықтың пікірін білу мақсатында бос орындар конкурсына қатысушылар тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатыны белгілі. Бұл қоғам мен сот арасындағы байланысты нығайтып, судьялардың халық алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін, сонымен қатар, жұртшылықтың үміткерлерге қатысты пікірін білу мақсатында енгізілген өзгеріс. Бүгінгі күні азаматтар судья таңдау кезінде өз пікірінің маңыздылығын түсіне бастаған. Бұл да қоғамның алға жылжып жатқанының бір дәлелі.

Судъя, сот төрағасы болудан үміткерлердің тек әдептілік нормалары ғана қаперге алынбайды. Сонымен катар, мұндай жоғары лауазымнан үміттілердің үстінен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің желісі бойынша тексерулер жүргізіліп, конкурсқа қатысушы кандидаттарға қатысты сыбайлас жемқорлық, қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы туралы мәлімет ақпарат ретінде сұратылады. Сондай-ақ, облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасынан конкурсқа қатысушы кандидаттардың әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікке тартылмағаны да есепке алынады. Осы сынның бәрінен сүрінбей өткендерге кеңес оң қорытынды беріп, жұмысына сәттілік тілесе, қызметінде кемшілік жіберген, қателікке жол берген үміткерлерге теріс қорытынды ұсынылып, өз олқылықтарын жөндеуге кеңес берілетінін айта кеткеніміз жөн.

Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің Елбасы тапсырғандай сот құрылымын білікті мамандармен камтуда еңбегі ерен. Әр сала өкілдерінен құралған бұл кеңестің тек талапқа сай жандарды іріктеудегі тәжірибесі нығайып келеді.

Былтырғы жылдан бастап, Ақтөбе облыстық сотының жанындағы соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес әрбір судьялыққа үміткерлердің, яғни судья болам деуші заңгерлердің осы жоғары лауазымға лайықтылығын қарауда бұрын-соңды болмаған жұмыстарды жоғары жауапкершілікпен атқаруда.

Бүгінгі күні аталған кеңестің құрамы жергілікті жұртшылық өкілдерінен құрылуы, оның ішінде мықты заңгерлермен, БАҚ өкілдерімен толықтырылуы және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ректорының мүше болып кіруі кеңестің мәртебесін және жауапкершілігін арттыратынына және сот жүйесінің сапалы кадрлармен қамтамасыз етілуіне өз үлестерін қосатынына сенімдіміз.

 

Скендір МҰРАТҚАНОВ,

облыстық сот жанындагы соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы, отставкадагы судья.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button